ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙДЕН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ҚОЛАҒА ИЕ БОЛДЫ

258 көрілім

2023 жылғы қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы қола жүлдегер атанды.

Қазақстандық хоккейшілер 3-орын үшін сайыста Жапониямен майданға түсті.

Құрамалар алғашқы болып есеп ашуға күш салды. Нәтижесінде 6-минутта қазақстандық Максим Мухаметов қақпаны дәл көздеп, өз құрамасын алға шығарды. Бірінші кезеңде есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болды. Алайда оны құрамалар пайдалана алған жоқ.

Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қатарынан үш шайба соқты. Ойынның 22-минутында Саян Данияр есепті ұлғайтса, одан кейін Максим Мухаметов – 24, Әлихан Өмірбеков – 25, Батырлан Мұратов 38-минутта мергендік танытты. Оған 39-минутта жапониялық хоккейшілер бір шайбамен жауап қайырды.

Үшінші кезеңде қазақстандық Әли Қасенов 42-минутта гол соқса, Максим Мухаметов 47-минутта хет-триктің авторы атанды. Ал 48-минутта Данил Бутенко есепті еселей түсті.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 8:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, топтық кезеңде ел құрамасы Оңтүстік Кореяны – 5:1, Венгрияны 9:1, Ұлыбританияны 15:1, Словакияны 4:0 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасына 1:4 есебімен есе жіберді. Ал жартылай финалда Канада құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.

Универсиада финалында 23 қаңтар күні, елорда уақытымен 04:10-да Канада мен АҚШ құрамалары бақ сынасады.

Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысқан болатын – 1995 жылы чемпиондық тұғырға көтерілді, ал 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы