Бүгін Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасында рапид-турнир басталды. Зеректікке жетелейтін сайыс рухани шаһардың облыс орталығы статусын алғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылды. Спорттық шара ЖШС «Ақжол», ЖШС «Қуаныш» сауда орталығының демеушілігімен, ЖК «DDD-master» шахмат мектебі мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр. Байрағын көтерген бәсеке үш күнге созылады. Оған өңірімізге жақын қалалар мен аймақтағы аудандардан 100-ге жуық спортшы қатысып, өз бақтарын сынауда.

«Ғалымдардың айтуы бойынша шахмат – адам миының қалыпты жұмыс істеуіне тигізер пайдасы мол. Бұл ойынды жер шарының 25 пайызы ойнайды екен. Қазіргі таңда рухани шаһарда аталмыш спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі бүгінгі басталған жасөспірімдер арасындағы рапид-турнир. 2015 жылы бастауын алған сайыс дәстүрлі түрде жалғасын табуда. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлес қосып, демеушілік танытқан жандарға алғыс білдіреміз», – деді ұйымдастырушы Синдара Сыздықова.



Ашылу салтанатына жеке кәсіпкер Сабыр Атаевпен, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева және жаттықтырушы Қуанышбек Джумадуллаев арнайы келіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, баланы шахматқа бейімдеген ата-аналарға жылы лебізін білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Айта кетейік, оза шауып, дара шыққан жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттар беріледі.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».
