- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары және 2023 жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Айта кету керек, Ескі Иқан ауылдық округі өткен жылы «Алтын күз» атты жыл қорытындысы бойынша ауданда бірінші орынға шықты.
Қазіргі таңда Ескі Иқан ауылдық округінде 20 мыңға жуық адам тұрады екен.

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың 2023 жылдың бірінші тоқсаны бойынша өткен кездесуде алдымен Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Д.Сайдовтың 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың 2022 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы бейнефильм ауыл тұрғындарының назарына ұсынылды.
Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті. Соның ішінде коммуналдық салаға кеңінен тоқталған аудан әкімі ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол, көгалдандыру, кәсіпкерлік және туризм, әлеуметтік, білім, денсаулық салалары бойынша биылғы жылы жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды.
– Ауылымыздың халқы өте еңбекқор. 12458 гектар жеріміз бар. Оның ішінде егістік жеріміздің 1688 гектары көпшілігі екпелер яғни баулар. Қалған 10770 гектар жеріміз бұл бір жылдық екпелер. Ауылымыздың төңірегінде егетін жерімізде атап айтатын болсақ, мақта, жүгері, бақшалық дақылдар егіледі. Жалпы біздің ауылдың маңындағы10770 гектардың 6800 гектарына жуық алқапқа мақта егіледі. Бұл жеңіс – ауылдастарымның жаз бойғы тынымсыз еңбектерінің жемісі деп ойлаймын,-дейді Дилшод Сайтов.
ДОСТЫҚ АУЫЛЫ ТАНЫМАСТАЙ ҚҰЛПЫРА ТҮСУДЕ
1993 жылы Ескі Иқан ауылдық округінің шағын ауылына Ираннан қандастарымыз көшіп келген болатын. Күні кешеге дейін «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» болып келген, биліктің қолдауынсыз жастары қалаға қашып, кемпір-шалдары ғана қалған. Әбден берекесі кеткен елді-мекеннің Сауран ауданы құрылғалы бері еңсесі көтеріліп, енді есі кіре бастады. Өткен жылы Республикалық ономастика комиссиясының шешімімен Достық ауылы Мәшһүр Жүсіп ауылы атанса, мектепке ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібаевтың есімі берілді. Жақында оранғайлық мүсінші Ғұлам Сұлайманов Достық ауылы тұрғындарының тапсырысымен Рахманқұл Бердібаевтың мүсінін жасап қойғанын хабарлады. Енді ресми түрде ашылуын күтіп отыр.
Бәрінен бұрын жаңадан құрылған Сауран ауданы, Ескi Иқан ауылдық округіне қарасты Достық ауылында жаңа мешіттің құрылысының басталғанына халық риза. Демеушілердің көмегімен салынып жатқан мешіттің жалпы алаңы 360 шаршы метрді құрайды. Мешіт құрылысына демеушілік жасап отырған Түркiстан қаласының тұрғыны, кәсіпкер Саид Бөрібайұлы. Жоба бойынша мешітте 700 адам бір мезетте намаз оқи алады. Сондай-ақ, медресе мен автотұрақ салынады деп көзделуде.
Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Сайтовтың баяндауынша, көп жылдар бойы басшылықтың қарауынсыз қалып келген Достық ауылына мемлекеттік тұрғыда назар аударыла бастады. Достық елді мекенінде балалар ойын алаңын салуға қарастырылған қаржы 30 млн теңге болды. Оған балалардың ойын алаңы ғана емес, оның сырты қоршалып, балаларға арналған воркауттар да қамтылды. Ескі Иқан ауылдық округі Достық елді-мекенінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қарастырылған қаржы 19 млн 808 мың теңге құрады. Ескі Иқан ауылдық округі, Достық елді-мекені, Достық-2 көшесіне тас төсеу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 458 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Жағалбайлы» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар толығымен атқарылды. Ескі Иқан ауылдық округі, Достық елді-мекені, Әйтеке би көшесі бойында орналасқан тұрғын үйлердің ауласында орналасқан электр бағаналарын көше бойына көшіру мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 446 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар орындалды.

Достық ауылындағы 127 тұрғын үйге ауыз су құбыры тартылды. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы 705 метр ұңғыма қазылды. Қазіргі таңда су құрамын зерттеу жұмыстары аяқталып бюджет есебінен су мұнарасының құрылыс жұмыстарына 20 млн теңге қаржы бөлінді. Су мұнарасы құрылысы біткен соң «Достық» елді-мекені халқын тәулік бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Ауылдық округті табиғи газбен қамтамасыз етудің екінші кезеңі аясында Достық елді-мекені және Диханабад елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Сондай ақ, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Шарап Ата көшесінде автожолды және аяқ жолды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында қарастырылған қаржы 29 млн 906 мың теңге болып отыр. Ескі Иқан елді-мекені тұрғындарына табиғи газ жеткізу жоспарлануда. Ескі Иқан елді-мекені халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты «Иқан су Қытай» учаскесінен құбыр тарту бойынша жұмыстар атқарылуда.
АУЫЛДЫ АБАТТАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты ғимараты алдынан автотұрақ салу мақсатында бюджет тарапынан 1 млн 420 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Елнұр» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды. Ескі Иқан ауылдық округі әкімі аппараты ғимараты қасынан қойма салу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн 450 мың теңге бөлініп, жеке кәсіпкер «Сейткерим Ата» мен келісім-шарт жасалынып жұмыстар толығымен орындалды. Ескі Иқан ауылдық округі бойынша түнгі жарық шамдарын жөндеу мақсатында Үкімет тарапынан 1 млн теңге бөлініп, ЖШС «Даму Строй» мен келісім-шарт жасалынып, жұмыстар жүргізілді. Ескі Иқан ауылдық округі бойынша жеті көшенің асфальтбетонды жабынды және аяқ жолдарды, жарықтандыру орташа жөндеуден өткізу жұмыстарына 288 млн 427 мың теңге бөлініп игерілді. Үш көшенің жарығын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 41 млн 340 мың теңге, төрт көшенің аяқ жолын орташа жөндеуден өткізуге жұмыстарына 100 млн 969 мың теңге, екі көшедегі балалар алаңы, воркаут, спорт алаңын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 60 млн теңгеге сметалық құжаттар әзірленіп, 2022-2024 жылдарға бюджетке ұсыныс енгізілді.
Ескі Иқан елді-мекені «Облыс елді-мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023 жылға дейінгі іс-шара жоспарына енгізілген». Облыстық басқарма тарапынан Ескі Иқан елді-мекенін толық ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Иқансу-Қытай» жер асты су кен орнынан қажетті су алуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ескі Иқан елді-мекенінде газдандыру жұмыстары толығымен аяқталған. Бүгінгі таңда газ құбырын «КазТрансГазАймақ» АҚ балансына өткізу жұмыстары жүргізілуде.
БЕЙНЕТКЕШ ҚАУЫМҒА БИЛІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДЕ
Ескі Иқан ауылдық округіндегі диқандар қауымы Үкіметтің қолдауымен жаңа технологияға бейімделуде. Ескі Иқан ауылдық округінің жалпы жер көлемі 41758 гектар. Оның ішінде 12558 гектары суармалы жер болып табылады. 10770 гектар жерге бір жылдық екпелер егіледі. 1788 гектар жерге көпжылдық екпе бау жүзімдер егілген. Осы жерлер бүгінгі күнде 946 агроқұрылымдардың пайдалануына берілген. Оның ішінде он ауылшаруашылық өндірістік кооперативі болса, 936 шаруа қожалықтарды құрайды.
Үй іргелік жер 596,7 гектар. Оның ішінде 245,4 гектары егістік жер толығымен игерілді. Алдағы жылы 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарланса, 21 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Сөйтіп жоспар 140 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылық техникаларын жаңалауға 224 миллион теңге инвестиция тартылды. Ауылдағы барлық ауыл шаруашылығы техникалары және қосалқылары болып жалпы саны 701 бірлікке жетті.
Шаруа қожалықтардың көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзан бағадағы жанар-жағар майларын шаруа қожалықтары алып егістік алқаптарына пайдаланды. Үкімет тарапынан арзан бағада берілген 224 тонна минералды тыңайтқыш алынды. Есепті мерзімде ірі қара мал басы 21939-ға жеткізілді. Қой, ешкі саны 59982 басқа жетті. Жылқы малы 2618 басты құрады.
Бұл ауылдың адамдарын күндіз шам жағып таба алмайсыз. Себебі, барлығы дерлік бау-бақшаның қамымен жүреді. Кешкісін күн сәл салқындағанда ғана үйдің маңынан табасыз. Соның бірі бағбан Әділжан Маннатов. Ол жақында ғана сонау Америкадан үш мың бас шабдалы әкеліпті. Он гектар жерге 1200 түп алмұрт, алма, шабдалы егіпті. Оның біздегі шабдалыдан айырмашылығы ірі әрі алысқа тасымалдауға қолайлы, тез бүлінбейді екен.
«АНАЖАН АНА» БАЛАБАҚШАСЫ БОЙ КӨТЕРДІ
Өткен жылы Ескі Иқанда «Анажан ана» балабақшасы бой көтерді. Мұнда 140 бала балабақшамен қамтылған. Яғни, 140 әйелдің жұмыспен қамтылуына жол ашылды деген сөз. Олардың ден бау-бақша күтімімен айналысса, бірқатары Түркістанға қатынап жұмыс жасауда. Балабақшада қызмет етуге ауылдың 38 қыз-келіншектері тартылған. Қазіргі таңда ауыл адамдарын басым бөлігі әйелдер қауымы. Әйелдерді жұмыспен қамту үшін олардың жас балаларына балабақша керек. Міне, осы жұмысты «Анажан ана» балабақшасының меңгерушісі Мунажат Маннатова атқарып отыр.
Ескі Иқанның тағы бір артықшылығы қазіргі таңда ауыл адамдары құнды құжаттарын ресімдеу үшін қалаға сенделмейді. Себебі, әкімдіктің іргесінде бүкіл құжаттарды электрондық ресімдеу бекеті жұмыс істейді. Оның бас маманы Зураб Зураповтың айтуынша, орталықта алты маман қызмет етеді. Мұнда туу туралы куәліктен бастап ауыл адамына қажетті барлық құнды құжаттар рәсімделеді. Тәулігіне Ибата, Достық, Шағадан үш жүзге жуық тұрғын келеді екен.
Ал, енді осы әкімшіліктің жанынан ашылған «Авиценна А» емханасы өз алдына енші алып, әсем де жайлы емхана ашып, жақында пайдалануға берілді. Емхананың бас дәрігері Әкежан Сакашовтың айтуынша, негізінен ауыл адамдарының дерті мен түрлі сырқаттары суықтан, бақшалықтағы мұздай суды кешіп жүргендіктен және өздерін-өздері күтпегендіктен болады екен. Дені панкреотит, остехандроз, қант диабеті, туберкулез ауруларымен тіркелген 5760 адам бар. Қазіргі таңда емханада 42 білікті маман қызмет етуде.
Жиырма мың адамнан астам тұрғын бар ауылдың күл-қоқыстарын алысқа бармай өзеннің маңына төгіп келген екен. Осыған ыза болған кәсіпкер Әлішер Муслимов барлық күл-қоқысты өз қолымен тазалап, абаттандырып балық өсіретін ортаны қалыптастырды. Оған 200 миллионнан астам теңге жұмсап, карп, сазан, беламур, ақ балық, түрлі шабақтарды өсіре бастады. Екі тонна 700 киллограмм түрлі шабақтарды көлге тастаған. Бірер жылда өсімін күтіп отыр.
МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН АЛМА БАҚТАР
Ескі Иқан ауылы ежелден алма бағымен даңқы алысқа кетіп жатқан құтты мекен. Өткен жылы Ескі Иқанда жетінші алма бағы ашылды. Жетінші бауды туыстары Дадаш Маннатов атындағы «Ұстаздар бауы» деп атауды қош көрді. Себебі, Дадаш ақсақалдың математика, алгебраға жетік шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде халық шаруашылығын дамытуда. Ал, бағбандығын ұстанған ұрпақтары туған жерін иран бағына айналдыруда. Дадаш атаның 150 гектарлық бауында алма, алша, алмұрт, өрік, жүзім жайқалып тұр. Баудың иелері таяу болашақта жол жиегіндегі иранбағын еліміздің ұстаздар қауымы қызығатындай ерекше демалыс орнына айналдыруды жоспарлауда. Бәрінен бұрын бау-бақшаларға елге сыйлы, халқына қадірлі, ардақты аталардың атын қоюы қызықтырады. Мұнда білікті педагог, іскер басшы, өнегелі ұстаз Дадаш Маннатовтың 100 жылдығына арналған «Ұстаздар» бауы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері «Сейіткамал ата», «Мұзаффар ата», «Абдувахид ата» баулары тәжірибелі дәрігер-хирург Ергеш Дадашұлының 75 жылдығына арналған «Дәрігерлер бауы» бой көтерген.
Ескі Иқан ауылындағы бейнеткеш диқан қауымның ойынан шығатындай су жүйесін тарту әрине оңайға түскен жоқ. Себебі, бұл маңайдағы су тұзды болған соң егістіктің маңы түгелдей сорланып бара жатты. Бұл мәселе қабырғасына аяздай батқан сол тұстағы ауыл әкімі Даннаш Маннатов үлкенді-кішілі емен есіктерді ондаған жылдар бойы тынбай жағалап жүріп, бүкіл егіс алқаптарына 100 шақырым су арнасын тартқызып, 64 құдық қаздырып, барлық егіс алқабына электр жүйесін жеткізді. Бұл әрине оңайға түскен жоқ.
Бір қызығы мұндағы дихандар алма бақтарын еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үйлестіріп отыр. Шындығында жер емген дихандық пен ардақты дәрігер, ұстаздай мәртебелі мамандық иелеріне деген құрметті қатар алып келеді.
ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ҚАУАМАДДИН ӘЛ-ИТҚАНИДІ НАСИХАТТАУ ТӨМЕН ДЕҢГЕЙДЕ
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевпен кездесуде өңірге танымал тұлға Даныш Маннатов биыл туғанына 736 жыл толып отырған Қауамад-дин әл-Итқани әл Түркістаниді насихаттаудың кемшін екендігін алға тартты. Ескі Ихан ауылына туристерді тартудың ең бір қолайлы тұсы осы болмақ.
Даныш Маннатов Ескі Иқан ауылының қорғаушысы һәм қолдаушысы деуге болады. Оның демеушілігімен жасалған қайырымдылық шаралары, шығыс ғұламасы Қауамад-дин әл-Итқани әл Түркістани атындағы мешіт салғызуы өз алдына бір бөлек әңгіме. Бәрінен бұрын Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан ауылдың үстін басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының жобасына қарсы шығып, өзінің табандылығын көрсетіп, ауылдың сыртына үкіметтік тұрғыда айналма жолды өткізуі бір ерлік. Қазір ойлап қарасаңыз тәулігіне жиырма мыңға жуық жүк тиеген автокөліктер сүттей ұйыған тып-тыныш ауылдың ортасын басып өткенде не болар еді?

Иқаннан шыққан дүние жүзіне атақты ғұлама ғалым, Ислам діні қайраткері «Қауаммад-дин әл Итқани әл Түркістанидің атындағы бау» да осында. Бұл бауды өткен жылы республикамызда тұңғыш рет осы ауылда өткізілген халықаралық онлайн конференцияға қатысқан шейх Әбсаттар қажы Дәрбісәлі көріп, таң-тамаша қалды. Өз қолымен алма ағашын отырғызды.
Бұл белгілі тұлғалардың атына бау бағыштау бастамашылығы 1995 жылдан басталады. Себебі, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы сәуірдің 13-інде отырғызған өрік ағашы жылда жеміс беріп келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті сол жолғы қабылдауда «Түркістан қақпасы халқымызға ғимарат иелеріне бақыт, зор табыс әкелсін!» деп қалдырған қолтаңбасы көрікті жерге орналастырылған.
Өткен жылы «Ұлы қақпа кешені» аумағынан «Түркістан –түркі әлемінің рухани астанасы» атындағы бауы бой көтерді. Барлық баулардың бастамашысы һәм демеушісі Даныш Маннатов осы өңірді болашақта түркі халықтарының демалыс бағына айналдыру жобасын жайып салды. Даныш Маннатов мырза екінші тынысы ашылып, әлемге түркі халқының рухани астанасы болып жарияланған Түркістандық деген атқа әрбір жан лайық болып, сол дәрежеде қызмет көрсетсе деген лебізін жеткізді.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МҮТӘЛІБ ЮЛДАШЕВ АТЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРДІ
Ескі Иқанда таяуда әсем спорт кешені бой көтерді. Оны мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде кәсіпкер Мамерхан Юлдашов 416 миллион теңге жұм-сап тұрғызған. Қазір мұнда үш жүзден астам бала еркін күрес, самбо, дзюдо, греко-рим күресіне қатысады. Волейбол, футбол, теннис, шахмат ойнайды. Бұл спорт мектебін Африкадан еркін күрестен әлем чемпионы болып оралған әкесі Мүтәліб Юлдашовтың құрметіне атап отыр. Қазір жеті бапкер бар екен. Айына 100 мың теңге төлейтін болғандықтан бапкерлер жетіспейді. Өткен жылы 10-шы сынып оқушысы Жасмин Искандерова еркін күрестен республиканың ашық біріншілігінде 57 килограм салмақта чемпион атанған.
ӘКІМГЕ ҒАСЫР ЖАСАҒАН ЕКІНШІ ЖАҺАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ АҚ БАТАСЫН БЕРДІ
Кездесу барысында ауыл тұрғындары Д.Маннатов, Р.Абдусаттаров, М.Юлдашевтар ағын су тапшылығы, газ, су, ауылдық округте туризм саласын дамыту, жер, мақта мәселесі, Д.Қонаев көшесін абаттандыру бағытында көптеген мәселелер көтерді.
Сонымен қатар, жеке қабылдауға келген Д.Шерметов жер, ортақ жайылым мәселелерін көтерсе, М.Юлдашев табиғи газ, Диханабад учаскесін елді мекен ету жөнінде өтініштерін жеткізді. Тұрғындардың өтінішін тыңдаған аудан әкімі мәселелердің шешу жолдары туралы түсіндірді.
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың кездесуіне арнайы келген Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасырды алқымдаған Закир Мұсаев атамыз аудан әкімінің атқарған жұмыстарын оң бағалап, алдағы атқарылар жұмыстарына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Ескендір ЕРТАЙ.