«ЖАС ТОЛҚЫН – 2023» МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

475 көрілім

Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын, әнші-сазгер Ақан серінің 180 жылдығына орай «Жас толқын – 2023» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері арасында дәстүрлі аймақтық байқауы болып өтті.

Байқау шымылдығы Түркістан қалалық мәдениет үйінің халық театры сахналаған «Ақан сері мен сұлу» қойылымымен ашылды.14 пен 21 жас аралығындағы 32 үміткер байқауға қатысуға өтініштерін білдіріп, оның 24 үміткері іріктеуден өтіп, бақтарын сынады. Сайыста әншілер жанды дауыста патриоттық және Түркістан туралы ән орындады. Ал, мәдени іс-шара жүргізушілері көркем шығармадан, драмадан үзінді, танымал ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, екінші кезеңде кез келген тақырыпта мәдени іс-шараны дайындап жүргізіп, өз біліктіліктерін көрсетті.

Өнерпаздарға Ахмет Ясауи университеті «Вокалдық өнер» мамандығының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова, Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актрисасы, ҚР «Серпер» жастар сыйлығының иегері Гүлзада Айтбаева, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «ұлттық шығармашылық және жанр жөніндегі» маманы, әнші Ахат Жеткербаев әділ бағасын беріп, төрелік етті.

Сонымен мәрелі сәт те келіп жетіп, қазылар алқасының шешімімен «Жас толқын – 2023» аймақтық эстрадалық әншілер байқауының бас жүлдесін Елнұр Өскенбек (Ордабасы ауданы) қанжығасына байлады. Түркістандық Салқынбек Мейрамбек І орын иегері атанса, Әсет Жарылқасынұлы (Төлеби ауданы) мен Аяужан Төлбасы (Бәйдібек ауданы) ІІ орынды иемденді. Ал, Жайырбек Сабыр (Түркістан) мен Нұрлыбек Рамазан (Арыс қаласы) ІІІ орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, «Түркістан жаңғырығы» аталымы Созақ ауданынан келген Нұрша Талшынға бұйырса, Роза Бағланова атындағы аталымды Самал Есімхан иеленіп, мерейлері тасыды.

«Жас толқын – 2023» аймақтық мәдени іс-шара жүргізушілер байқауының бас жүлдесін Көлбай Абылайхан (Төлеби ауданы) иемденді. Ал, Түркістандық Өтеген Нұрдәулет І орынға қол жеткізді. Бертай Артықбай (Кентау қаласы) мен Әшім Шолпан (Түркістан) ІІ орын иегерлері атанды. Өмірбай Абылайхан (Түркістан) мен Балауса Дәрібай (Мақтаарал ауданы) ІІІ орынды иемденді. Ал, «Түркістан келбеті» аталымы Арыс қаласынан келген Алуа Басқараеваға бұйырды.

Жиын соңында Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шәмет аймақтық эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауын ел ішіндегі жас таланттар мен дарындарды табу мақсатында 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқандығын айтып, қатысқан өнерпаздарға жарқын болашақ пен өнер жолдарына шығармашылық табыс тіледі.

Гүлжан ТӘЖЕНОВА,

ХҚТУ-дің 4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы