ОҚУШЫЛАР СПАРТАКИАДАСЫН ӨТКІЗСЕК…

241 көрілім

Түркістан қаласында екі-үш жыл бұрын бесіктен белі шықпаған балалар бір-біріне әлімжеттік танытып, қатарластарын тепкінің астына алғанын желі қолданушылары әлі ұмыта қойған жоқ. Сол секілді таяуда әкімдікте кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мәселесі жөніндегі комиссия (комиссия мүшесі едім. Кейінгі отырыстарына шақырмай қойды) отырысына қатысып едік, қаламыздағы ең таңдаулы мектептің оқушы қыздары оңаша шығып, өзара кім мықтыны анықтағанын естідік. Сол сияқты оқушылар арасында мұндай «сорақы» әрекеттер жалғасып кете береді. Оған қалай жол беріп жатырмыз? Әрине, бірінші тәрбие мәселесі және осы ұғыммен терең ұштасып жататын идеологиялық іс-әрекеттердің «қағаз жүзінде» ғана көрініс табуы жас өскіндердің жаға ұстатар әрекетке баруына жол ашуда. Иә, көпке топырақ шаша алмаймыз. Бірақ, ішінара тиянақсыз тірліктерді көзбен көрген кезде осылай ащы дауысың шығады екен.

Аталған жайларды алдын алудың бір амалы ретінде мен жыл сайын 10-9-сынып оқушылары арасында қала әкімінің кубогы үшін спартакиада өткізіліп тұрса деген ұсынысым бар. Жасөспірімдер арасында түрлі талант иелері болатыны сөзсіз. Аталмыш сайыс көзінде оты бар осындай балаларды жарыққа шығарып, оқушылар арасында жақсылыққа қарай қадам жасау әрекетіне себепкер болар еді.

Мәселен, байқауды кешенді түрде білім, өнер, спорт сайысы деп үш топқа бөлсек. Осы бағыттар бойынша қаладағы барлық мектептің 10-сынып оқушылары және колледждердің ІІ-курс студенттері жыл сайын өзара бақ сынасып, әкім кубогын сарапқа салса. Оқу жылының соңына қарай яғни сәуір айында ақтық сайыстар өткізіліп, озық шыққандарды арнайы жүлделермен марапаттап, жеңімпаз оқушылары көп мектепке ауыспалы кубок тапсырып отырсақ. Бұл бір жағынан мектеп басшыларының да жауапкершілігін арттырса сонымен бірге, мектеп жанындағы түрлі үйірмелердің жұмыс қарқыны арта түсетін еді.

Бізде оқушылардың талабын шыңдауға толықтай мүмкіндік бар. Соны мүлт жібермей пайдаланып отырсақ болғаны. Осы ретте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы және қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы сонымен бірге колледж басшылары қолдау көрсетіп, игілікті істі алдағы оқу жылынан бастап қолға алса.

Бұл бастама бұрын соңды болмаған деп айта алмаймын. Басқа өңірлерде бұған дейін тұрақты жолға қойылған болуы да ғажап емес. Ең бастысы оқушылардың бәсекеге қабілетті болуына, сыныптастарының алды болуға, қала берді біріншіліктің жеңімпазы атанып, шаһар басшыларының қолынан арнайы жүлделерге ие болуға барын салып ұмтылар еді. Мұндай арман жетегіндегі бала теріс қылықтардан аулақ жүретіні анық және қаладағы барлық мектептің ес жиып қалған оқушылары бір-бірімен араласып, туған мекенінің абыройы үшін білім, өнер, спорт салаларында күш біріктіріп дос болар еді.

Бұл бастамаға «Түркістан» қалалық газетінің ұжымы мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әзір. Бәлкім спартакияда өткізу ісі жалпыхалықтың қолдауға ие болып жатса, барша түркістандықтарды үлес қосуға шақырамыз! Қала көлемінде ғана емес, аудан-қалалар арасында жергілікті жердегі әкім кубогының жеңімпаздары облыс әкімінің кубогы үшін бақ сынасып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы