Аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сарқынды суларына арналған кәріз жүйесіне септик орнату құрылысымен және көпқабатты тұрғын үйлердің сапасымен танысты.
Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің сарқынды суларына арналған кәріз жүйесіне көлемі 120 м3 құрайтын үш дана септик орнату құрылысы жүргізілуде.

«Қазіргі таңда аудандағы көпқабатты тұрғын үйлерде кезекте тұрған азаматтарға үйді ертерек пайдалануға беру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жауапты бөлім басшылары мен мердігер мекеме басшыларына септик орнату жұмыстарын тез арада аяқтау қажет. Дегенмен бірінші кезекте құрылыс жұмыстарының сапасына аса мән беру қажеттігін ескертемін», – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Сарыағаш қаласы бойынша сарқынды суларды тазарту станциясының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржыны бөлдіру үшін республикалық және облыстық бюджеттерге ұсыным жолданды.

Айта кетсек, аудан әкімінің жеке қабылдауында тұрғындар тарапынан «Азия-мед» медициналық орталығының қосымша ғимараты заңсыз салынып жатқаны туралы мәселе көтерілген болатын. Осы мәселе бойынша аудан әкімі «Нұрболат» өндірістік кооперативіне тиесілі «Азия-мед» медициналық орталығына барды.
Нәтижесінде, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының маманы шақыртылып, құрылыстың заңдылығы тексерілді. Басқарма маманы кооперативтің сенімді өкіліне құрылысты бір қабаттан жоғары етіп салмау, егер құрылыс заң талаптарын бұзған жағдайда тиісті шаралар қолданылатындығын мәлімдеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі жауапты тұлғаларға құрылысты заң нормаларына сәйкес салу, арнайы автотұрақ қарастырып, медициналық қалдықтарға арналған қоқыс жәшігін орнату бойынша арнайы тапсырмалар міндеттеді.
