ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫЖАЙ ИЕЛЕРІНЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛУДА

194 көрілім

Түркістан облысында жылыжайлары жарамсыз күйге түскен шаруаларға жеңілдетілген несие берілуі мүмкін. Жалпы өңірдегі жылыжайлардың 94 пайызы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы болғандықтан қалың жауған қардың салмағын көтере алмаған.

Нәтижесінде 167 тауар өндірушінің 37 гектарды құрайтын жылыжайы жарамсыз күйге түскен. Ал, көмірдің тапшылығынан 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайдың өнімдерін үсік шалған. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша бүгінгі күні шаруаларға қолдау көрсетіп, көмек беру жұмыстары жүріп жатыр.

«Мемлекет тарапынан жылыжай тауарын өндірушілердің қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмысы да зерделенеді. Жалпы басқарма тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары бойынша министрлікке нақты ұсыныстар жолданды. Оның ішінде жылыжай кешендерінде пайдаланылған энергия көздерінің (электр энергиясы, газ) 50%-ын субсидиялау, жылыжайларға қажетті әлеуметтік көмір отынын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы мерзімінде тікелей жеткізу жолдарын қарастыру көзделген», – деді Нұржігіт Мырзахметов.

Айта кетейік, жалпы өңірде 1500 гектардан астам жылыжай бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы