МУЗЫКА БӘЙТЕРЕГІ

299 көрілім

Қазақтың біртуар композиторы Мұқан Төлебаевтың туғанына биыл 110 жыл. Бала кезінде-ақ өз ортасында шығармашылық дарынын байқатқан композитор «Мен сені сүйемін» және «Ақ мақта, «Сағыну», «Келші сәулем», және т.б көптеген туындылармен қатар Л. Хамиди және Евгений Брусиловскиймен бірге Қазақ КСР-і әнұранын жазып шыққан. Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде композиторды еске алу кеші өтті. Қазақтың ән қоржынын «Біржан – Сара», «Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу» операларымен және 100-ден астам симфониямен толықтырған композиторды еске алу кешіне қаламыздың зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.


Қазақтың белгілі композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармаларының қазақ музыкасына қосқан үлесі зор. Композитор шығармаларында өз заманының бейнелеріне көңіл бөлген. Ән жазуында жан-жақты, адам жанының нәзік дүниесін жеткізе білген. «Шахтерлер әні» «Отан» «Жастар вальсі», «Спортшылар вальсі» әндері жатады. Халқымыздың музыка қайраткері кино әлеміне де үлес қосқан «Алтын мүйіз» кинофильміне «Жылқышы әні», «Қойшы әні» әндерін жазды. Әдемі әуезділік «Жастық шақ» хор сюитасы туған өлкенің табиғатын халықтық тұрмысын бейнелейді.

Кеш барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өнертану доценті, әнші-композитор Сауранбек Елеуов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессор-оқытушысы Үміткүл Мелдебекова сөз сөйлеп, музыка қайраткерінің ел білмейтін қырларынан сыр шертті.
Сахна төрінде музыка қайраткерінің «Бақыт вальсі», «Кестелі орамал» және т.б. әуезді әндерін әуелете шырқаған, нақышына келтіре орындаған, мағыналы қойылым көрсеткен қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарына өнерсүйер қауым қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

Ал, шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен колледж студенттері кештен ерекше әсер алып, қазақ музыкасын кәсіби деңгейге көтеріп, өшпес мұра қалдырған дарын иесінің өмірімен тереңірек таныстырып, шығармашылығына үңілуге мүмкіндік сыйлаған ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Шәмет басқаратын қалалық мәдениет үйінің ұжымына алғыстарын жеткізді.
Қазақ музыкасын жоғарғы деңгейге көтеріп, өмірге қайталанбас тундылар әкелген ұлы тұлғаның шығармашылығы, музыкалық күймесі ұрпақтан-ұрпаққа жете береді.

Ләззат САРЫБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы