Жасөспірімдердің құқығын қорғау оның ата-анасынан бастап әрбір адамның азаматтық борышы болып саналады. Соның ішінде толық емес отбасыдан шыққан қаншама жеткіншек бар. Баланың құқығы қорғалуы үшін оның ата анасына құқықтық сауаттылық керек. Осы бағыттағы мәліметтерді Түркістан қаласының тұрғындарының назарына ұсынамыз. Сонымен қатар, Түркістан қаласының тұрғындарына, мектеп оқушыларына, университет студенттеріне құқықтық сауаттылықты пен құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында түсңндірме жұмыстары жүргізілуде.
Оқушылардың өз құқығын білуі, құқықтық мәдениетін жетілдіре отырып, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы білімдерін шыңдау, құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақыру үшін арнайы тәрбие сағаттары, шығармашылық жұмыстар, құқық қорғау органдарымен сынып сағаттары жүргізіліп отырса, отбасында ата-анасы үйретіп, таныстырулары керек. Оқушылардың құқықтық білімдерін тереңдету, заң алдындағы жауапкершілікті арттыру, ұйымшылдық пен тәртіптіліктің тиімді жолдарын таба білуге баулу, саяси сауаттылыққа баулу; оқушыларды өз құқықтарын қорғай білуге үйрету; оқушылар бойында демократиялық көзқарас қалыптастыру; құқықтық нормативтік актілерді орындай білуге, құрметтей білуге үйрету, адамгершілікке, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу; оқушылардың ойлау, тыңдау, өз ойларын еркін жеткізе алу мәдениетін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және тағы да басқа жұмыстар отбасы мен мектеп, бала жүрген орта, көпшілік тарапынан дер кезінде берілсе және балаға жиі-жиі қоғамда болып жатқан әртүрлі жағдайлардан да хабардар етіп отырған дұрыс. Заңмен де, қоғаммен де бала 100 пайыз қорғалған десек болады, бірақ бұл өмір болған соң әртүрлі жағдайлар да кездесіп жатады. Ондай жағдайда бала құқығына нұқсан келтіруге ешкімнің қақысы жоқ.
Толық емес отбасындағы баланың құқығы
Отбасының бұзылуы қазіргі заманғы қоғамның проблемасы болып табылады. Толық емес отбасының проблемасы – бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылуы проблемасы. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша, ажырасудың себептері баланы ауыр психологиялық жағдайға душар етеді. Толық емес отбасылардың көбісі әкенің кетуі себебінен пайда болады. Анасы көбінесе күйеуіне деген ашуын жасыра алмайды; оның ашуы мен наразылығы көбіне олардың ортақ баласына әсер етеді. Сонымен қатар, анасы жалғыздығымды білдірмеймін деп, қамқорлығын асыра орындауға тырысып, балаға шексіз махаббат пен шектен тыс әлпештеуге ұмтылады. Осыдан кейін, отбасының тәрбиелік құрылысы бұзылып, баланың тұлға болып қалыптасуына теріс әсерін тигізеді. Осылайша, балаларда ғана емес, ажырасқан отбасылардың ата-аналарында да психологиялық проблемалар пайда болады. Қандай отбасында болмасын, біздің елімізде бала құқығы қорғалғаны сөзсіз, тек толық емес отбасы проблемасын ол жерде тәрбиеленіп жатқан балалардан бөлектей алмайсың. Ондай отбасында тәрбиеленген балалардың барлық жағдайы өз ата-аналарының қолында. Себебі, ол балаларға заңнан гөрі психологиялық көмек көбірек керек. Балалар біздің болашағымыз болғандықтан, отбасын құрған әр азаматқа өте үлкен жауапкершілікпен қабылдануы керек. Заң жүзінде шешілетін мәселе ол уақыт еншісінде, әйтеуір бір күні аяқталады, ал, көңілге, жүрекке түскен тірі жетім ұрпаққа ешқандай заң керек емес, оларға аналарының аялы алақаны мен әкенің тәрбиесі бірдей қажет. Тағдырдың тәлкегінен ерте есейіп, ата-анаға деген реніші бар ұрпақтан қандай мемлекет құраймыз? Сол себептен, бұл жағдайды бірінші кезекте ата-ана ойланып, таразылағаны абзал.
«Менің құқығым бар» деген сөзді балалар қай жастан бастап білулері керек?
Балалларға арналған заңның 9-бабында «Әрбір бала туған сәтінен бастап аты, әкесінің аты, тегі, ұлты және азаматтығы болуына құқылы» – делінген. «Әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және өміріне қол сұғылмауға құқығы бар» деп 10-бабында айтылса, 11-бап «Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмірге араласуға құқығы бар» дейді. 15-бапта « Әрбір баланың білім алуға құқығы бар» екені жазылған. Олай болса, баланың дүниеге келген күнінен бастап құқығы қорғалған. Тек оны бала өсе келе дұрыс түсіндіріп отырған жөн. Кейбір ата-аналар да табылып жатады, оны біліп ол қайда барады не болмаса біз бар емеспіз бе дейтін, бұл жағдайда дұрыс түсінген абзал. Еліміздің кез-келген бүлдіршіні – ол болашағымыз, ел азаматы болып өседі, ал ол өзін қорғай алу үшін, ертеңіне нық қадам басу үшін ол бірінші заң жүзінде сауатты болуы керек. Жарайды, тіпті, алысқа бармай-ақ қояйық , бір мысал, өмір болған соң түрлі жағдай болып ата-анасы ерте кетіп жататындар, аяқ астынан болатын да жағдайлар бар, міне, сол кезде ол бала өзіне қалған пәтер тағы басқа дүниеден оңай айырылып қалуы да мүмкін. Әрине, қоғам оны далаға тастамайды дейміз, бірақ ол сол далада қалмас үшін өте көп жүгіруіне тура келеді, ал, оның бәрі заңды тұрғыда сауатты болмауынан.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай көмек көрсетілуі тиіс?
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға оның мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы белгiленедi. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға белгiленедi, ал қамқоршылық он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға белгiленедi. Жергiлiктi атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеушi, емдеушi немесе басқа мекемедегi балаға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес патронат белгiленуi мүмкiн. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленген баланың аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi бар болса, олардың бiрге тұруы үшiн жағдай жасалады.
Қазір асырап алу деген өте көп кездеседі.
«Бала құқығы туралы заңның» 28-бабы бала асырап алуға байланысты жазылған. Онда, «Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін» деген, әрине, ол жердің де өзінің қатаң тәртібі бар, баланы асырап алды екен деп сыйға тартып бере салмайды ғой, тексеріледі, уақыт беріледі, ал, егер де заңға қайшы келетін тұстарын аңғарған жағдайда бала дереу кері қайтарылады.
1 маусым – балаларды қорғаудың дүниежүзілік күні. Бұл күн 1949 жылы қараша айында Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының шешімімен бекітіліп, ресми түрде 1950 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Қандай жағдай болсын, әуелі бала жапа шегеді. Тарихта орын алған зұлмат жылдарда да тастанды балалар көбейіп, қорғансыздың қатары артты. Содан болса керек, балаларды қорғау күні әлемдік деңгейге көтеріліп, халық-аралық дәрежеде қолға алынды. Алайда, қай мемлекет қалай қорғап жүр?
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1989 жылы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Ондағы басты мәселелер: балаларды яғни (2-18 жас) соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау, демократия негізінде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары. Осы конвенция негізінде ҚР Конституциясында Балаларды қорғаудың құқықтық негізін бекіту, отбасын қолдау, аналарды қамтамасыз ету, ерекше қиын жағдайға душар болған балаларды қамқорлыққа алу шараларын жүзеге асыру міндеттелген.
Әр елдің балаларға деген қамқорлығы сол елдің экономикалық ахуалына да байланысты екенін ұмытпау керек. Қазіргі таңда әлемді түсік жасату мәселесі қатты алаңдатып отыр. Бұл күнді аборт жасатуға қарсы күн ретінде белгілеп, әлі дүние есігін ашпаған сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін түрлі акциялар ұйымдастырады. Көптеген елде, әсіресе, Чехия, Литва, Белорусияда 1 маусым күні немесе соған жақын күндердің бірінде абортқа қарсылар жиналып, осы бір түйткілді мәселеге дүйім жұрттың назарын аударуға тырысады.
Ал Ресейде абортқа қарсы пикет, автошеру секілді акциялар ұйымдастырылып тұрады. 2014 жылы 2 маусымда Воронеж қаласында медициналық көмек көрсететін мекемелер «Түсік жасатпайтын күн» деген акция өткізді. Бұл акция осы 1 маусым балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған. Сондай-ақ, бұл күні ауыр дертке шалдыққан балалардың, көпбалалы аналардың да жағдайы назарға алынады. Мысалы, 2014 жылы балаларды қорғау күніне орай «Ақ гүл» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – сырқаты ауыр балаларға қаржылай көмек жинау және онкологиялық мәселелерге қоғамның назарын аудару.
Жалпы, қорғансыз балалар қатарына ата-аналары жоқ кәмелетке толмаған балаларды жатқызамыз. Ал енді ата-анасы бола тұра, мейірімнен гөрі қорлық көріп жүрген қанша бала бар? Мұндай жағдайда осындай істермен айналысатын ұйымдар ондайларды әке, ана атану құқығынан айырып, баланы қайырымдылық мекемелеріне өткізеді.