ТҮРКІСТАНДА “КІТАП TRAVEL”- 2023 АКЦИЯСЫ ӨТТІ

644 көрілім

Түркі халықтарының астанасына айналған түркістан облысында «Кітап Travel – 2023»  «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты іс-шара өтті. Аталмыш іс-шара  “Фараб” әмбебап кітапханасында, түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және “Фараб” әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қолға алынған. Ең алдымен жиын “Әдеби финал” атты семинармен бастау алды.  Іс-шара барысында үздік кітапханашылар арасында өткен «Кітапхана.Уақыт.Біз» байқауының қорытындысына сәйкес жыл үздіктері таңдалып, арнайы марапатқа ие болды.  

Сондай-ақ, үздік оқырман отбасы, және ең үздік аудандық кітапхана, үздік ауылдық кітапхана номинация иегерлері анықталды.  Ең үздік ауылдық кітапханалар номинациясына ие болғандар қатарында Түлкібас ауданы Ақсу ауылдық кітапханасы, Келес ауданы кітапханасы жүлдегер атанды. Сонымен қатар, номинация иелеріне ақшалай сыйлықтар таратылды. «Әдеби финал» жобасы аясында ең үздік оқырмандар анықталды. Олар:

  1. «Алтын формуляр» иегері – Өтеген Ысқақұлы.
  2. «Үздік оқырман отбасы» – Бекнұр Нұржанұлы.
  3. «Кітапхананың тұрақты үздік оқырманы» – Шерхан Саматұлы.
  4. «Ерекше мүмкіндікке ие оқырман» – Қымбат Советхановна марапатталды.

Айта кететіні, «Алтын формуляр» аясында марапатталған оқырман Өтеген Ысқақұлы ағамыз бір жыл ішінде 100 кітапты бойына сіңірген. Ортамызда осындай кітапқұмар жандардың болуы, қоғамға үлгі болары анық. Сондай-ақ, кітапхана атынан ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы Әселхан Қалжанға кітапхана директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы сыйлыққа кітап табыстады.  

Жиынның ашылу салтанатында «Фараб» әмбебап кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы, кітапхананың көркеюіне қатысты біршама жоспарлар жайлы талқылады соның бірі,  электронды сандық сирек қорды ұлғайту мәселесі. «Тарихтан жеткен аманат» – авторлық құқықты сақтай отырып өңір тұрғындарынан, кітапхана қорынан, өңірлік өлкетану музейлерімен келісім шарт жасау негізінде сирек қор жинақтап «Фараб» кітапханасының кітап сканерін пайдалана отырып сандық көшірмеге өту жайлы жан-жақты ұсыныстар тыңдалды. Акцияның басты міндеті өңірлік кітапханалардың қызмет көрсету бағытындағы озық идеяларды анықтау, сондай-ақ бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыру үшін кітап оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табу және жүзеге асыру, кітапханалар арасында әріптестік байланысты күшейту болатын.

«Кітапханашының жұмысы мүмкін айтарлықтай  көзге көріне қоймас, дей тұрғанмен әрбір кітапханашының жасап жатқан еңбегі ұшан теңіз! Себебі ата-бабаларымыздан қалған мұраларды аманат тұтып, жауапкершілікпен қарау кітапханашылар үшін үлкен құрмет және ауыр жүк. Ең бірінші кезекте заманауи бағыттағы кітаптармен қатар, дәстүрлі кітап оқу әдісін қолға алу» дейді – «Фараб» әмбебап кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы. 

«Кітап Travel» – 2023 акциясын Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып берді. Сонымен қатар, мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы, басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы, Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы Ерлан Күзембаев,  Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Сүлеймен Тұрсымбайұлы сондай-ақ бірқатар зиялы қауым өкілдері, әжелер алқасы,  және түркістан облысы бойынша кітапханалардың директорлары шақырылған.  Жиын соңында  “Әдеби финал”- 2022 қорытындысына сәйкес директорлар арасында  “Директор BATTLE” сергіту ойындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, оқырмандар арасында өткен байқаудың жеңімпазы анықталып, сыйға тартылған кітаптары табысталды.

Айта кетсек, жиын барысында концерттік бағдарлама қойылып, сахна әсем әнмен көмкерілді. Бұл акцияның басты мақсаты -өңірімізде кітапсүйер азаматтардың зейінін еселеу, оқырман тарту арқылы үздік өлкелерді анықтау.   Кітап-білім құралы болғандықтан кітапханашы мамандар  осы тұрғыда ерен еңбек етуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы