МЕС АТА, ЖЫЛАҒАН АТА САПАРЫ

549 көрілім

(Жалғасы. Басы газеттің №3 санында).

Айы-күні жеткенде «О, Құдайлап» толғатып, Мес туады Шаш ана жеңілденіп босап іш. Құрышқан ата сол кезде, тілдеседі Алламен! «Ауыстырып алдың ба, мына месті баламен?». Сонда Алла айтады: «Сен сұраған нәрсе» бұл, Риза бол да жүре бер, арқалап месті даламен». Мес арқалап Шаш ана, шалғынды жерге демалған, Арқасынан түсіріп бала месті қойған кезде, «о, жалған», Мес жарылып ішінен айдарлы бала қашады, Жарылған жер ойылып терең бұлақ боп қалған. Міне осы жер, аталады «Мес әулие бұлағы», Қарабай шалдың ұрпағы осы өңірде тұрады. Айдарлы бала жаңағы Табақ бұлақ арқылы, Қайдасың деп Қаратау, туралап жолды бұрады. Сол баланың «Жылаған ата» болды қазір тұрағы, Кереметті түсінуге пенденің көп қой сұрағы. Зиярат қып барғанда, пейілі таза адамдар, Күркіреп кеп көбікті су, сол адамды жуады. Аңыз бойынша Құрышқан ата мен Шаш ана бір перзентке зар болып жүріп, Алланың әмірімен дүниеге мес әкеледі. Сол мес осы жерде жарылып, жарылған жері үлкен бұлақ болып қалған. Бұлақтың ені – ұзындығы 7 метрдей, дөңгелек. Суы дәрі. Қысы-жазы бір деңгейде тұрады. Қыста қатпайды, жазда суы мұздай. Бұлақтың тереңдігін ешкім дәті барып өлшемеген. Терең болса керек. Аталарымыз айтып отыратын «құрық бойламайды» – деп. Сонымен кешігіп жеттік-ау. Біз келген соң дастархан басындағы үлкенді-кішілі ағайындар өре түргеліп бірі қол беріп, бірі құшақтап, бірі бетімізден сүйіп мәз-майрам болдық. Асаба жігіт сол келген бетте маған сөз беріп жіберді. «Игілік» туып менің өскен жерім, «Мес ата» кіндігімді кескен жерім. Шыр етіп бұл өмірге келге кезде, Бетімнен сипап еді ескен желің, – деп «Игілік» туралы жазылған өлеңнің бір шумағымен сөзімді бастадым. ИГІЛІК «Игілік» туып менің өскен жерім, «Мес ата» кіндігімді кескен жерім. Шыр етіп бұл өмірге келге кезде, Бетімнен сипап еді ескен желің. Ержеттім, есейдім мен, Азаматпын, Көкпарда көрдім сәнін қазанаттың. «Жалпақ сай» мекендеген ата-бабам, Жеріндей билік құрған қағанаттың. Арық-өзен, қыратың тау сияқты, Екі тал көрінетін бау сияқты. «Қасқабұлақ» мөлдірсің сағынамын, Суың дәрі ішкенде бал сияқты.

Тау жағы Игіліктің «Табақ бұлақ», Ел жайлау, мөлдір су, көкпек құрақ. Шілдеде теріп жүріп қызыл шие, Жаңбырды күтуші едік көктен сұрап. Оңтүстігі «Қарасу» салқын жазық, Кетейін кереметін айтып жазып. Егілген егіндері бітік шығып, Жинайтын осы жерден керек азық. Алтын ұя – Игілігім бай қосындай, Бақ келмес бірлік болмай, ел қосылмай. Қандай ғана данышпан ата-бабам, Жерлерді таңдап алған дәл осындай. Қолдасын, жебеп жүрсін аруақтар, Өсіп келед ұрпақтар сенім ақтар. Бірлік болсын ағайын әр уақытта, Сол кезде айналып кеп қонар бақтар. Осылайша жырға қостым туған жерді. Аңсаймын, сағынамын дархан елді. Елім аман, жеріміз тыныш болсын. Бейбіт заман, өркендейтін кезің келді. Өткендерге салауат, жақсы жағдайларға ортақ екенімді айта келіп, «Туған жерге тағзым» атты кітабымның тұсауын кестіріп, ағайындарға тараттық. Бір топ мектеп оқушылары менің өлеңдерімнен үзінділер оқып, жиналған елді риза етті. Жас бүлдіршіндерге, өлең оқыған әр қайсысына қол созып, рахметімді айттым. Көптің ішінде Әнепия ақсақалға арнайы қасына барып, қолын алып сәлем бердім. Бұл кісінің 90 – нан асқан кезі. «Түркістан» телеарнасынан келген жігіттер бұлақ басында ақсақал ретінде менен интервью алып, кешкі жаңалықтарда көрсетті. Жиыннан кейін Базарбай інім бір топ алыстан келген ағайындарға дастархан жайып, меймандостық білдірді.

