ТҮРКІСТАН: «ТҰРАН ТҰҒЫРЫ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

454 көрілім

Түркістан облысында дәстүрлі шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында «Тұран тұғыры» ұлттық спорт саласы бойынша үздіктерді марапаттау өтті.

Жылды қорытындылаған іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Жиында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова, Ұлттық ат спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбуриев бұл марапаттың маңыздылығын жеткізді.

Аталмыш шарада ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқан көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, теңге ілу, бәйге мен құсбегіліктен жеңімпаз атанған спортшылардың есімдері жарияланды. Сондай-ақ, жамбы ату бәсекелерінде топ жарып, көптің ішінен үздік шыққан саңлақтардың табанды еңбектері еленді.

Биыл 20 номинация бойынша үздіктер марапатталды. Топтық көкпардан «Жылдың үздік шабандозы» иегері Абылайхан Нышанбеков пен «Жылдың үздік көкпар командасы» болып жасөспірімдер арасындағы облыстың «Тұран» командасы анықталды. Бұдан бөлек, «Жылдың үздік аударыспақ ойыншысы» болып Дарын Өткелбай, «Жылдың үздік аударыспақ командасы» иегеріне Жастар құрама командасы лайықты деп танылды. Ал, «Жыл жеңімпазы» номинациясына Бәйдібек Сабыров ие болды.

Сонымен қатар, «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» Әсел Далиева мен «Жылдың үздік құсбегісі» Жомарт Кеуеновке табыс етілді. Бұл ретте, асық атудан «Жылдың үздік жаттықтырушысы» иегері атанған Оралхан Айдарханұлының еңбегі де айрықша болса, қазақ күресінің «Үздік балуаны» Ералхан Балтабайдың таланты көпшілікке үлгі болды.

Жиында «Жомарт жүрек» марапаты Рүстембек Алишерге бұйырса, «Жылдың үздік төрешісі» иегері Бауыржан Абиров атанды. Ал, Мақсат Рахишев «Үздік коментатор» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, «Жылдың үздік ауданы» Төлеби ауданы атанса, «Жылдың үздік федерациясы» иегері Қазығұрт ауданының көкпар федерациясына беріліп, «Жыл тұлғасы» иегері Мақсат Шағырбай атанды.

Нәтижесінде жиынға арнайы қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев жыл үздіктерін жеңістерімен құттықтап, марапаттарын табыстады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы