«…Еркінбай, неге әлсіздік танытасың? Қоларбаға таңылуыңа кім кінәлі қоғам ба әлде жанұяң ба? Әке-шешеңді қинай бергеніңді доғар. Сен кішкентайыңнан еңбек еттің ғой. Мықты жігітпін деуші едің, дәлелде соны. Бәрін жеңіп шығасың деп көңілде жаңғырған ішкі ой үні мені өмірге қайтып алып келді» – дейді Еркінбай Шалтан.
Жүккөлігіне шөп тиеу кезінде беліне оралған арқан жіппен құлаудың салдарынан омыртқасына зақым келіп, 22 жасында күтпеген жерден қоларбаға таңылған азамат сол күндегі оқиғаны жазым деп тура қабылдаған. Әрбір адам әсіресе жастар өкініш өзекті өртемес үшін «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» тәмсілін қаперінен шығармағаны абзал деген пікірде. Ғұмырының тең жартысында жүруді армандаған жан тағдыр сынағына мойымастан бүгінде асқақ армандарына қол жеткізуге талпынуда. Мақсатына жету жолындағы қарекет айтарлықтай нәтижелі.

1978 жылдың 2-ақпанында бұрынғы ОҚО, Түркістан ауданы, Майдантал савхозында туып-өскен ол отбасындағы 5 ұл, 2 қыздың арасындағы ұлдың үлкені. Жастайынан күнкөріс қамы үшін мал бағып – шопандықты, әкесімен бірге қауын, мақта егіп – диқаншылықты да кәсіп еткен. Басына төнген сын сағатта іні-бауырлары әрдайым жанынан табылғанына риза. Бүгінде жары Алинамен бір шаңырақ астында бақытты күн кешуде.
“Әкем Керімбай Шалтанұлы ұрпақтарының көп болғанын қалады жарықтық. 6 жасымда туған анам Алтынай дүние салды. Екінші анамдай болған Жұмакүл анам қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. 1990 жылдағы тоқырау кездер. Жастықтың жалыны болар, әдемі киіну, қатарымыздан қалмайық деген ой жетегінде сабақтан гөрі ақша табуды жөн санадық. Шөп шауып, құрылысқа араласып нәпақа тауып жүрдік. Оқыс оқиға болған күні ауыл сынықшысы омыртқамды аяғымен теуіп салып содан жұлыным езіліп, тағы екі омыртқам сынған екен. Шымкент қаласына жедел жеткізіліп, 10 сағатқа созылған отаны өткердім. Отбасымның мүшелері психологиялық тұрғыдан шағылды. Тапқан табыс менің еміме жұмсалып жатты. Соған қарамастан тіршіліктен баз кешпеуге отбасым, бауырларым көмектесті. Рухани көмек берген достарыма да алғысым шексіз. Бірде інім Бағланға әкем арзан аяқ киім әкеліпті, сөйтсек екі аяғы да оң жақтікі екен. Депрецияға түскен менің көңілімді одан әрі жабырқатпас үшін бірдей аяқ киіммен 1 жыл бойы сабаққа барыпты. Сыныптастарынан ұялып, аяғын жасырып отыруы бауырыма да психологиялық тұрғыда айтарлықтай әсерін тигізгені рас”, – деді Еркінбай Керімбайұлы.

