Банктер және МҚҰ туындаған төлеу мерзімінің өтуі туралы ол басталған күннен бастап 20 күннің ішінде қарыз алушыға хабарлауға міндетті.
Түркістан қалалық газетінің ұжымы қала тұрғындарына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойғандығынан хабардар етеді.
Заңға шолу жасайтын болсақ
Проблемалық берешекті сотқа дейін реттеудің міндетті тәртібін енгізу арқылы қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және кредиторлардың жауапкершілігін арттыруға; кредиттеуде тәуекелдердің өсуіне және азаматтардың тұтынушылық кредиттер бойынша борыш жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермеуге; микроқаржылық қызметті реттеуге және микрокредиттер беру талаптарының ашықтығын арттыруға; коллекторлық агенттіктерге арналған талаптарды қатаңдатуға және қосымша шектеулер енгізуге бағытталған. Заң арқылы азаматтардың кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті құқықтық режимі енгізіледі. Бұл норма банктердің қарыздарына ғана емес, микроқаржы ұйымдарының микрокредиттеріне де қолданылады.
Жаңа реттеу тетігі шеңберінде банктер және МҚҰ туындаған төлеу мерзімінің өтуі туралы ол басталған күннен бастап 20 күннің ішінде қарыз алушыға хабарлауға міндетті. Қарыз алушы кредиторға қарызды өтеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда берешекті қайта құрылымдау үшін жүгінгеннен кейін 30 күннің ішінде кредиттік ұйымдар: сыйақы мөлшерлемесін азайту, төлемді кейінге қалдыру, оның кезектілігін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту (негізгі борыш, сыйақы және айыпақы) немесе ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату түріндегі қайта құрылымдау талаптарын ұсынады.
Сонымен қатар, банктер немесе МҚҰ қайта құрылымдау жүргізу кезінде қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, оның кірісінің азаюы, кепіл мүлкінің жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерін адал орындауы сияқты факторларды ескеруге міндетті.
Нәтижесінде, қарыз алушылардың банктер мен МҚҰ-ға өтініштерін қарау және проблемалық берешекті реттеу мерзімдері екі есеге – 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылады.
Қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келмеген жағдайда, ипотекалық қарыз алушыларды қорғау шарасы ретінде қарыз алушыға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіну құқығы беріледі. Осы кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепіл мүлкін өндіріп алу рәсімдерін бастауға құқылы емес.
Агенттік заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі негізде кредитордың қарыз алушымен өзара іс-қимылының мониторингін жүзеге асыратын және тиімділігін бақылайтын болады.
Қарыздар мен микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің асып кетуіне жол бермеу мақсатында, Заңда банктер мен МҚҰ-ның кредиттік бюроға берілген кредиттер бойынша номиналды мөлшерлемелер және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (бұдан әрі – ЖТСМ) туралы ақпарат беру міндеті белгіленеді. Бұл Агенттікке мәліметтерді жедел алуға және белгіленген шектеулерді бұзған субъектілерге санкциялар қолдануды қоса алғанда, қадағалап ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік береді.
Заңда микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу бекітіледі.
Мәселен, микроқарыз шартына титулдық бет қоса беріледі, онда шарт жасалған күн, ұйымның атауы және қарыз алушының/қоса қарыз алушының аты-жөні, микрокредит сомасы, өтеу мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері/сыйақының мәні, өтеу тәсілі және әдісі, айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) есептеу тәртібі және мөлшері қамтылады. Шарттың бірінші бетінде микрокредиттің толық құны: артық төлем мөлшері, сыйақы мөлшерлемесінің және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері туралы ақпарат болуы керек.
Азаматтарды жаңылыстыруға жол бермеу үшін Заңда жарнаманы тарату және орналастыру кезінде МҚҰ-ның ЖТСМ-ді көрсету міндеті енгізіледі. Бұл тұтынушыларға шарт жасамас бұрын қарыз шарттарын объективті түрде талдауға және болашақта проблемалық жағдайлардан аулақ болуға мүмкіндік береді.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Заңда барлық ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді 180 күн кешіктірген соң банктер мен МҚҰ-ға сыйақы, айыпақы (айыппұл, өсімпұл), комиссиялар және басқа төлемдерді есептеуге тыйым салу түрінде борыштық жүктеменің өсуін шектеу бойынша жаңа шаралар енгізіледі. Заң қабылданғанға дейін тыйым салу ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ғана қолданылды.
Бұған қосымша, капиталдандыру есебінен қарыз алушының мерзімі өткен берешегінің өсуін шектеу шарасы ретінде Заңда мерзімі өткен және өтелмеген сыйақы, айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар), комиссиялар және басқа төлемдер сомасына сыйақы есептеуге тыйым салу белгіленеді.
Табысы төмен және аз қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау үшін Заңда ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бланкілік қалдықтарды есептен шығару үшін шарттарды кеңейту көзделген. Бұл шара жаңа, сондай-ақ бұрын берілген барлық қолданыстағы қарыздар бойынша табыстары ең төменгі жалақыдан аспайтын қарыз алушылар үшін кепілдіктегі тұрғын үйді өткізгеннен кейін қалған борыштық ауыртпалықты жедел және ұзақ мерзімді рәсімдерсіз есептен шығаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, заңда кредиттік тарихты сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту арқылы қарыз алушылардың кредиттік тарихты тазарту шарттары көзделген. Бұл шара кредиттік тарихта бұрын мерзімін өткізіп алған мәліметтер болуы себебінен жаңа қарыздар алуда қиындық көріп отырған қарыз алушыларға банктік қарыз немесе микрокредит алу үшін лицензияланған кредиторларға қайта жүгінуге мүмкіндік береді.
Нарықты жосықсыз коллекторлық ұйымдардан тазарту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Заңда коллекторлық агенттіктің ең төменгі жарғылық капитал бойынша талаптарды сақтау міндеті белгіленеді. Бұл шара коллекторлық агенттіктерде елдің бүкіл аумағында борышкерлермен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін жеткілікті ақпараттық-техникалық, кадрлық және қаржы ресурстарының болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, коллекторлық агенттіктер цифрлық байланыс тәсілдеріне ауыса алады және осылайша борышкерлермен жеке байланыстарды азайта алады.
Заңның маңызды блогы коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлері немесе басқа адамдардың телефон нөмірлері арқылы келіссөздер жүргізуге тыйым салуды енгізуге, сондай-ақ борышкермен өзара іс-әрекет жасау процесін бейне-аудио таспаға жазу міндетіне қатысты. Заңның мұндай нормасы аудио – бейнематериалдарға тексеру жүргізу арқылы заңсыз әрекеттерге жол берілген қарыз алушылардың құқықтарын жедел қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұзушылықтар анықталған кезде коллекторлық агенттікті ресми тізілімнен шығаруға дейінгі қадағалап ден қою шараларын жедел қолдану қажет.
Бұдан басқа, Заң борышкердің орналасқан жерін анықтау жағдайларын қоспағанда, коллектордың үшінші тұлғалармен, оның ішінде борышкердің жұмыс берушісімен өзара іс-қимылын шектейді. Бұл коллекторлық агенттік тарапынан бұзушылықтарды анықтауға, азаматтарды коллекторлық агенттік қызметкерлері тарапынан ықтимал жосықсыз әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда көрсетілген шаралар қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге, борыш жүктемесі мен проблемалық берешектің өсуін азайтуға, сондай-ақ Агенттіктің банктік қарыздар, микрокредиттер беруді қадағалауын және борышкерлермен өзара іс-қимыл кезінде коллекторлық агенттіктердің заңсыз іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған.
Қарыз алушылардың ақы төлеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда не істеу қажет?
Реттеудің жаңа тетігіне сәйкес, банктер мен МҚҰ қарыз алушыны мерзімі өткен сәттен бастап 20 күн ішінде туындаған мерзімі өткендігі туралы хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар сондай-ақ туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы азаматтарды хабардар етуге, олардың банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну құқығы және кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.
Қарыз алушылар кредиторға қай кезде жүгінуі қажет?
Қарыз алушылар мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта көрсетілген басқа тәсілмен жүгінуі керек. Өтініште мерзімін өткізіп алудың немен байланысты болғанын көрсету, ықтимал қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсыну және кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін куәландыратын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және банк пен МҚҰ-ның қарауына жатады. Толық емес мәліметтер ұсынылған кезде қарыз алушы оларды қаржы ұйымынан хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұсынады.
Қарыз алушының өтініші қанша уақытта қаралады?
Кредитор қарыз алушыдан құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін өтінішті қарайды, бұл ретте қарыз алушының ағымдағы қаржылық жағдайы (төлем жасауға қабілеттілігі), әлеуметтік жағдайы, кепілге салынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторларды ескереді.
Кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге, атап айтқанда, қарыз алушы ұсынған банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына өзгерістерді қабылдай отырып, келісім беруге, банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруге немесе себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тартуға тиіс.
Қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау талаптары мынадай түрде болуы мүмкін: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері), ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізу немесе кепіл мүлкін кредиторға беру, сатып алушыға міндеттемені бере отырып, жылжымайтын мүлікті өткізу арқылы бас тарту төлемін беру. Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу банк осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.
Егер ымыраға келу жолы табылмаса не істеу керек?
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізе алмаса, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішінің және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуінің дәлелдерін міндетті түрде ұсынуға тиіс. Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізуге бастама жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарауға және кредитордың қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-қимылына баға береді. Осы кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге берілген мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, ұрыс қимылдарының ардагерлері, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет жасына шыққан зейнеткерлер; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, көп балалы аналар және көп балалы отбасылар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жататынын атап өтеміз.
Кредит – бұл жауапкершілік!
Болашақта мұндай проблемаларды болдырмас үшін кредиттер мен микрокредиттерді рәсімдеу мәселелеріне зерделеп, мұқият қараңыз. Қарыз алушы кредиттің жауапкершілік екенін және кез келген кредитті қайтару керектігін нақты түсінуге тиіс. Мұның бәрі кредиттік ұйымға бармас бұрын қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалау кезінде ескерілуі керек. Сондай-ақ борыш жүктемесі коэффициенті туралы еске саламыз, яғни қарыз алушының ай сайынғы төлемі оның ресми табысының жартысынан аспауға тиіс.
Шартқа қол қояр алдында оны мұқият оқып шығыңыз. Кредитормен шарт жасаспас бұрын мыналарға ерекше назар аудару қажет: қарыз/микрокредит беру мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің түрі: тіркелген немесе өзгермелі; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; ай сайынғы төлем мөлшері және өтеу әдісі; шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда қарыз алушының жауапкершілігі және ықтимал тәуекелдері туралы ақпарат.
Шартта сондай-ақ банктің сіздің банктік шоттарыңызға түскен немесе жаңадан түскен қаражатты даусыз тәртіппен өндіріп алу құқығы туралы көрсетіледі. Банк борыш сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап-арызбен жүгіне алады, соттан тыс немесе сот тәртібімен өндіріп алуды кепілге қолдана алады, берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге бере алады.
Есіңізде болсын, мәселені оң шешу тек қарыз алушының ғана емес, кредитордың да мүддесі. Сондықтан қарызды қайта құрылымдау сияқты мәселені реттеу бойынша шаралар неғұрлым ерте қабылданса, соғұрлым екі тарапқа да қолайлы нұсқа тезірек табылады.
Банк беретін қарыз шарты — бұл банктің клиентке қарызға ақша беретіні туралы жазбаша келісім. Онда қарыздың пайызы, мерзімі мен қайтару күні көрсетіледі.
