«БОЛАШАҚҚА СЕНІММЕН» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНЕ МҮМКІНДІК БЕРІЛЕДІ

476 көрілім

«Bolashaq» бағдарламасы түлектері қауымдастығы мектеп түлектеріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін «Болашаққа сеніммен» кәсіптік бағдар беру жобасын бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларды ерте жастан бейімдеу айырықша маңызға ие болуы керек екенін атап өтті. Осы орайда былтыр аталған жоба пилоттық түрде 40-тан астам мектепте жүзеге асырылды. 2023 жылдың соңына дейін 500 астам мектепті қамту жоспарланған.

«Жалпы 3 мыңнан астам оқушы қамтылды, оның ішінде 10-12 сыныптағы балалар бар. Біз оларға нарықтың дамуы және мамандық таңдау кезінде алдарында қандай триггер болуы тиіс екені жайлы айттық. «Болашақ» мамандары-менторлар өздерінің өмірлік немесе кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Зерттеу деректері бойынша бүгінгі таңда еңбекке қабілетті халықтың 60%-дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл үлкен мәселе. Сондай-ақ мектеп оқушыларының 87%-і ата-ананың және мектеп мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайды. Бұл ретте ата-аналардың 25%-ы балаларының қандай мамандықты таңдағысы келетіні туралы түсінігі жоқ екенін айтады», – деді спикер.

Бұл “Болашақ” Қауымдастығының жүйелі жобаларының бірі. Онда ірі қалаларға ғана емес, еліміздің шалғай өңірлеріндегі мектептерге де ерекше назар аударылатын болады.

«Біз баршаңызды жобаға қатысуға шақырамыз, ешқандай шектеулер жоқ. Қазірдің өзінде 40-қа жуық дайын тәлімгер бар. Сайтта сауалнаманы толтыруға болатын арнайы сілтеме бар. Үйлестірушілер әртүрлі мектептердің түлектерімен кездесу ұйымдастыруға көмектесу үшін хабарласады. Тәлімгерлерге көмектесу үшін жақсы психологиялық зерттеулер дайындадық. Ірі қалалардың тұрғындарына ғана емес, мысалы, өндірісте, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің барлығы жобаға қатыса алады, біз ауыл мектептеріне баса назар аударамыз. Қалаларда мүмкіндіктер көп. Ал ауылдық жерлерге өзіміз барып қандай мүмкіндіктер барын көрсетуіміз керек. Мамандарды жобаға қатысуға шақырамын. Біз өз тарапымыздан барлық көмекті көрсетеміз. Жас ұрпаққа дұрыс мамандық таңдауға көмектесейік!», – деді спикер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы