- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов: «рухани шаһарды екі бағыт бойынша дамыта аламыз. Ол – туризм мен кәсіпкерлік» деген болатын. Облыс орталығын әлемдік деңгейдегі шоқтығы биік шаһарлардың біріне айналдыруды басты назарға алған қала басшысы қарқынды құрылыспен қатар кәсіпкерліктің дамуына да дем беруде. Оған жақында ғана өткен балалардың бизнес жәрмеңкесі дәлел бола алады. Бизнес бастама барысында 6 мен 15 жас аралығындағы 55 жас кәсіпкер өз өнімдерін көпшілікке ұсынған еді. Келушілер тікелей делдалсыз қолөнер бұйымдарын жасаған шебер мен тіл үйірер тағамдар дайындаған жас кәсіп иелерінен қол жетімді бағаға сатып алды. Жайылған жәрмеңке сатушы мен алушыға не береді осыған тоқталайық. Бұл ретте Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектептің директоры Марина Тәукебаевамен тілдестік.
«Алғаш рет ұйымдастырылған шара жоғарғы деңгейде өтті. Біздің білім ордамыздан 4 оқушы қатысып, қолдан жасаған бұйымдары мен тағамдарын еңбектеріне қарай саудалады. Айтып өтерлігі, қазіргі таңда көп қолданыстағы нәзік моншақпен (бисер) бала қиялынан туындаған түрлі дүниелер көптің көңілінен шықты. Балалар сапасы жақсы заттың, сұранысы жоғары болатындығын ұқты. Сондай-ақ, шаһар басшысы өзі арнайы аралап, болашақ бизнесмендермен жіті танысып, заттарын сатып алуы балаларды қуантты. Бизнеске басқан алғашқы қадамдарына Р.Абатұлы сәттілік тіледі. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» демей ме Абай атамыз?! Жастайынан еңбекқор болуға баулитын шара неғұрлым жиі өтсе, алға ілгерілеу болары анық. Мектеп қабырғасында білім мен кәсіпті қатар игергеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі бала кәсіпкер ертеңгі тұлға екендігін ескерсек, болашағына басар баспалдақтың дұрыс қаланып жатқандығы», – дейді Марина Тұрарбекқызы.
Балғын кәсіпкерлердің бастамаларын, идеяларын қолдау мен дамытуды көздейтін ілкімді істі қос қолдап қолдайтынның бірі қала тұрғыны Мейрамкүл Есенғараева. Жас күнінде жанына аспаздықты серік еткен көпбалалы ана бизнес жәрмеңкеге арнайы барып тамашалаған. «Ел болашағы саналған балаларымыз бейнеткеш болса, келешегіміз кемел болары сөзсіз. Өндіруші мен тұтынушыға тиімді баға үйлесімдік тапқан жәрмеңке жоғарғы деңгейде ұйымдастырылыпты. Кіршіксіз көңілімен «қайсысын аласыз?» деген оқушылардың сөзі жаныңа жылулық сыйлайды. Өрендеріміздің тастары өрге домалап, ел үшін еңбек етер азаматтар болсын. Ықыласпен жасалған істің нәтижесі жаман болмайды. Сондықтан да балалар дайындаған бұйым мен ас мәзірлері таңдай қақтырып, тіл үйірді. Қалтаны қақпайтын қаржыға түрлі зат пен дәм сатып алып немерелерімді қуанттым. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Түркістанда тәй-тәй басқан бастама жалғасын тапса, ұдайы әкімдіктен қолдау білдірілсе жас кәсіп иелерінің көбейер күні алыс емес», – дейді Мейрамкүл Нұржаубайқызы.
«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер» деген ғалым Қаныш Сәтбаевтің сөзі ой саларлық. Жеңіске жетелейтін жәрмеңке бұған дейін әлемнің 100-ден астам елінде өткен. Мұндай шараларға бала кезден қатысқан жан көшбасшылық қабілетін шыңдап, тіл табысуды еркін меңгереді. Ал, жауапкершілік қасиет басты орынға көтеріледі. Салғырттық пен жалқаулықты сап тиятын бизнес жәрмеңкенің балаларға берері мол болып отыр.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».