Бүгін Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар 60-қа жуық балаларға арналған, “Бір өмірдің, бір күнінде біргеміз” атты қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шара «Тайқазан» қайырымдылық қоры және «Ауыл вайнері» деген атпен танылған Жандос Бақытұлының бастамасымен қолға алынған. Сонымен қатар, қайырымдылыққа Түркістан қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ , “FARAB” әмбебап кітапханасы, «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» орталығы және де бүгінгі күнді керемет өнерімен әрлеген “БЕК” той ұйымдастыру орталығы демеушілік білдірді.

Қайырымдылықтың басын Ауыл вайнері бастап берді, ол өз еңбегімен ашқан “AUYL” ресторанында ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарын түскі аспен қонақ етті. Оған қоса, “Жастар ресурстық орталығы” қоғамдық көлік мәселесін шешіп, балаларды тасымалдау жағын өз міндеттеріне алған. Тасымал барысында, қалалық полиция басқармасы ішкі істер қызметкерлері де жолда алып жүру қызметі бойынша демеушілік жасаған.

Жиын барысында ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-анасы “Ұлы Дала” музейін аралап, “Farab” әмбебап кітапханасында концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балаларды қуанту мақсатында оларға “БЕК” той ұйымдастыру орталығының атынан сыйлықтар таратылды, өнерпаздар әсем әуендерін шырқап, бишілер мың бұрала биледі. Осылайша балалардың жүзіне күлкі ұялады.

Айта кетсек, Қайырымдылыққа демеушілер қатарында Түркістандық блогер Бақдәулет Бектұрсын да бар. Бүгінгі қайырымдылық іс-шара өз деңгейінде қуантарлықтай өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осы секілді қайырымдылық шаралары көптеп болмақ. “Ерекше қажеттілігі бар кез-келген балаға қуаныш сыйлау біздің міндетіміз” – дейді қайырымдылыққа атсалысқан демеушілер.