Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын жариялады.
«Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын шығардық. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісіне 7 саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 281 кандидат, ал бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 435 кандидат тіркелді. Орта есеппен қарасақ, бір мандатқа 15 адам күреседі», – деді ол.
Ал, мәслихаттардағы бір орынға орта есеппен 3 кандидаттан келеді.
«Мәслихаттардың депутаттығына саяси партиялардың 118 партиялық тізімі бойынша 1 447 кандидат, мәслихаттардың депутаттығына бір мандатты сайлау округтері бойынша 10 288 кандидат тіркелді. Олар 3 081 мандат үшін күреседі. Сонда бір мандатқа орта есеппен 3,34 үміткер деп айтуға болады», – деді Нұрлан Әбдіров.
Еске салсақ, 18 ақпанда Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.
