ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРҒА БАСПАНА КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ

494 көрілім

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Тәуелсіздік күні қарсаңында 20 отбасына пәтер кілтін тапсырып, қуаныштарымен бөлісті. Салтанатты жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Айта кетейік, алдағы уақытта шаһардағы Отырар мөлтекауданында бой көтерген 9 қабатты бес тұрғын үйге 5 мыңға жуық адам көшіп келеді.

– Тәуелсіздіктің арқасында мемлекетіміз тұрақты даму жолында. Рухани астанамыз Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде өркендеудің жаңа сатысына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қалаға ерекше мәртебе беру көзделуде. Сонымен бірге Президентіміз өз Жолдаулары мен тапсырмаларында халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Міне, осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Түркістан қаласында 20 отбасы, яғни 100-ге жуық адам көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Жалпы, жыл соңына дейін әлеуметтік топтар бойынша кезекте тұрған 700-ге жуық адамға пәтер кілтін тапсыру жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалар халықтың баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы, – деді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Баспанаға ие болған жанұялардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар. 2023 жылы да жағымды жаңалықтар жалғасын тауып, жаңа пәтерлер пайдалануға берілмек. Басым бөлігі «7-20-25» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспаналы болады деп жоспарлануда.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы