Отырар ауданында этнос өкілдерінің қатысуымен Қ.Мұңайтпасов атындағы спорттық сауықтыру орталығында шағын футболдан спорттық сайыс өтті.
Спорттық шараның мақсаты – достық пен татулықты нығайту, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру сондай-ақ, патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу.
Мән-маңызы зор шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, ел бірлігін, этностардың татулығын дәріптеп жүрген аудан тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірді. Сайыстың жеңімпаздарын марапаттап, турнир кубогын табыстады.

– Бірлік болған жерде берекелі тірлік болады. Татулықтың тамыры тыныштық болған жерде тереңге жайылады, ел ішінде тұрақтылық орнайды. Төбесінен қара бұлт төнген кейбір елдерге қарап, біздегі тыныштық пен бірліктің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады, – деген аудан әкімінің орынбасары бірлікті, достықты ту еткен сайыстың үздік ойыншыларына арнайы сыйлықтар табыстады.

Ойын қорытындысы бойынша, БЖСМ жастар командасы жүлделі үшінші орын иегері атанса, «Шахтер» командасы екінші орыннан көрінді. Барлық ойында жеңілмей финалдық кездесуде де үздік ойын өрнегін көрсеткен 2 БЖСМ командасы 1 орын иеленді. Ал, допқа иелік ету әдісі мен қарсыластар командасына салған голдар саны бойынша көзге түскен Константин Колесников «Үздік ойыншы» атанды.
