ПАРА АЛҒАНМЕН ҚАТАР БЕРГЕН ДЕ АЙЫП

1  525 көрілім

  Пара бергендер де жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда көрсетілетін қызметтердің басым көпшілігі электронды  түрде ұсынылатынына қарамастан сыбайлас жемқорлық сыр беріп тұр. Түркістан облысында 2019 жылдың 9 айында лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша 7 қылмыстық іс тіркелген. Оның 5-і сотқа жолданып, сот үкімімен 3 тұлғаға қатысты айыптау жазалары қолданылуда. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы мәлімдеді.

«Пара беру – заңмен жазаланады» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында  Ғ.Асанұлы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу  мақсатында жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Нәтижесінде облыс көлемінде 2 537 іс-шара ұйымдастырылып, оның ішінде 529-ы түсіндіру жұмыстары болса, 1908-і білім беру ұйымдарындағы бірыңғай сағаттар болғандығын атап өтті. Бұл бастама 505 мыңнан астам адамды қамтыған.

  «Пара алу мен беру тікелей азаматтардың өздеріне байланысты. Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі Қылмыстық кодекске сәйкес, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келеді. Осы күні мемлекеттік қызмет көрсету электронды түрде жүзеге асуда. Бұл тұрмыстық жемқорлықтың деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне сеп болмақ», – деген Ғ.Асанұлы бүгінгі күні департамент тарапынан өңірімізде орналасқан мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстары, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне  сыртқы талдау және тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Осы орайда кейбір алаяқтар департамент қызметкерлеріне қаржы жинап береміз деген сылтаумен  мекеменің мамандарынан пара алатындығын атап көрсетті.   Департаменттің негізгі  қызметі сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Сондықтан мұндай жағдайлардың жолын кесіп, деректер байқалса агенттіктің 1424 Call орталығына хабарласу қажеттігін ескертті.  Жиын соңында төртінші билік өкілдері көкейкесті сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы