436 ОТБАСЫ СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРДЫ

1  302 көрілім

  Биыл Түркістан облысынан 1396 жан солтүстікке өз еркімен қоныс аударған. Нәтижесінде 690 еңбекке қабілетті адамның 423-і жұмыспен қамтылған. Ал, 8 қоныс аударушы өзінің жеке кәсібін өрге домалатып отыр. Бұл туралы «Nur Otan»  партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен  өткен халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағытындағы насихаттық семинарда мәлім болды. Жиынға өңіріміздің қала, аудандарындағы халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары мен мамандары қатысты. Алқалы басқосуды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды.

  Елбасымыздың сындарлы саясатының негізінде қолға алынған игі іс бүгінде жемісін беруде. Өйткені тұрғылықты жерін солтүстікке ауыстырған азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі көмектер қарастырылған. Нақты айтсақ, тұрғын үймен бірге жұмыспен қамтылады. Ал, өз кәсібін ашамын деушілерге бос тұрған ғимараттар пайдалануға беріліп, егін мен мал шаруашылығын өркендетуге жер телімдері ұсынылады. Тіпті, жылдық пәтер ақыға бір мезетте ие болып, үй сатып алуға да мүмкіндіктер қарастырылған.

Жиын барысында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші-қон бөлімінің бас маманы Малика Мақсат ағымдағы жылға сараптама жасап, қоныс аударушылардың нақты санымен бөлісті. Бұл ретте, Бейсенбай Дәулетұлы облысымызда жан басына шаққанда бұл көрсеткіштердің аз екендігін алға тартты. Тиісті мамандарға насихаттық жұмыстарды күшейту керектігін жеткізіп, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт өз ойларын ортаға салып, көшудің тиімді тұстарын тілге тиек етті. Бұл бастама ішкі баланстардың реттелуіне, жұмыссыздықтың жойылуына және жастар арасындағы қылмыс пен зорлық зомбылықтың азаюына сеп болмақ.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы