САЙРАМ: ҚАРАМҰРТТА ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ОРЫН АЛДЫ

481 көрілім

Ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты Қарамұрт ауылдық округіне қарасты 31 көшенің 5 көшесінде 600-ге жуық жеке тұрғын үйлерде табиғи газ тапшылығы туындады. М.Шерметов, М.Мухитдинов, А.Моминжанов, Г.Нигмаджанов және Жеті мама көшелерінде газ қысымының төмендеуінен, газдың өшу жағдайы орын алды.

Аталған ауылдық округінде 17210 халық тұрады. Мұнда 2900 тұтынушы және 70 жеке секторға «Қарамұрт Газ» ЖШС-і табиғи газ жүйесімен қамтамасыз етеді.

2 елді мекенге баратын газ құбырының жалпы ұзындығы 6 шақырым, көлемі 89Ø. Қыс мезгілінде газ құбырының жұмыс режимі 6 кг болса, бүгінгі таңда 7-8 кг шамасына көтерілді. Дегенменде, бұл мәселе шешімін таппай, тұрғын үйлер көгілдір отынсыз қалып отыр.

Осыған орай, тұрғындар жиналып, газбен қамтуды талап етті.

Аудан әкімі Уласбек Садибеков ауыл округіндегі газға байланысты келеңсіз жағдайды шұғыл ретке келтіру мәселесін тапсырды.

Алдымен сала басшыларымен ауыл аумағындағы газ үлестіргіш станциясында болып, жалпы тұтынушыларға газ жеткізу қысымы шамамен 2,9 кг көрсетіп отырғаны анықталды. Бұл қысым негізінен жаз айында көрсетіледі. Төмендеуінің тағы бір себебі газдың бастапқы тарайтын орындарында жылыжай шаруашылығы, сүт цехтары секілді кәсіпкерлік нысандар орналасқан, жоғары қысымды газ қысымын тұтынадықтан, қазіргі уақытта тұрғындарда газ тапшылығы туындауда.

Ауылдық мәдениет үйінде жұмысшы топ жиналып, кезек күттірмейтін мәселе екені аталып, халықты тезарада газбен қамту шаралары талқыланды.

Аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаевтың төрағалығымен жиналыс өткізіліп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймурза Бейсембаев, Түркістан өндірістік филиалы “КазТрансГазАймақ” АҚ Сайрам аудандық газ шаруашылығының директоры М.Тұрымбетов, “ҚарамұртГаз” ЖШС-нің директоры Ф.Авалов және кеңесшісі Т.Ирисметов, Қарамұрт ауылдық округінің әкімі Мамуржан Нажиев, аудандық мәслихаттың депутаты Аброр Тайжанов, аудан әкімінің баспасөз қызметі Меруерт Шонтукова, ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушысы Жаңабек Хамраев, бір топ тұрғын мен ерікті қатысты.

Жиында газ таратушы мекеменің қысқа дайындығы жүргізілмегені қатаң сынға алынды. Егерде, газ жүйесі қалыпты жағдайға келмесе, өз кезегінде салғырттық танытып, немқұрайлықпен қараған тиісті мекеменің жұмысын тоқтату секілді шаралардың заң аясында қабылданатыны ескертілді.

Мамандар техникалық жағынан ақыл-кеңестерін ортаға салды.

Серіктестің басшысына жұмыс істейтін бригада санын көбейту қажеттілігі ұсынылды. Қалпына келтіру үшін төменгі қысымды газ құбырына коммуналды кәсіпорындар қосылатын болады. Ең бастысы, білім беру және денсаудық сақтау мекемелері секілді әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға газ қысымын жоғарылату көзделуде.

Осы ретте, қазір құбырларының көлемі 108 болса, жаңа 300 көлемдегі құбырларға ауыстыру, қосымша жерасты полиэтилен газ құбырлары 4,5 шақырым төсеу арқылы оң шешімін табатыны айтылды. Құбырларды тарту жұмыстары аяқталған соң, жоғары қысымға шыдамдылығы тексеріледі.

Нәтижесінде, қажет ететін шығын көлемі есептеліп, төзімділігі жоғары құбырларға тапсырыс шұғыл түрде берілді.

Аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер үйме-үй жүріп, жергілікті тұрғындарға газ жүйесі бойынша атқарылатын жұмыстарға түсіністікпен қарап, жылыту кезінде қосымша электр плиталары мен түрлі құрылғыларды пайдалану ережелері, мұржа тазалау, өрт және уланудың алдын алу, тиісінше қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Аталған мәселе аудан әкімдігінде жіті бақылауда тұр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы