МЕКТЕПТЕН АШЫЛҒАН МҰРАЖАЙДЫҢ МАҢЫЗЫ

855 көрілім

Түркістан облысындағы тарихы терең өңірлердің бірі – Келес ауданы. Мың ғасырлар тоғысындағы тарихы терең ауданда құнды жәдігерлер де сақталған.  Соның бірі мектеп мұражайындағы құнды жәдігерлер. Мұнда Қараханидтер заманындағы ерекше қыш ыдыстар да сақтаулы. Білім ордасындағы тарихи жәдігерлер туралы ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бахтияр Сапарұлымен сұхбат құрдық.

– Бахтияр Сапарұлы, Келес ауданы №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде тарихи-археологиялық мұражай жұмыс істейтінін көпшілік біле бермейді. Жақында әлеуметтік желілерде осы мұражай туралы біршама жазылды. Кімдер мұражайды ашты, мақсаты не жалпы осы туралы айта кетсеңіз.

– Білім ордасындағы мектеп  мұражайда біздің заманымыздың I-XIII ғасырларына жататын тарихи құнды экспонаттар сақтаулы. Археологиялық қазба жұмыстары 1985-1986 жылдары жүргізілген. Қазба жұмыстарына жетекшілік жасаған – сол кездегі Қазақ КСР-сы Ғылым Академиясына қарасты Археология институтының ғылыми қызметкері, ғылым докторы К.А.Ақышев пен тарих ғылымының кандидаты А.Подушкин. Мұражай 1990 жылы Келес аудандық атқару комитетінің 28-ақпандағы №497 шешімімен ашылған. Мұражайды ұйымдастырып ашқан азаматтар – сол кездегі Келес аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, қазақ халқы мен тарихының жанашыры – Гулнара Ақбердина, Жүзімдік кеңшарының директоры, ұлт пен ана тіліміздің жанашыры, мәдениет пен өнер қамқоршысы – Беркін Қалмаханов, №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, бала тәрбиесінің бағбаны, майталман маман – Асқанбай Есенбеков.  

Мұражай жұмысының негізгі мақсаты – оқушылардың тарихи, өлкетану бағытындағы танымын арттыру және оларды патриоттық рухта тәрбиелеу.

– Иә, мектепте мұндай құнды заттардың сақталуы ауыл тұрғындары үшін де үлкен абырой ғой. Енді сондағы экспонаттар жайлы сөз қозғасақ…

– Мектеп мұражайының жалпы аумағы – 68 шаршы метр болатын екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы – 56 шаршы метр. Мұражайдағы жалпы экспонаттар саны – 152. Негізгі экспонаттар: Алтарь ошақ, саз балшықтан жасалған көзе, құмыралар, қоладан жасалған тұрмыстық ыдыстар, құлпытас, тастан жасалған қол диірмен, ағаш ыдыстар, шоқпар, құрылыс кірпіштері және тағы басқалар.                                                                    

– Мектеп мұражайының халық пен өскелең ұрпақтың игілігі үшін талапқа сай күтім жасап ұстап тұру, экспонаттық қорын үнемі толықтырып жаңартып отыру, түрлі безендіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Жалпы мұражайда заттар дұрыс сақталады ма?

– Мұражай тұрақты түрде, қоғамдық негізде жұмыс істейді. Мұражайға 1993-2011 жылдары жетекшілік жасаған ұлағатты ұстаз, патриот азамат, мектепте көп жылдар басшылық қызмет атқарған А.Есенбековтың еңбегі айрықша болды. Ауыл тұрғындары да музейдің экспонаттық қорын толықтыруда, сақтауда ерекше белсенділік танытып, үйлеріндегі ескі тарихи жәдігерлерді мұражайға әкеліп тапсырды. Атап айтқанда, ауыл ақсақалдары мен азаматтары – Тастемиров Әсілбай, Жұмағұлов Мырзағали , Ахметов Исабек, Сәрсенов Нарбай, Ботбаев Сыдық, Пазылов Артықбай, Үсенов Ақберді, Парманов Ақжол, Сапаров Қамбарқұл, Иманов Жолдас, Айдаров Қалыбек, тағы да басқалар.                                                                Сонымен қатар қазіргі таңда 2011 жылдан бері қарай мектеп мұражайына жетекшілік жасап жүрген директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарихшы Усенов Қайрат, мұражайдың жұмысын оқушылар мен жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде тиімді пайдаланып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше қызмет атқарып жүрген азамат. Экспонаттарды осы азаматтар келер ұрпаққа аманаттайтынына сенімдімін.

– Бахтияр Сапарұлы, сұхбатыңызға көп рақмет. Алдағы уақытта да тың жаңалықтармен бөліседі деген сенімдемін.

Сұхбаттасқан Д.МЕҢДАЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы