- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Газетіміздің өткен жолғы санынан бастап, оқырманға жол тартқан «Біз түркістандықтармыз!» айдары туралы аз-кем тарқата айта кетсек дейміз. Аталған айдар аясында біз қаламыздағы түрлі кәсіп иелерін, қарапайым еңбек адамдарын, сіз бен біз күнбе-күн кездесіп, көз куә болып жүрген замандастарымыздың тыныс-тіршілігі, бүгінгі күн қаһармандары туралы тұрақты түрде баян ететін боламыз.
Түркістанның ми қайнатар аптап ыстығында, жылдамдықпен бетіңізге жалын шарпыған сәтте жүк тасып жұмыс жасау жайлы ойлап көрдіңіз бе?
Ыстықпен суыққа қарамастан 12 жыл бойы екі дөңгелекті «Муравей» көлігімен жүк таситын Шамұрад ағамыз үшін, қиындық деген сөз емес секілді. Күнкөріс көзіне айналған Шамұрад ағаның өзі «шайтан арба» деп атаған мотоциклдің қыр-сыры бөлек әңгіме. Күнделікті бұзылған техниканы майлап-сайлап, оңдап барып жұмысқа кірісу ағамыз үшін үйреншікті жағдай. «Бұның да мінезі бар, қарамасаң, кейде жолда қалдырады» деп өзінің шағын жүк таситын көлігі жайлы біраз сыр ашты.

Айтуынша, мотоциклмен нәпақа табатын жанға көп адам менсінбей шекеден қарайтын көрінеді. Жол қозғалысында кептеліс болмай тұрмайды. Қиындық тудырса балағат сөздер айтып көңілін қалдыратын жүргізушілер жиі кездеседі. Негізгі жұмысы қоймалардан блокталған бума-бума сусындарды мотоцикл арбасына тиеп, дүкендерге жеткізіп беру. Әр апарған жүкке 200 теңге алып, тиелген жүкті түсіріп берудің өзі қыруар еңбек. Бір блокта 12 литр су болса, ағамыздың арбасына 20-30 блок су сияды екен.
Соншама жүкті өзі тиеп, өзі түсіреді. Енді арғы жағын, еңбегін өзіңіз есептей беріңіз. «Әр жолға шығар алдында ішімнен дұға оқимын. Бұл «шайтан арба» ғой, бір Аллам жар болсыншы деймін іштей. Қалай болса да аты көлік, осы шағын көлігіммен-ақ талайлардың әжетін шығарып, қызмет көрсетіп, бұйырған нәсібімізді тауып жүрген жайым бар», дейді ағамыз.
«Күніне 1000 теңге табатын кездер болады, кей кездерде 5-6 мыңға дейін табыс табамын», деген ағамыздың ең жоғарғы табысы 10 мың теңге болған екен. «Әрине, ондай пайда күнде бола бермейді. Оңайлықпен келмейді», деп риясыз жымиған ағамыздың әңгімесінен 10 мың теңгенің артында қаншама еңбек жатқанын ойша елестетіп, ұғынғандаймыз.
Саналы жанға жүк тасушының әжім басқан жүзінен, әжімдерінің әр қатпарына жасырынған айқұш-ұйқыш сызықтардың осынау ауыр бейнеттің табы болып көрінетінін аңғару қиын емес. Шамұрад ағамыздың үлкен ұлы жоғарғы оқу орнында оқиды екен. «Бар үмітім де, арманым да балаларымның болашағына байланысты.

Соларды қатарынан кем қылмайын деп таңнан кешке дейін тырбанамын. Олар өмірден өз орындарын тауып, адал жолмен, еңбекпен жетіліп, адам болса, менің өмірдегі жетістігім сол», дейді Шамұрад аға.
…Өмір жолын еңбекпен байланыстарған қарапайым қала тұрғынына басымызды иіп, армандары орындалса екен деп тілеулес пейілмен қоштастық.
Ерқанат БАЛТАБАЙ,
Асадбек ЕРГЕШҰЛЫ,
ХҚТУ-дің 4 курс студентері.