Керек кеңес
Ата діні мен Ана Тілін, Ата Тарихы мен Ата заңын қадірлеуді өз дүниетанымында дәстүрлі түсінік санаған халқымыз әдептен аспай, қиындыққа саспай, мыңжылдықтарды еңсеріп келеді. Оған байланысты Түркістан қаласының тұрғындарына «Керек кеңес» айдарынан тағы бір танымдық мақаланы ұсынбақпыз. Заңға деген құрметті арттырып, әр түркістандықтың азаматтық қоғамға деген көзқарасын қалыптастыруға арналған сот реформасының маңызы зор.
Әр елдің өз жолы бар десек, Қазақстан да өзіндік қалыптасу, даму жолына түсті. Бір қолымызда бостандық болса, екінші қолымызда жауапкершілік тұр. Қос тұғырды құлатпай, ел абыройын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ең алдымен экономика содан кейін саясат деген ұстанымымызды құқықтық ережелермен реттеп, әлем алдында сертімізге берік боп келеміз.
Еуропалық Одақ пен АҚШ, Латын Америкасы мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің саясаткерлері мен сарапшылары, билік тармақтарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін конституциялық жаңғыруды азаматтық қоғамды алға жетелейтін ізгі қадам деп бағалады.
«Қазақстан Республикасының Судьялар Одағы» өз жаратылысынан, құрылған күнінен бастап, құқықтық мемлекеттің қалыптасып нығаюы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан қоғамдық ұйым. 1996 жылдан бері сот жүйесінің жұмысын жетілдіруде 7 съезд өткізіп, қиыннан қиыстыра тапқыр да тұшымды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы ұстанымдарымыз бен ұсыныстарымызды ашық айтып, өзіміз де өзгелер де таңдай қағатын жетістіктерге жеттік. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демеуші ме еді халқымыз. Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ. Бұрын бес сатылы болып келген сот төрелігі, қазір үш сатыдан тұрады. Бірінші сатыда істі қарап жатқан судья қандай жағдайда да әділ шешім шығаруға мүдделі. Өйткені, олай болмаса үстінен қарайтын тағы 2 саты бар. Келесі инстанция міндетті түрде шикілігін тауып алады. Бұлай болған жағдайда әділетсіз шешім шығарған қазы қызметтік жауапкершілікке тартылуды айтпағанда, жұмысынан қуылып, ешқашан сот саласына қайтып оралмауы мүмкін.
Қазіргі таңда соттардың материалдық-техникалық жарақтануы жақсарып келеді. Сот процесі өтетін залдар түгел дерлік жүз пайыз аудио-видео құрылғылармен қамтамасыз етілген. Егер бұрынырақта сот отырыстары тек қағаз бен қаламның қауқарына қарап келген болса, қазір әрбір қатысушының сөйлеген сөзі, эмоциясы түгел дерлік қырағы камералардың назарынан тыс қалмайды. Судья өзін қалай ұстады, айыпталушы мен жәбірленушінің сөзі шынайы ма жоқ па, адвокат пен прокурордың сөйлеу мәдениеті, келтірген айғақтары осының барлығы дерлік аудио-видео таспада айдай анық көрініп тұрады. Техниканың мұндай мүмкіншіліктерін пайдалану сот істерін жүргізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, істердің қаралу сапасын арттырды. Егер қандай да бір тараптың көңілі толмай, бірінші сатыда қаралған іс облыстық сотта қайта зерделенген жағдайда таспадағы материалға зер салып, мәселенің анық-қанығына әп-сәтте көз жеткізесіз.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы тәуелсіз және әділ сот арқылы әрбір адамға олардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалатындығына кепілдік береді. Мемлекет судьялардың тәуелсіздігі мен дербес құқығын, материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етілуін, сот ісіне араласпаушылықты қамтамасыз етеді. Судьялар халыққа адал қызмет ету, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындау, қиянатқа бармау, қызметте және тұрмыста адамгершілік нормаларын, мінез-құлық этикасын сақтауға міндетті. Қазылардың кәсіби және моральдік бейнесіне қоғамның өсіп келе жатқан жоғары талаптарын ескере отырып, судьялардың соңғы 7 съезінде жаңа Этика Кодексін бекіттік. Құжат «Судьялар мінез-құлқының Бангалор қағидаларын» назарға ала отырып қабылданды.
Мысалы, қазіргі таңда кез келген азамат сотпен байланысты шаруасын үйінен шықпай-ақ тындыруына болады. Интернеттің көмегімен мазалаған сұрағыңызға жауап алып, арыз-шағымыңыз болса, оны да электронды түрде бересіз. Жоғарғы соттың, облыстық және аудандық соттардың сайттарына кіріп барлық керек ақпаратты табасыз. Оның үстіне әрбір сот азаматтарды қабылдап, заң тұрғысынан құқықтық кеңес беріп, тұрғындардың күнделікті өмірдегі қордаланған мәселелерін шешуге ат салысып жатыр. Барар жер басар тауы қалмаған ағайын өз құқығын қорғау үшін әділдік іздеп сотқа келеді. Түйеге мінгеннің төрт ауыз, атқа мінгеннің алты ауыз өлеңі бар демекші, қазіргі ақпарат заманында үлкен-кіші, әйел-еркек барлығы да «Ата Заңда былай деп жазылған, ана заңда осындай бөлім бар» деп термелей жөнелетін жағдайға келдік. «Төле би былай депті», «Қаздауысты Қазыбек айтыпты», «Әйтеке бидің сөзі екен» деп көнеде қалың бұқара аузынан тастамай айтып жүргені сияқты, «анау министр Үкімет сағатында былай мәлімдепті», «ғалымның тапқыр ойы осылай екен», «соттың заңға сүйеніп шығарған шешіміне риза болыпты» деген пікірлер бүгін де ел арасында кеңінен таралып жатады. Есте жоқ ескі замандардан келе жатқан шындықты бетке айтатын жариялылық, демократия заманы қайта туды. Ертеректе би-шешендердің кесімдері көпшіліктің көзінше хабарланып, жанжалдар түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен шешіліп отырған ғой. Дау-дамайлар хатсыз, қағазсыз ауызша жүзеге асып бітіп жатқан. Бір бидің өзі қазіргі соттың ғана емес, прокурор мен милицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының қызметін атқарып келген. Ал бүгінде демократия мен теңдік дүниенің темірқазығына айналған тұста ең алдымен, заң үстемдігі мен ел мәртебесін қаперде ұстап, түлкі заманның тәлкегіне ұшырамай, Мәңгілік елдің мызғымастығын қамтамасыз ету үшін жеті қазынаның құндылықтары саналатын тазының тапқырлығы мен табандылығы, қыран құстың көрегенділігі мен қуаты қажет. Тәй-тәй басқан тәуелсіз елдің Ата Заңын айдай анық етіп жазып, оның маңыздылығын соқырға таяқ ұстатқандай ұғындыру ата-бабалар мен келешек ұрпақ алдындағы ұлы мұратымыз.
Алма мен қызғалдақтың Отаны, адамзат тарихында тұңғыш рет жылқы қолға үйретілген мекен, ең алғаш атом қаруынан бас тартып, әлемдік діндер съезін өткізіп, астанасын тұңғышындай құрметтеп, тарихын мәпелеп, ғылым мен технологияны дамытуға ден қойып, татулықты ту еткен Қазақ Елі бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып, дүние жүзіндегі ең ірі қаржы орталықтарының біріне айналу мақсатын қойып отыр. Бұл ұлы жоспар халықтың әл-ауқатын көтеріп, маңдайалды елдермен үзеңгі қағыстырып, иық тіресіп, керек десеңіз қара үзіп оқ бойы озық шығу үшін қажет. «Қазақстан Республикасының Судьялар Одағы» мемлекетіміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін жатпай-тынбай еңбек ету керектігін жақсы түсінеді. Инвесторлар елімізге миллиардтап ақша құйып жатқандықтан олар өз капиталдарының қауіпсіздігін, маңдай тер мен адал еңбектерінің жемісін көрсек деп тілейді. Ол үшін бүткіл әлем мойындаған ағылшын қаржы заңдарының қағидалары енгізіліп, Жоғарғы соттың жанынан инвестициялық дауларды қарайтын алқа өз жұмысын бастады. Бұл «Астана Қаржы орталығын» әлем мойындаған беделді алаңға айналдырудың қарекеті. Осының бәрі жаратқаннан кетпес дәулет, берекелі табыс сұраған елдің қамы. Қазыналы қарияларымыздың «болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» деген сөзі бар.
БАҚ өкілдері, дипломаттар, инвесторлар, туристер мен шет мемлекеттер тұрғындарының біздің елге деген ықыласы ерекше. Қолда бар алтынның қадірін бағалай білмегеннің тағдыры қалай боларын тағылымы мол Ата тарих қатпарларынан білу қиын емес. Осындай жауапты кезеңде ештеңеден қаймықпай, қоғамымыздағы барлық қарым-қатынастарды реттейтін заңнамалық базаның қайнар көзі – Ата Заңымызды кемелдендіріп, билік тармақтарының рөлін айқындап алғанымыз тарихта алтын әріптермен жазылатын айтулы оқиға. Америка құрама штаттары өздерінің тұңғыш президенті Джордж Вошингтон заманынан келе жатқан Конституциясымен мақтанады. Ұлттық маңызы бар іргелі істе тасада қалмай, бір жағадан қол, бір жағадан бас шығарып, Мемлекет басшысының саясатына бір адамдай қолдау көрсетуін барша әлем халқымыздың асқан көрегенділігі деп бағалап отыр.
Ата заңын ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған, жетімін жылатпаған, өмірін елге арнаған, өзіне кәміл, халқына әділ қазақ судьялары ақты ақ, қараны қара деуді негізгі міндеті деп түсінген. Біз үшін ең маңыздысы сол – Заң үстемдігі мен Мәңгілік ел мәртебесі.