Аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Алмалы ауылдық округіне жұмыс сапармен барды сонымен қатар, Бәйдібек ата мен Алмалы елді мекендерін аралады. Арнайы мамандар, далада құлаған бағаналарды ауыстыру бойынша техникалар баралмай қиындық туындап жатқанын баяндаған болатын.
Аудан басшысы істі жіті бақылауына алып, салаға жетекшілік ететін орынбасары Бағдат Жанғазиев пен ауыл әкіміне және жауапты мамандарға қосымша техника мен қол күшін тарта отырып, жұмыс жүргізу жөнінде шұғыл тапсырма беріп отырды.
Аудан әкімінің берген тапсырмасы бойынша кеше бағаналарды жөндеу үшін қыр беткейіндегі қарлар тазаланып, техникалардың кедергісіз баруға арнайы жол жасалды. «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінің мамандары Бәйдібек ата мен Алмалы елді мекені арасындағы қыр беткейіндегі құлаған бағаналар мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Ержігіт Шәріпбеков бүгін түстен кейін Алмалы ауылына барып аталған аумақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді. «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінің басшылығымен кездесіп, электр жарығын ертерек беру үшін жұмысты жедел атқаруды тапсырды.
Айта кетсек, 2023 жылдың 03 қаңтары күні ауа-райының күрт өзгеріп, бұрқасын дауыл мен қатты қардың салдарынан Бәйдібек ауданы аумағындағы жалпы 9 028 абонент жарықсыз қалған болатын.
Қазіргі уақытта, ақауды қалпына келтіруге ауданмен қоса алғанда облыс және басқа да аудандардағы «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінің 4 бригадада 27 маман мен 8 техникасы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Соңғы мәлімет бойынша 49 елді мекендегі 8 778 абонентке жарық беріліп, қалған 2 елді мекендегі 250 абонентке жарық беру жөнінде тиісті мамандар жұмыс жасауда.
