ПИЛОТТЫҚ РЕЖИМДЕ 88 БЕЙНЕКАМЕРА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

1  429 көрілім

Қоғамдық ахуал осыған дейін тек тəртіп сақшыларының назарында болса, енді бейнекамералар да тиісінше бақылаудың басты бағытына айналмақ. Себебі, Қазақстанның ірі қалаларындағы бұл жүйе 170 мыңға жуық халқы бар рухани мекенде де жүзеге асуда. Əрине, облыс орталығы атанғанына жылдан асқан шаһар үшін бұл лайықты дүние. Əсіресе, көлік жүргізушілермен қатар, тұрғындардың қоғамдық орындағы іс-əрекеті əрбір келуші қонақтардың бірінші көз алдында көрінетін құбылыс екенін ескерсек, туристерді тартуды алға қойған Түркістанда бұл расында ерекше ден қоятын жағдай-ақ. Бұл тұста, тек қаланың емес, қала халқының да мəдениетін көтерудің маңызы зор. Темір тұлпары бар азаматтар үшін жол жүру ережесі, соның ішінде бүгінде жиі орын алатын 3D нөмірлерді тағу, рөлде отырып телефон қолдану, қауіпсіздік белбеуін тақпау, бағдаршамның қызыл түсіне мəн бермеу, бір сөзбен айтқанда “заңға бағынбаймын” десеңіз бұған дейін полицейлер қадағалап тоқтатқан болса, енді олармен қатар бұл жұмысты бейнекамералар міндетіне алатын болады. Тек өзіңіз қолмен жасаған істі қалтаңыз көтерсе болғаны. Ол үшін мемлекет қазынасы толмаса, азаймасы анық. Бұл тұста не дейміз? Əрине, еліміздің қорындағы қаржыны көбейтуге қосқан үлесіңіз дерміз…

  Тақырыпқа тоқталсақ. Ендеше, камералар қашан  орнатылады? Олар қандай функцияларды орындайды? Пилоттық жоба қашан аяқталады? Оқырмандар сұрауы бойынша аталған сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

  Бүгінде жалпы шаһар аумағында 5 компанияның жұмысы тəжірибеден өтуде. Əрбірінің өзіндік қызметі, ерекшелігі жəне бақылау жүйесі бар. Нақты айтсақ, жылдамдықты асыруды анықтау, тұлғаны жəне қалып қойған затты тану мен іздеу, шоғырланған адамдар ортасын анықтау, бағдаршамның қызыл түсінен өту, тоқтау сызығы жəне қоғамдық орындағы тəртіпті бақылауға алу. Яғни, тек зытқыған төрт доңғалақты көліктер мен оның иесі ғана емес, көшеде ары-бері өткен азаматтар да камераның назарында болады. Ұрлық жасау, арнайы жолақтан өтпеу, қоқыс тастау… енді мұндай олқылықтар тасадан қалмайды. Осындай қарапайым дүниелер үшін еңбекпен келіп жатқан жалақыңыздың бір бөлігі өзіңіздің салғырттығыңыздың нəтижесінде көкке ұшады, түсінесіз бе?

  Естеріңізде болса, қаламызда мамыр айында “Түркістан” əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясының” “Түркістан облысының Цифрландыру орталығы” филиалының ұйытқы болуымен “Smart Turkistan” форумы өткен болатын. Онда 150-200-ге жуық компания қатысып, ұйымдастырушылар олардың бірнешесімен меморандумға отырған еді. Міне, бүгінде 5 айға жуықтаған уақытта цифрландыру бағытындағы іргелі істер оң нəтижесін беруде. Соның бірі – “Түркістан – қауіпсіз қала” жобасы.

  Айта кетейік, мониторинг, талдау жəне тестілеу жұмыстары қазан-желтоқсан аралығында, яғни, үш ай көлемінде жүргізіледі. Бүгінде 88 камера іске қосылды. Алда бір апта ішінде тағы 27, яғни, жалпы саны 115 камера орнатылмақ. Сол сəттен бастап пилоттық режим де қызметін толықтай бастайды. Тіптен, олардың санын көбейту əлі де қарастырылуда. Ал, бұл камералардың қайда орнатылғаны жұртшылықтың көкейінде туындаған сұрақ болған еді. Нақты айтсақ, бейнебақылау камералары Тəуке хан жəне Б.Саттарханов даңғылдарында, С.Қожанов пен Т.Бокин жəне С.Қожанов көшесі мен қалалық аурухана қиылысында, Байбұрт жəне Əйтеке би көшелерінің қиылысында, Əмір Темір көшесінде, сондай-ақ, С.Ерубаев пен Кенесары, С.Ерубаев пен Т.Нышанов, Т.Нышанов жəне Н.Оңдасынов көшелерінде орнатылған. Дегенмен, заң бұзушылықтар бойынша əзірге айыппұл салынбайды. Ал, жыл басынан, яғни қаңтар айынан бастап тəжірибелі, оңтайлы əрі жылдам қызмет көрсететін компаниямен келіссөз жүріп, қала көшелері таңдалған мекеменің бейнекамераларымен толықтырылатын болады.

                                Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

                                                           “Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы