Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердің 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі өтті.
Олимпиаданың мақсаты: оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету, жеке тұлғаның дұрыс қалыптасуына жәрдемдесу, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, білім алушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім ошақтарынан келген 946 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, өзбек тілі, сонымен қатар жаратылыстану бағыты бойынша математика, физика, биология, география, химия, информатика пәндері бойынша пән байқауына қатысып, бақтарын сынады.

Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында «El Umiti цифрлық онлайн платформасы» ақпараттық жүйесінде веб-камера, фотофиксация мен прокторинг сервисін пайдалана отырып, суретке түсіру арқылы электронды форматта өтті. Олимпиада барысын облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының мамандары, ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер мен Түркістан қаласынан келген әріптестер бақылап отырды. Қазылар алқасына қатаң талап қойылып, жұмыстары мұқият бақыланды.
Өз пәндерін жетік меңгерген, қатарластарынан үздік шығып, бірінші орын иегері атанған 41 оқушы облыстық кезеңге жолдама алды. Ендеше, саурандық оқушыларға сәттілік тілейміз!
«Сауран-ақпарат».
