Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында Сауран ауданы әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың қатысуымен балаларға арналған әкімнің «Қош келдің жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман» атты іс-шарасы өтті.
Мемлекет басшысы Балалар жылының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы», – деген болатын. Аудан мектептерінен жиналған үздік оқушылар қатысып, аудан әкімімен бірге жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. Мерекелік кеште аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы балақайларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға сыйлықтар табыстады.

– Аз ғана уақыттан кейін Жаңа 2023 жыл табалдырығымыздан аттайды. Бұл – баршамызға жайдары көңіл-күй мен зор үміт әкелетін айрықша мереке. Әрбір адамзат баласы Жаңа жылдан жақсылық күтеді. Бұл – табиғи дүние. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген. Бұл ретте ауданымызда өздеріңізге арналған түрлі шаралар атқарылып, жоспарларымыз жүзеге асты. Аудандағы әрбір атқарылған жұмыс Сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін іске асуда. Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы алу керек. Әрбір кірген Жаңа жылдың өзінің дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады, – деді аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.
Мерекелік шарада Аяз ата мен Ақшақар және ертегі кейіпкерлерінің қойылымдары тамашаланды. Сонымен бірге, өткелі отырған Барыс жылын шығарып салып, жаңа Қоян жылын қарсы алған балғын балалар мен аудан әкімі шыршаны айналып, оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
