- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«НАҒЫЗ РУХАНИЯТ ПЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТҮРКІСТАНДЫ КӨРДІК»
«Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары» – деп Президентіміз Қ.Тоқаев Түркістан қаласының мәртебесін айқындап бергеніндей, бүгінде қаламызға республикамыздың түкпір-түкпірінен және шетелден келіп жатқан қонақтар мен туристердің саны артып жатқаны белгілі. Бүгінде келелі кездесулер мен алқалы отырыстар ордасына айналған киелі Түркістанда тағы бір маңызы зор жиын болып өтті. «Жаңа Қазақстандағы заманауи ботаника ғылымының басым бағыттары – идеялардан нақты істерге» деп аталатын форумға еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан Республикасы мен Түркияның жетекші биолог ғалымдары қатысты. Сонымен қатар қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы үшін үлкен жаңалық – ботаник ғалымдардың 17 жыл тағатсыздана күткен кітаптары жарық көрді. Жиынға қатысқан «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары, Ақпарат саласының үздігі, әріптесіміз Дина Имамбайды әңгімеге тартқан едік.
– Дина ханым, Түркістанға қош келдіңіз! Қасиетті жердің қонағы ретінде қаланы көргендегі әсеріңізбен бөліссеңіз.
– Иә, рахмет! Мен де Түркістан қаласына ғылыми жиынға шақырылғанымды алғаш естігенімде ерекше қуандым. Өйткені, қазақ деп жүрегі соққан әрбір жан секілді мен үшін де киелі шаһардың орны бөлек. Түркістан облыс орталығы болғалы бері жаңа тынысы ашылып, нағыз руханият пен мәдениеттің үлкен ордасына айналып жатыр екен. Қалаға кіргеннен төбесі көк тіреген жаңадан салынған әдемі үйлер, сұлу ғимараттар қалада қызу да қарқынды құрылыстың жүріп жатқанын бірден білдіреді. Әлбетте, киелі шаһарға келген сайын бүкіл мұсылман елі қадір тұтатын Қожа Ахмет Ясауи әулиенің кесенесіне зиярат ету әрдайым көңіліміздің төрінде тұрады. Айта кетейін, зиярат барысында көрген Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы сияқты тарихи орындардың 3D тур нұсқасының дайындалғаны, Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен тұлғалар жайында мәліметтердің жаңаша форматта әзірленгені т.б. көптеген дүниелер қалада туризмді дамыту бағытында біршама жұмыстардың атқарылғанын дәлелдей түседі. Осы орайда түркістандықтарға қазақтың рухани ордасы, әрдайым қайта оралғың келе беретін киелі Түркістан жаңғырып, өркендей берсін деген тілегімді білдіргім келеді.
– Форум жайлы, көптен күткен ғылыми кітаптардың маңызына тоқтала кетсеңіз.
– Ботаника ғылымына арналған форумда қазіргі ботаника ғылымының ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы ғылымдарының ахуалы жан-жақты талқыланды және осы саладағы жетістіктер мен олқылықтар айтылды, оларды түзетудің жолы көрсетілді. Форум Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтті. Бұл оқу орнын ашылғанына отыз жылдан асқан, тәуелсіздігіміздің айрықша жетістігінің бірі іспетті еліміздегі жетекші оқу орны деп білеміз. Қазіргі уақытта университет ғылымды дамытуға назар аударып отырғанына, білім саласындағы өзіндік дәстүрі бар оқу орнының заманға сай дамып жатқанына куә болдық. Университет музейін аралап, тарихына үңілдік. Елімізде ботаникалық бағы бар жалғыз университет те осы қазақ-түрік университеті екен. Ботаникалық бақ директоры Ә.Сихымбаевтың таныстыруымен Қазақстанның мақтанышы саналатын қызғалдақтарды, арша тұқымдастардың алуан түрін өсіріп жатқан жылыжай жұмысына тәнті болдық.
ХҚТУ басшылығының ғалымдарды қолдауы көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақстандық ғалымдардың Түркиялық әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндік жасалуда. Көңілге жылы тиген жағымды жайт, екі күндік шара толығымен қазақ тілінде өтті. Бұл - қазақ тілі ғылымның тілі бола алатынының жарқын көрінісі және дәлелі. Яғни, ауыл шаруашылығы ғылымы қазақ тілінде дамуына барлық алғышарт бар.
Түркістан форумында еліміздің жетекші ғалымдарымен танысып, ғылымдағы ахуал жөнінде тереңірек білдік. Жалпы ғылым саласында жиі қалам тербеп жүрген журналист ретінде мен үшін өте пайдалы кездесу болды. Ғалымдар форумын жоғары деңгейде ұйымдастырған университет басшылығына, Жаратылыстану ғылыми-зерттеу институты әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз.
Сонымен қатар «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» атты энциклопедиялық анықтамалық еңбектің және «Асыл ағаш, асыл шөп» атты серияның 1-томдарының таныстырылымы форумның мәнін аша түсті. Академик Н.Аралбайдың редакторлығымен А.Қуатбаев, Б.Қасенова және басқа ғалымдар құрастырған еңбекте өсімдіктердің латын, орыс және қазақ тілдеріндегі атаулары, түр ретіндегі анықтамалары мен дихотомиялық кестелер берілген. Төрт томға жоспарланып отырған анықтағыш ботаника ғылымымен қатар, ауыл шаруашылығы, экология, селекция, медицина, тағам өнеркәсібі және басқа сала мамандары үшін өте қажет.
Ал «Асыл ағаш, асыл шөп» атты серияның 1-томы Қазақстан флорасының негізгі өсімдіктеріне арналған. Мұнда әр тұқымдастың номенклатурасы, биологиясы мен морфологиясы, экологиясы мен географиясы, шаруашылық маңызы туралы құнды ақпараттар кездеседі. Бұл басылым орманшы, агроном, табиғат зерттеуші мамандарға да таптырмас дүние. Тіпті елді мекендерді абаттандыруда да бұл зерттеулер қажет дейді ғалымдар.
Өсімдіксіз адамзаттың өмір сүруі мен тіршілік етуі мүмкін емес. Өсімдік әлемін зерттеу үшін ботаника ғылымын дамыту қажет. Түркістан форумы Қазақстандағы ботаника және жалпы ауыл шаруашылығы ғылымдарының жетістігі мен келешегі жөніндегі толымды ойлар мен терең мәселелерді қозғайтын үлкен алаңға айналуына тілектеспіз.
Несібелі ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.