Ақпанның алтысында Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында орын алған жер сілкінісіне әлем халықтары алаңдаушылық тудырды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.

– Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деді Қ.Тоқаев. Президенттің бастамасымен 100-ден астам құтқарушы мен дәрігер Түркияның зілзала болған қалаларына аттанса, бүгінде еліміздің әр өңірінде гуманитарлық көмек жинаушылар саны көбеюде. Бауырлас мемлекеттің қайғысына ортақтасып түркістандықтар да «Ақжайық» музыкалық мектебінде жиын өткізді. Жиында қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы құрбан болған жандардың рухына құран бағыштады. Облыстық Ақсақалдар алқасы, ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі ұйытқы болған түбі бір туыс халықты қолдау шарасында шаһардағы түрлі сала өкілдері бастамаға бірауыздан қолдау білдірді. Осылайша қариялар бастамашы болған жиында барша түркістандықтарға үндеу жолданды. Мақсат – бауырлас түрік халқына қолдау көрсету.
Ел бірлігі мен түбі бір түркі жұртына қолдау білдіруді көздеген кеңесте Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің Түркия Республикасы өкілдігі қызметкері, профессор Пейами Баттал түркістандық ағайынға алғысын білдірді.

Айта кетерлігі, жиын соңында Түркиядағы апатқа байланысты көмек үшін Түркістан қаласы аумағындағы барлық мекеме басшылары, кәсіпкерлер, тұрғындар қаржылай көмек жинауды ұйғарып, жиын барысында облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов бастап бірқатар азаматтар қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен бірге, дәл осы мақсатта қала көлемінде ашылған ортақ шотқа +7 747 536 4505 (Меруерт К.) аударылатын болды. Заттай көмек беремін деуші азаматтар Түркістан қаласы, Мұсабеков көшесі 2 мекен жайында орналасқан «Ынтымақ үйіндегі» арнайы штабқа тапсыруына болады.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