Мемлекет банк беретін қарыз шартының талаптарын қатаң түрде реттейді. Бұл құжатқа ойдан құрастырылған шарт енгізе алмайсыз. Тараптардың еркіндігі (әсіресе банк) заңнамамен шектеледі.Себебі еліміздегі азаматтардың көбі несие алады: қарыздар, ипотека, авто және тауарға берілетін несие. Сол себепті несие мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмеу әлеуметтік шиеленіске себеп болуы мүмкін.Жеке тұлғаға берілетін несиенің көбі стандарт шарттарға сүйеніп жазылады. Оның бәрі банктердің ресми сайтында жарияланған. Қарыз алушы құжатқа өз ескерту не түзетуін енгізе алмайды: ол шартқа толығымен келіседі не одан бас тартады. Шарт жасасудың бұл нұсқасы «қосылу арқылы» деп аталады. Заңды тұлғаға қарыз берудің өз ерекшеліктері бар. Бизнеске кредит бере отырып, банк келісімшартқа түзету енгізе алады.Қарыз алушы стандарт шарттарға түзету енгізе алмайды. Бірақ шартта көрсетілген талаптардың тым ауыр екені анықталса, ол заң бойынша қол қойған шартты бұзуды талап ете алады. Мысалы, келісімшарт банктен жауапкершілікті алып тастаса/шектесе не қарыз алушыны қандай да бір құқықтан айырса.
СЫЙАҚЫ АЛДЫН АЛА БЕЛГІЛЕНГЕН МӨЛШЕРДЕ МЕ, ӘЛДЕ ПАЙЫЗБЕН БЕ ТӨЛЕНЕ МЕ?
Сыйақы көлемі әдетте пайызбен көрсетіледі. Бірақ банктер оны алдын ала белгілей алады. Мысалы, қарыз бір айдан аз мерзімге берілсе не несие карталарын/тауарға алуға онлайн несие/бөліп төлеу ресімделсе.Қарыз шартымен бекітілетін сыйақы мөлшері шектелген: жылда берілетін тиімді сыйақы мөлшері (ЖТСМ) 56 %-дан аспауға тиіс.
ТӨЛЕМДІ КЕШІКТІРГЕНІҢІЗ ҮШІН ТӨЛЕНЕТІН СОМА НАҚТЫ БОЛУҒА ТИІС
Жеке тұлға борышын кешіктіріп өтеуі мүмкін. Қарыз туралы барлық шартта осындай жайттар үшін айыппұл мен өсімпұлдың шекті мөлшері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Бұл көрсетілген мәннен тұрақсыздық айыбы асып кетпейді.Шекті мөлшерді банк емес, заң белгілейді. Қарыз 90 күн кешіктірілсе, тұрақсыздық айыбы әр күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 %-ынан аспауға тиіс. Ал 90 күннен артық кешіктірілсе, соманың 0,03 %-ынан аспайды. Тұрақсыздық айыбының жалпы сомасы жылына бастапқы негізгі борыштың 10 %-ынан аспауы керек. Кепілсіз тұтыну несиесін алғандар үшін қарыздың тұрақты өсуінен қосымша қорғаныс бар: 90 күннен кейін тұрақсыздық айыбы есептелмейді, яғни қарыз өспейді.
НЕСИЕ АЛУШЫ ЖАСЫРЫН КОМИССИЯЛАРДЫ ТӨЛЕУГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС
Қарыз алушы төлеуге тиіс комиссиялардың барлық түрі шартта міндетті түрде жазылады. Онда көрсетілмеген комиссия заңсыз және қарыз алушы оны төлеуге міндетті емес.
НЕСИЕНІ АЛҒАШҚЫ 14 КҮНДЕ САНКЦИЯСЫЗ ҚАЙТАРУҒА БОЛАДЫ
Бизнес жоспарына арналған қарыздан басқа несиені шарт жасалған күннен бастап есептегенде алғашқы 14 күн ішінде мерзімінен бұрын айыппұлсыз қайтаруға болады.Дегенмен қарыз алушы несие алғаннан бастап қайтарғанға дейін нақты күндер үшін сыйақы төлеуге міндетті. Қарыз алушының бұл құқығы заңда және міндетті түрде шартта, «ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ ҚҰҚЫ» бөлімінде жазылады.
