Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы.
Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.
Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын»,-деген болатын. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық аналар кеңесінің мүшелері, аяулы әжелеріміздің пікірлерін беруді жөн көріп отырмыз.
Әтіркүл Сыздыққызы: Қаладағы балаларымыздың ауылға аңсары ауып тұрады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастаған істеріне айрықша риза болып жүрмін. Әсіресе, жас балаларға 18 жасқа дейін балалардың жинақтаушы есепшотына қаржы аударып отыру бастамасы қуантты. Бірақ, әр отбасы да осы қаражатқа қарамай, балаларын кішкентайынан еңбекке баулып өсіруі тиіс.
Мен 1940 жылы 6 желтоқсанда, қарапайым отбасында Ащысай елді мекенінің Ойық ауылында дүниеге келдім. Әкем Сыздық Азимов 1912 жылы туылған. Ойық ауылының тұрғылықты азаматы болды. Әртүрлі шаруашылық саласында істеп бала-шағасын бағыпты. Шешем Гүлжан Қонақбаева 1922 жылы дүниеге келген. Әкем екеуі отбасы құрып, біздер өмірге келдік. Отбасында екі ұл, үш қыз болдық. Әкеміздің қолынан келмейтіні жоқ еді. Көрші қолаңға жайлы, қолы ашық, берекелі болатын. Анам үй шаруасымен жүріп, бізге жақсы керемет тәрбие берді. Үлкенді сыйлау, кішіпейіл болу, тазалыққа көп мән беруді үйретті.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда әкем Отанымызды қорғауға аттанғандардың алғашқы сапында болыпты.
Мен сол кезде бір жаста екенмін. Анамыз үш баласын бағып, тылда жұмыс істеді. Егін егіп,малға қарап, қолғап, шұлық тоқып, әскерге жіберіп отырыпты. Сәбилік өмірім қиын қыстау кезінде өтті.
Соғыстың аяғына таман әкем бір аяғынан айырылып, бірнеше медальдармен қайтты. Әке-шешем бірнеше немере, шөбере сүйіп өмірден озды.
Өзім болсам жеті жылдық мектепті бітіріп 1956 жылы желтоқсан айында Датқабай Тущанов есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Төрт ұл, екі қызды болдық. Жолдасым Түркістан депосында тепловоз жүргізіп, сол жерден зейнетке шықты.
Түркістан қаласындағы «Санитас» емханасында кіші мейірбике болып еңбек еттім. Одан кейінгі жылдары Түркістан депосында теміржолшы болып еңбек етіп, сол жерден зейнетке шықтым. Әр жұмыстың қызығы,шыжығы болады демекші қыстың аязында, жаздың ыстығында, күздің жауын шашынын да көрдік. Еңбекпен тапқан нанымыз берекелі, дәмді болды. Елім еңбегімізді елеп,бағалап медаль, мадақтамалармен марапаттап отырды.
Ұл-қыздарым тәртіпті, тәрбиелі болып өсті. Әрқайсысы бір- бір үйдің егелері. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып олар да ата-әже атанып отыр.Қазіргі таңда ең бақытты әжемін. Отызға жуық немерем 34 шөберем бар. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын деп күнде дұға етіп отырамын.
Райхан Әбдірахманқызы: Мен бақытты әжемін!

Соңғы жылдары жастарымыздың ауылдық жерлерден жұмыс іздеп, қалаға қашуы көбейді. Ауылдық жерлерде газ, суы беріліп, асфальтталып жөнге келтірілсе, қайтып келетіндер саны көбейер еді. Мені жастарымыздың үйсіз-күйсіздігі, соған байланысты отбасын құра алмауы қиналтады. Бұл өз кезегінде белгілі бір мамандық иесі болмағандығынан шығар.
1951 жылы 15 қазанда Үшқайық ауылдық округіне қарасты, Теке елді- мекенінде дүниеге келдім.1965 жылы Н. Крупская атындағы орта мектепті үздік бағамен бітірдім. Түркістан қаласындағы медицина колледжінің акушер-фельдшер даярлайтын факультетіне оқуға түсіп, үздік белгімен бітіріп туған ауылыма жұмысқа орналастым. Бұл 1969 жыл болатын.
Әкем Әбдірахман Өтеуліұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. 1941 жылы соғысқа аттанып, соғыс аяқталғанша фашистермен шайқасып, 1946 жылы аман-есен оралды. Мамандығы ветеринар мал дәрігері болып зейнеткерлікке 63 жасында шықты.Соғыс зардабынан шеккен ауруы асқынып, ақыры 67 жасында дүние салды.
Анам Нұрлығыз соғыс кезінде мұғалімдік курсты бітіріп, бастауыш сыныпқа білім берген. Көкірегі ояу, өнерлі және ақындық қасиеті бар болатын. Бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, өз мамандығымен қызмет жасауда. Анам 85 жасында дүние салды.
