БІЛІМ САЛАСЫ БЕТБҰРЫСТЫ КЕЗЕҢДЕ

445 көрілім

Білім саласы қашан да ел үшін елеулі тақырып болмақ. Сол себепті бірнеше ай бұрын жарық көрген мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Түркістан облысының білім сапасындағы бетбұрыстар оң нәтиже береді деген сенімдеміз.

Тәуелсіз Қазақстанда білім және ғылым министрі болған жандарды санасаңыз саусағыңыз жетпейді. Ол ештеңе емес, әр министр өз командасымен келіп қана қоймай, мектептерге ақ тышқан секілді өздерінің шетелдерден әкелген эксперименттерін тықпалайды.

Нәтижесінде, ол өлі туған нәресте секілденген соң, қызметінен босайды. Алайда, оны сол білім саласына жасаған қателігі үшін Үкімет жазаламайды. Арада біраз уақыт өткен соң, ол министр басқа саладан бой көрсетеді.

Міне, енді жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптарға алты түрлі факультативтік сабақтар беріле бастамақ. Оның ішінде экологиялық тәрбиесі түсінікті ал, патриоттық тәрбиені қалай жүргізетіні беймәлім.

Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту тоқтатылатын түрі бар. Мәселен, әлемдегі ең өркениеттің жоғары деңгейіндегі Жапонияда бастапқы төртінші сыныпқа дейін тек қана жапон тілінде сабақ жүргізіліп, дәстүр-салты әбден баланың бойына сіңген соң ғана оны бесінші сыныптан бастап өзге тілдерді оқытуға жібереді екен. Оның өзінде де ата-анасының рұқсатымен жасалады.

Президент Алматыға сапарында ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, бұрын жабылып қалған ғылым ордалары ашылатындығын жариялады. Бұған құп делік. Өте жағымды жаңалық. Алайда, «тәп-тәуір ғана ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керімен білім және ғылымның өздеріне қатысты емес құрылымдарды арқалап кетуі де мүмкін ау.

«Бүтін бір министрлік баланың балабақшадан бастап ғылымға дейінгі жолын қамтып жатыр. Мен бұл салада көп жылдар еңбек еткеннен кейін жағдайды білемін. Біздегі министрлердің 70%-ы жоғары білімді жақсы біледі. Дегенмен мектеп, кәсіптік білім саласынан бейхабар.

Сол тәжірибесі тек жоғары білім саласына негізделген қарапайым бөлім басшысы бүкіл орта және кәсіптік білімге өз саясатын жүргізеді. Ал, министрлік білімнің әр сатысын сапалы қамтуға қауқарсыз болып отыр. Себебі әр бағытта миллиондаған бала мен мыңдаған ұстаздың мәселесі тұр. Көршілес Өзбекстанның өзінде 3 министрлік бар. Ол жұмысты тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді», – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ол министрлікті бөлу жұмысындағы қиындықтарға тоқталды. «Мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білімді қамтитын орган – Білім министрлігі, ал жоғары білім мен ғылымға жауапты Инновация, жоғары білім және ғылым министрлігі құрылса деп ойлаймын. Енді осы министрлік құрамына кіретін комитеттердің бөлінісіне қатысты өзекті мәселелер бар.

Мәселен, балабақша, мектеп, колледждер білім басқармасына қарайды. Ал, ол өз кезегінде әкімдікке бағынады. Кадрлық саясаты мен білім бағыты әкімдік құзырында. Сонда жаңадан құрылатын министрлік тек қаржы бөліп отыратын орган ретінде қалып қояды. Сондықтан, оларды әкімдік құзырынан шығарып, министрлікке өткізу қажет. Бұдан өзге білім сапасын бақылау комитетінің бөлінуі қиын мәселе.

Бұл қай министрліктің құрамында қалуы керек? Әрине екі ведомстваға да аталған орган қажет. Екінші – ол тіл комитеті. Онда жүйелі жұмыс қалыптаспаған. Тиісінше нәтиже болмайды. Сондықтан оны Мәдениет және спорт немесе Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне беру орынды деп ойлаймын», – деді ол.

Саясат Нұрбектің пікірінше, министрлікке қарасты Балалар құқығын қорғау комитетін де арнайы орган етіп шығару керек.

Сонымен қатар депутат ведомство бөлінсе, қызметкерлер жетіспеуі мүмкін екенін айтты.