«Базарға барсаң қайыршыдай қарап, садақа беріп, таксиге міну оңай шаруа емес. Көпшілік ортадан шеттеп қалғандай сезім, үрей болушы еді» – деген ол қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген пікірі 20 жылдың ішінде оң бағытқа өзгергеніне қуанышты. «Құдай өзі көмектеседі, тек тәуекел ете білу керек» – деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған азамат 2006 жылы орталық ауруханадан квота алуға тексерістен өтіп жүрген кезде көз жеткізген. Әкесінің дәрігерлер тексерісіне көтеріп жүріп шаршағанын көріп, өздігінен келе алатынына сенім білдірген. Тіпті қалжырап баспалдақтан құлаған сәтте әкесінің ұлым бір жерің ауырсынбады ма деген кейіптегі бейнесі перзент көңілі мен жадында сайрап тұр. Ұрпағына деген сүйіспеншілік қасиетін сездірген ғибратты оқиғаның тағылымы таудай дерсің…
Қоғамдық жұмыстарға араласып, «Жайылма» қоғамдық бірлестігінде жастармен жұмыс істеген кейіпкеріміз жеке кәсіпкер Мұрат Бекбаевтың ықпалымен 2013 жылы «Шапағат» мүгедектер қайырымдылық қорының негізін салған. Құлажан Қошқаров, Бауыржан Сайфунов, Ғизат Байғабылов есімді азаматтармен ақылдаса келіп, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) шапағаты болсын, қор бір жанға шарапатын тигізсін деген ниетте құрылып, шуағын шашқан күн, қоларбада отырған адам сұлбасы жүрек мейіріміне қанықсын деп нышандық белгі таңдалып алынған. Негізінен «Бақыт шуағы», «Мейірім», «Тамшы» атаулары да аталғанымен таңдау – «Шапағатқа» түскен.
Қор жұмысы Түркістандағы орта арнаулы оқу ордаларына, Кентау қаласына концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Жиналған қаражат қайырымдылық ретінде қамкөңіл балалардың дәрі-дәрмегіне жұмсалған. Жалғыздық жетегінде оймен күрескен мұқтаж жандарды қапастан алып шығу бағытындағы жұмыстарды атқару кезінде әнші де, қоларба биін билеп биші де, жүргізуші де болғандығын сағынышпен еске түсірді. Қор мүшелері 2015 жылы 1 және 3-топтағы мүгедектер арасында эстафеталық ойын ұйымдастыруға да ұйытқы болды. Биыл «Жастар жылына» орай концерт, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік іс-шара өткізген «Шапағаттықтар» мұнымен шектеліп қалмақ емес.
«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тігін цехын ашқан Еркінбай Шалтан 1 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі азаматшаларды іске тартып, жұмыспен қамтыған. Кәсібін тоқтатуға тура келіп, ғимаратты бейімдеу орталығына айналдыру Ғизат Байғабыловтың ұсынысымен жүзеге асқан. 300 метр биіктіктен құлаған павлодарлық ұшқыш кезінде жүруден күдер үзгенімен бүгінде қоларбадан арылған. Жүруге деген ынтасы бар жан сенімінің беки түсуіне көмек беруге әзір. Көрген-білгенімен бөлісуден жалықпайды. Дәл осы азамат өмірлік ұстазына айналған тұлға айтуынша.
Жуырда ғана Сырым Ертаев, Инара Намазбаева сынды кәсіпкерлердің қаржысы есебінен сауықтыру орталығы бой көтерді. 16 орынға лайықталған заманауи ғимаратта күнделікті 10 сағатқа жуық уақыт жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Үздіксіз қозғалысты қажет ететін қимылдарды іске асыру үшін 3 жаттықтырушы көмек көрсетіп отыр. Ғимарат маңынан қосымша су процедурасына арналған жабық бассейннің іргетасы қаланған. Шаһар басшысы Рашид Аюпов жаңа орталық маңынан қала әкімдігі тарапынан 1 гектар жерге саябақ салынатындығын айтты.
Сөз соңында облыс орталығындағы инватакси көлігінің қызметіне көңілі толмайтын жігерлі жан пандус мәселесіне де көңіл бөлінсе деген ойын жеткізді. Себебі, арнайы көліктер көбіне диалез аурына шалдыққан науқастарды тасымалдайтын көрінеді, ал оған бөлек көлік бөлінуі керектігін айта-айта шаршаған-ды. Қалада бірнеше ғана пандус талапқа сай екендігіне тоқталып, мектептерге барсаң құлып салынған, кейбір дүкендердің пандусына кедергілер қойылғанын сынға алды.
Мына қызыққа қараңыз, Шалтан атасының азан шақырып қойылған есімі – Нұрмахамбет болып шықты. Еркінбай Нұрмахамбетов болудың орнына жеңгелері қойған «Ат тергеу» салтымен атасының лақап аты оның тегіне айналған. Сірә, қайнысының есімін атамау жоралғысының сол кезде берік ұстанымда болғанын аңғаруға болады.
Нұртас Кеңесбеков.