Мен өзіммен бірге оқып, бір ауылда тұратын Маханбетәлі Наурызовқа тұрмысқа шықтым. Мамандығы автомеханик. Өз ісіне адал, еңбекқор жан.
Екі қыз, үш ұл өсіріп, оларға өнегелі тәрбие бердік. Бүгінде барлығы өздері таңдаған оқу орнын бітіріп, қызметтерін атқаруда. Қазіргі таңда осынау ұл-қыздарымнан 25 немере, үш шөбере көріп отырмын.
Жол салдырдым төтелеп,
Қыз өсірдім мәпелеп.
Бақытты әже боп жүрмін,
Немеремді жетелеп.
Мен, бақытты әжемін!
Бипан Құрманбекқызы: Анам марқұм дастархандағы бір үзім нан адал еңбекпен келсін деп отыратын

Мен 1947 жылдың тумасымын. Крупская атындағы 8 жылдық мектепте білім алдым. Әкем Құрманбек Сәдібекұлы өте еңбекқор, өз ісіне пысық, адал еді. Барлығымызды еңбекке тәрбиеледі. Отбасында бес қыз, екі ұл едік.
Әкем таңның атысы күннің батысы уақытқа қарамай еңбек етті. Ұлы Отан соғысы басталғанда «ауылға да керексің» деп ауыл бастығы алып қалған екен. Отан үшін Жеңіс үшін деп аянбай еңбек етті. Бірнеше медальдармен марапатталды. Ауылымыздың құрметті азаматы болды.
Менің еңбек сүйгіш қасиетім, үй шаруасына бейімділігім, алғырлығым, адалдығым, жанашырлығым, бауырмал болуым ата-анамнан өткен қасиеттер деп білемін.
Анам Жәдігер Абдуллақызы «дастархандағы бір үзім нан адал еңбекпен келсін», – деп отыратын. Алтын құрсақты анам әкемнің тапқанын ұқсата біліп, бала- шағасын тәрбиелеп, колхозда түрлі шаруаларда еңбек етті.
Мен де мектеп бітірген соң 1965 жылы Крупская колхозына жұмыс істеуге мүше болып тіркелдім. Сол жылдың қараша айында ауылда тұратын Сапарәлі есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Ол жігіт сол жанұяның жалғыз ұлы болды. «Жалғыз ердің әйелі – атжалмандай жұлқынсын» демекші, қызу еңбекке араласып кеттім.Содан бастап үздіксіз колхозда жұмыс істедім. Крупская колхозында сол кездерде мал шаруашылығы, мақта шаруашылығы тағы да басқа салада жұмыс болатын. Сол жұмыстарды жалықпай үздіксіз істей жүріп, бес ұл мен төрт қыз тәрбиелеп өсірдім. Кеңес Одағында техника аз болғандықтан қыз-жігіттерді қол жұмысы жетпеген жерлерге жұмсап, қолмен көмектесетінбіз.
Наурыз айынан бастап мақталы жердің ой- шұңқырын тегістеп, мақта егуге тракторға дайындап береміз. Содан соң, су ағатын арықты тазалаймыз. Жердің тыңайтқыштарын, дәрі елеу, телешкіге арту, барлығын қыз-жігіттер тракторға дайындап береді. Үздіксіз жұмыс істеуімнің арқасында 1976-1980 жылдары облыстық депутаттыққа сайландым. Колхоздың бірнеше грамота, сыйлықтарын алып отырдым. Түркістан қаласында өткен үлкен жиында еңбегімді бағалап, 1992 жылы зейнетке шығып жатқан кезімде колхоз бастығы сыйлық ретінде Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетіне 1974 жылы туылған баламды оқуға түсіріп, демеуші болды. Бір тоңазытқышты қоса берді.
Әр жылы құрметтеп, марапаттап, жина-лыстарға шақырып отырады. Еңбектің зей-нетін көріп отырған бақытты ана, сүйікті әже-мін. Қазіргі таңда бес ұл мен төрт қыздан 44 немере, 16 шөбере көріп, солардың ортасында бақытты әже болып отырмын. Ұл-қыздарым да қыз ұзатып, келін түсіріп, көп балалы ата-ана болып отыр. Бұл ауылдың ынтымағы ғана емес, адал еңбектің, қажырлы қызметтің же-місі деп білемін. Балаларымды, немерелерім-ді осындай адал еңбекке тәрбиеледім.
PS: «Алдыңда қартың болса жазулы хаттай» деген міне осы.
Сонау екінші дүниежүзілік соғыстың көзін көрмесе де зардабын шеккен, ел экономикасын қалпына келтіру жылдары қиын-қыстау кезеңде отбасын сақтап қалып қана қоймай, адал еңбегімен еліне сыйлы болып отырған асыл әжелеріміздің өмірі ұзақ болғай! «Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын» Бұл әрбір анамыздың тілегі.
Бетті әзірлеген:
Ләззат САРЫБАЕВА.