Сондай-ақ қарызды айыппұлсыз толық немесе ішінара қайтаруға болатын кездер бар: қарыз бір жылға дейін мерзімге берілсе, несилеудің жетінші айынан бастап қайтаруға болады (айыппұл кезеңі — қарыздың алғашқы алты айы);қарыз бір жылдан астам мерзімге берілсе, несилеудің екінші жылынан бастап қайтаруға болады (айыппұл кезеңі — қарыздың алғашқы 12 айы).Бұл ереже «Банктер туралы» заңының 39-бабының 5-тармағында жазылған және банктің оны өз бетімен қарыз алушы үшін тиімсіз жаққа өзгертуге құқы жоқ.
НЕСИЕ АЛУШЫ ӨЗ ҚАРЫЗЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ СҰРАТУҒА ҚҰҚЫЛЫ
Қарыз алушы өзі төлеген ақшаның (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, өсімпұлдарды өтеуге) қалай бөлінетіні туралы ақпаратты айына бір рет тегін ала алады. Бұл шартта жазылуға тиіс.
Банк бұл ақпаратты қарыз алушы өтініш берген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті.
Несиені мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтегіңіз келсе, банк менежеріне өтініш беріңіз. Ол сізге қайтарылатын сома мөлшерін жазбаша хабарлауы керек. Бұл үшін банкке үш жұмыс күні беріледі.
Қарызды толық өтеген болсаңыз, банкке берешегіңіз жоқ екені туралы анықтама талап етуге құқылысыз. Банк анықтаманы 15 күн ішінде беруге тиіс.
Дау туындағанда қарыз алушының жазбаша сауалдарына банк 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге міндетті.
НЕСИЕНІ ТӨЛЕУ МЕРЗІМІН ӨТКІЗІП АЛҒАНДА ҚАРЫЗДЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОЛЫҒЫМЕН ҚАЙТАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ
Кейбір адам «несиені төлеу мерзімін өткізіп алсам, банк кез келген уақытта қарызды мерзімінен бұрын сұратуы мүмкін» деп ойлайды. Олай емес.
Біріншіден, төлем мерзімі 40 күнтізбелік күннен асып кеткенде ғана банк қарызды уақытынан бұрын төлеуді талап ете алады. Екіншіден, бұл банкке тиімсіз. Қарызды уақытынан бұрын төлеуді талап етсе, банк алатын сыйақының мөлшері азаяды. Өйткені несие мерзімі неғұрлым ұзақ болса, артық төлем соғұрлым көп болады.
САҚТАНДЫРУ БОЙЫНША ШЕКТЕУЛЕР
Банктің қарыз алушыны сақтандыру компаниясын таңдауын шектеуге не өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеуге құқы жоқ.
Алайда көріп отырғанымыздай, іс жүзінде бұл шектеулерге көбі бағынбайды. Сақтандыруға жасырын мәжбүрлеу банк беретін несиелердің көптеген түрінде кездеседі. Сот тәжірибесінде сақтандыру шараларын қолдану туралы бірыңғай түсінік жоқ. Соған қарамастан онымен күресуге болады. Заң қарыз алушыны қорғайды.
КЕЛІСІМШАРТТЫ РӘСІМДЕУ ЖӘНЕ ҚОСЫМША ҚҰЖАТТАР
Осы жылдан бастап банк менежері шарт жасасқанға дейін қарыз алушыға қарыз талаптары туралы қысқаша ақпарат беруге тиіс.
Шартқа негізгі парақ қоса беріледі. Шарт мәтінінің өзі негізгі парақтан кейін жазылады.
Келісімшартта қарыз алушы таныса алмайтын құжаттарға және банктің ішкі құжаттарына сілтеме жасауға тыйым салынады.
Шарттың мәтіні А4 форматындағы парақта, көлемі 12-ден кем емес Times New Rоmаn қарпімен, жоларалық бір интервалмен және абзац шегіністерін қолдана отырып басылады.
Шартқа қарызды өтеу кестесі қоса берілуге тиіс.