«Бұрын мен қызмет еткен кезеңде министрлікте барлығын қоса алғанда 800-дей қызметкер болатын. Одан бері бірнеше рет қысқарды. Бүгінде 400-ге жуық еңбеккер бар. Енді оны екіге бөлсе, 200 адамнан келеді. Осыны ескере келе, бұл министрліктер қаншалықты жұмыс істей алады деген сұрақ туындайды», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Ал, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы министрлікті бөлу кезінде штат санын арттырудың қажеті жоқ екенін алға тартты. Оның сөзінше, жаңадан тағайындалатын 3-4 вице-министрге штат қарастырылса жеткілікті.

«Мен министрлікті екіге бөлу туралы ұсынысты осыдан екі жыл бұрын айтқанмын. Дегенмен ол кезде бастама қолдау таппады. Балабақша, орта мектеп, арнаулы орта және жоғары білім орындары мен ғылымның барлығы бір министрлікке қарайды. Бұл – дұрыс емес. Кез келген өз-өзін сыйлайтын мемлекет білім саласына аса мән береді. Сондықтан оны басқару жеңіл, икемді болуы тиіс. Менің ойымша, балабақша, орта мектеп және колледждер бір министрліктің құрамында болуы керек. Ол Ағарту министрлігі болса, екіншісі Жоғары білім және ғылым министрлігі деп құрылғаны жөн деп ойлаймын. Өйткені, біздің елде ғылым дамымай қалды. Егер оның басқару жүйесін өзгертіп, ұйымдастыру шараларын жолға қойса, ілгерілеу басталады.

Екі министрлікке бөлгеннен мемлекетке және өзге де органдарға келетін шығын жоқ. Тек қарамағындағы комитеттерді қажетті салалар бойынша тең бөліп шығарады», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Ал, көпшілік өкілдері ректорлар мен мектеп директорларын тағайындауды тоқтатып, ата-аналар, сарапшылар және мектеп ұжымы өздері сайлап алуы тиіс. Көп шет мемлекеттерде осындай тәртіп бойынша директорларды сайлау мүмкіндігі бар. Екіншіден, мектеп білімнің негізгі өзегі болғандықтан оған басыбайлы билік беру керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлығын бір орталықтан басқару жүйесінен бас тартуымыз қажет. Осылайша Білім және ғылым министрлігі «сен салар да, мен салардың» керімен жүргенде қыркүйек те келіп қалады. Оған мектептер мен колледждер дайындалып үлгермейді. Себебі, қай мекемеге қарайтынын жедел шешпесе болмайды.

Қазір Түркістан қаласында адами капиталды дамыту бөліміне қарасты 33 мектеп бар. Одан бөлек, 10 жеке меншік білім ордасы бар. Отырар мөлтек ауданында жаңадан 900 орындық мектеп ашылды. Бұл жерде мыңдаған мұғалім мен отыз мыңның үстіндегі оқушылардың тағдыры тұр.

Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін «Ashyq» жүйесі енгізілді. Онымен қоса бір сыныптың ішінде 25 оқушыдан аспауы тиіс. Қазір қала мұғалімдерінің 97%-ы вакцина салдырды. Одан бөлек, медициналық қарсы көрсеткіштері бар (жүктілік кезеңінде жүрген, созылмалы аурулары бар т.б) мектеп қызметкерлеріне екпе салдыру міндеттелмейді.

Ал, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне лицензиялау енгізу туралы ұсынысын орынсыз деп санайды. Мұның сыртында алдағы оқу жылында мектеп формасы қандай болады деген сұрақ жылда мектептердің алдынан шығады.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов болса, «хиджаб кигендер қашықтан оқытылсын» деген ұстанымын жеткізді. Сонда мемлекеттік қызметкер барлық мәселені жеке дара шеше берсе не болмақ? Білім саласында түсініксіз жәйттар әбден қордаланып қалған. Мұның қалай шешілетінін уақыт көрсетеді. Бірақ, мұғалімдер мен ата-аналар барлық мәселені ортаға салып ақылдасып шешсе, алынбайтын қамал жоқ. Бәрінен бұрын, мектеп оқушыларымен ақ тышқан секілді тынбай келе жатқан кездейсоқ сынақтарды тоқтататын кез келді.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы