- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Алматыда 2-8 ақпан аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасы мәреге жетті. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өткен дүбірлі жарыста еліміздің 3 қаласы мен 17 облысынан 650-ге тарта спортшылар бақ сынады.
Ұлттық құраманы күшейтуге мүмкіндік беретін жарыста «Чемпиондар мектебі» деп аталып жүрген, Түркістан қаласы спортшыларының қара шаңырағына айналған Ә.Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ шәкірттері де толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, жарыстың алғашқы күндері бұрымды аруларымыз бастап әйелдер күресі арасында 57 келі салмақ дәрежесінде Нулифар Райымова алтыннан алқа тақса, тағы бір аруымыз Дариға Әбен 65 келі салмақ дәрежесінде күміс медалды қанағат тұтты.
Ал, жарыстың соңғы күні ерлер арасында 61 келі салмақ дәрежесінде Нұрболат Абдуәлиев алтыннан алқа тағынып, облысымыздың еркін күрес шеберлерінің мерейін үстем етті. Осы орайда спортшыларымызды жарыстарға баптап жүрген еркін күрес бапкерлері Қанат Тұрғараев, Нұржігіт Ерімбетов және Білімжан Тұрлыбековтердің есімдерін ерекше атап өткім келеді. Айта кетейік, әр спортшының арманына айналған Олимпиада ойындарына баруға берілетін жолдама үшін өтетін әлем чемпионаттарына жоғарыда аталған спортшылармен қатар дзюдо күрес түрінен Дидар Хамза, таэквондо спорт түрінен Нұрлан Мырзабаев сынды мектебіміздің бірқатар спортшылары бақтарын сынайтын болады.
Түркістан облысының намысын абыроймен қорғап келе жатқан спортшыларды жылдар бойы аламан бәйгеге дайындап жүрген жаттықтырушылар мен Ә.Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-нің директоры Дәурен Тәңірбергеновтердің еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Жеңіс құтты болсын, жерлестер!
Райымжан ӘЛІБАЕВ.