Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүруде. Осы орайда, шаһарды жасыл қалаға және ауа-райын қолайлы климатқа айналдыру мақсатында бүгін облыс жəне қала әкімдігінің бастамасымен жалпықалалық сенбілік өтті. Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлермен қатар жергілікті тұрғындар, БАҚ өкілдері де атсалысты. «Жеңіс» саябағында бастау алған ауқымды шарада: «Облыс әкімінің тапсырмасына сай күзгі, қысқы мезгілді пайдалана отыра қаламызды жасыл қалаға айналдыруды көздеп отырмыз. Жоспарға сәйкес, көктемге дейін 7700 гектар жерге жасыл белдеу жасалатын болады», – деді қала әкімі Р.Аюпов. Сонымен қатар, шаһар басшысы жасыл белдеуге 3.5 млн. көшет отырғызып, нəтижесінде рекордтық көрсеткішке ие болу мүмкіндігін де атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаланы көгалдандыру мақсатында 16 сектор жүйелі жұмыс істеуде. Биыл жалпы саны 197 мың көшет отырғызу жоспарланса, осы секторлардың жұмысы нәтижесінде бүгінге олардың саны 49 мыңды құрап отыр. Ал, жалпықалалық сенбілік аясында 33 техника жұмылдырылып, облыс орталығында 24 мыңнан астам тал егілді.


Сенбілік мұнымен шектелмей, әр апта сайын көшет отырғызу ісі жанданып, қарқынды жүзеге асатын болады.