Бұл дастархан басында өткен ағайындар үлкен кісілер, белгілі азаматтар туралы еске алып, арқын-жарқын ағайындық-туысқандық лебіздер айтылып, нағыз елге ағайындарға келгенімді сезініп қайттым. Ағайын туыстарға ризашылықтан басқа айтарым жоқ. Ертеңіне 25 тамыз күні аңыз бойынша айтылатын «Жылаған Атаға жол тарттық. Ережеп, Бауыржан үшеуіміз. Сол жарылған местен шыққан «айдарлы бала» Қаратауға қарай қашқан ғой. Сол баланың ізімен жүріп келеміз. Жол өте ауыр, өзеннен өтесің, қия таспен жүресің. Сыратай ағаның баласы Мұраттың «вездеход» машинасымен 50 шақырымдай жерді екі сағаттай уақытта жүріп өттік. Қия беттен өтіп жазыққа шықтық (жонға). Жонда салқын самал жел соғып тұр, үйір-үйір жылқылар. Мына «Тас құдық» Құрышқан атаның найзасының қадалған жерден пайда болған», – деп жол бастаушы Ережеп түсіндіріп жатыр. Аңыз бойынша Құрышқан ата баласының артынан қуып келе жатып «уһ» шаршадым-ау деп найзасын қадаған екен дейді осы жерге. Құдықтың тереңдігі 2–3 метрдей. Әдейі таспен шегендегендей. Суы мөп-мөлдір тәтті. Жанашыр кісілер құдықтың басына қада қағып, мықты арқанмен шелек байлап қойыпты. Жанына бетондап, әуіт салыпты. Айналасын қоршап қойған. Біріншіден зиярат еткен кісі шелекпен су алып ішсе, екіншіден әуітке су құйып кетеді екен, жүгірген аң, шөлдеген жан – жануарлар су ішеді. Бұлда бір сауапты іс. Бізде сусындап, дұға бағыштадық. Әуітті толтырып кеттік. Осы жерде Құрышқан атаның тасқа басқан ізі қалған.

Ары қарай жол тегістеу болды. «Жылаған Атаға» бару үшін көлігімізді сол жонға тастап, 3 шақырымдай жалғыз аяқ жолмен төмен өзеннің бойына жету керек. Көлікті қалдырған жерде, бір автобус «КаВЗ» біздің алдымызда бір топ адамдарды әкелген екен, жүргізуші сол жерде күтіп отыр. Бұл жер келген көліктердің аялдамасы. Бірнеше ондаған жылдар халық осында келіп зиярат еткен ғой. Бір кісінің қайтыс болған жері бар, басында белгі орнатқан. Осы жерде биіктігі 1 метрге жуық «балуан тас» тұр. Аңыз бойынша «айдарлы бала» осы тасты көтеріп шыныққан көрінеді. Ия, қия жолмен жүріп келеміз. Сәл аяғың тайып кетсе, құзға қарай домалайсың. Өте сақтықпен жүріп отырып жеттік – ау, Жылаған Ата үңгіріне келдік. Ақтөбе өзені осы Қаратаудың күнгей бетінен бастау алады. Суы аз көрінді, дегенмен ойдым-ойдым су жиналған жерлерде балықтар ойнап жүр. Шырақшы кісі – осында келген бір топ зиярат жасаушы-лармен әңгімелесіп отыр екен. Тастан қаланған, тақтайдан қиюластырып жасаған екі-үш кішігірім өлшек – үйлер. Зиярат жасаушылар көп материалдарды сол өздері жүрген қия жолмен әкелгенге ұқсайды. Жекелеу тұрған тастан қаланған өлшекті Ережептің әкесі Кеншінбай тұрғызыпты. Ол кісі Колхоздың малын бағып жайлауға келген кезде Жылаған Атаға жиі келіп жүрсе керек. Ыдыс-аяқ, кесе-шәйнекті де сол кісі әкелген көріне-ді. Шырақшының қасындағы кісілердің келгеніне 2 күн болыпты. Алыстан кел-ген. Өзбекстаннан, Қызыл Орда қаласы-нан келген кісілер. Зиярат етіп, мал со-йып, Аллаға жалынып, перзент тілеген кісілер. Сонымен су ағатын үңгірдің алдына келдік. Үңгір өзеннің күн шығыс жағында, қия бетте екен. Екі әйел, екі ер кісілер отыр. «Екі сағат болды отырғаны-мызға, құранымызды оқыдық, су келген жоқ үңгірден», – деп қынжылды әйел кісі. Бізде отырып құран бағыштадық.

Алланың құдіреті ме әлде су ағатын циклдың келген кезі ме, 10 минуттан кейін үңгірден сарқырап су аға бастады. Асыға-үсіге ыдыстарымызға су алып, бетімізді жуып, қанғанымызша су іштік. Суы тәтті. Мұздай. Үңгір. Биіктігі 20 метр шамасы жоғарыда орналасқан. Ол жерге бару мүмкін емес. Тіп-тік қия тас. Су шығып жатқан жерді көруге қанша әрекет жасасақ та бара алмадық. Осы үңгірден аққан су бес он минуттан кейін тоқтады. Аққан су өзенге қосылып жатыр. Өзеннің бойымен жоғары 200 метрдей жүрсең тастан ойып жасалған «ванна» бассейн сияқты ойдым тас-су толып үстінен асып ағып жатыр. Келген кісілер сол «ваннаға» түсіп, шомылып, салқындап алады. Аңыз бойынша «алтын тәжді» бала үңгірінен шығып осы ваннада шомылатын болған. Тау беткейінде және бір үңгір (пещера) бар. Аңыз бойынша сол бала ол жерде дем алып отырады. Ол үңгірге де жете алмадық, қалың жабайы үйеңкілер, қия тастар, орта жолдан қайттық. Шырақшының үйіне келіп, дем алып әңгімелестік. Бізге шай, палау беріп тамақтандырды. Май айының соңынан бастап бес ай бойы осында тұрады екен бұл кісілер. Келім-кетімді адамдар үзілмейді білем.

Құран бағыштап, зиярат қаржымызды шырақшыға беріп, қайтадан сол баяғы үш шақырым қия жолмен жоғары көтерілдік. Жоғары қарай жүру ауырлау болды. Көлігімізге мініп енді осы Ақтөбе өзенінің бойымен «айдарлы бала» қашқан жолмен төмен түстік. Біз барарда Абай өзені, «Дәу қара» жақтан көтерілген едік – бұл жол ұзақтау екен. Енді тура Мес – Атаға келе жатырмыз. Жолдағы «Ұя түп» те кідіріп суретке түстік. Бұл жер аңыз бойынша таудан телегей – теңіз болып ағып келе жатқан судың ағысы саябырсып, жерге сіңетін жері. Құрышқан ата баласынан қайтып келе жатып, артына қараған жер. Өзеннің аңғары осы жерде кеңейді. Жан – жағын қоршаған тау. Кең тыныс аласың. Аспан түгел көрінеді. Өзен аңғарынан шыға беріс жер де кең алқап. Ертеде кеңес кезінде бұл жерде шопандар отыратын, малын жайып. Сайдың кемеріне жақын жерде топ – топ шеңгел өседі, қалың. Ережеп есіне түсіріп «осы жерде үлкен сары жыландар болатын, бастарын жоғары көтеріп, ысқырғанда мал үркетін еді», – дейді. Жылаған Атаға сапарымыз осымен аяқталды. Ендігі мақсат туристердің жолы осы Мес –Ата арқылы Жылаған Атаға түссе екен дейміз: «Түркістан – Бабайқорған, Мес – Ата – Жылаған – Ата маршруты бойынша».

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ,

Алматы – Түркістан – Мес – Ата, Жылаған – Ата, Алматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы