СІЗ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ БІЛЕСІЗ?

849 көрілім

 

Түркістан қаласында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар өз жалғасын тауып келеді. Дегенмен бұл істің бүгін айтылып, ертең жүзеге асып жатқан нәтижесін көру қиын. Себебі бұқарамен жұмыс барысында істің соңына жету үшін кей кезде бірнеше ұрпақ сабақтастығына өтуі ғажап емес. Алайда, олай екен деп шаруаны кейінге ысыра салуға тағы болмайды. Бұны бір деңіз. Екіншіден аталмыш тірліктің жағымды тұсы қоғам қажеттілік туындаған кезде өзі біліп алуы, ізденуі тәжірибеде бар дүние. Осы ретте біз сөз еткелі тұрған тақырып екінші бағыт бойынша қарқын алып келе жатыр деп тұжырым жасауға болады. Әрине, мұндағы тақырыпты тек Түркістан қаласы төңірегінде қарастырып отырған жоқпыз. Бірақ біздің осы ойымызға үн қататын азаматтар осы шаһардың тұрғындары болғандықтан сөз арасында жергілікті халыққа бағыттап отырған жайымыз бар.

Қазіргі техниканың дамыған заманында адамдардың көбі өз құқығын білу үшін заңдарды қарап, сауаттылықтарын арттырып жүр. Бүгінде құқық саласы әрбірімізге керек болып тұр. Жастар өз құқықтарын қаншалықты біледі? Олар құқықтық сауаттылық дегенді қалай түсінеді? Осы тұрғыда жастардың пікірін сұрап-білдік.

Құқықтық сауаттылық дегенді қалай түсінесіз? Өз құқығыңызды қаншалықты білесіз?

Дәулет. Құқықтық сауаттылық әр адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы.

Сонымен тағы нені білуіміз керек дегенде, мыналарды ескерген жөн. Еліміздегі әр тұрғын тегін орта білім алуға, тегін медициналық тексерістерден өтуге құқылы. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жасаған дүниесі. Әлеуметтік желіге көз салсаң, ана дәрігер ақша бермесең қарамаймын деді, мына мұғалім төрттік, бестік баға үшін сыйлық сұрады деген жаңалықтарды көзіміз шалып жатады. Бұл жерде адамның құқығы тапталып жатыр.

Мәдина. Құқықтық сауаттылық – ол мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу. Яғни өз құқығын білген адам ғана кез келген ситуациядан оңайлықпен шыға алады. Мысалы отбасындағы құқық бұзушылық, мектеп, ЖОО-дағы құқық бұзушылық. Осылардың барлығын алдын алу үшін өз құқығымызды білуіміз қажет. Сол себепті құқықтық сауатты болу қазіргі қоғам үшін өте маңызды. Өз құқығымды 100% білмесем де, негізгі аспектілерінен хабардармын.

Гауһар. Құқықтық сауаттылық дегенді еліміздің Ата заңының өзіме керек тармақтарын білу деп білемін. Мысалы өзім көлік жүргіземін. Соған байланысты заңды толық оқып, өзіме керектерін жаттап алдым деп айта аламын. Себебі заңды білмеген болсам көлік жүргізуге құқығым жоқ деп ойлаймын. Құқығымды толық білемін, өзімнің құқығымды таптатпайтын осы елдің азаматшасымын.

Сымбат. Құқық деген, менің ойымша, адамдарға, айналадағы болып жатқан құбылыстарға сенің жеке қатынасың. Яғни қоғамдағы алатын орныңды білу, жете түсіну және оны ситуацияларда қолдана білу құқықтық сауаттылықты көрсетеді. Әр жеке тұлғаның өз құқығын білуі бірінші өзіне деген, содан кейін басқаларға деген сыйластығын білдіреді. Мысалы мен қоғамдық ережелерді сақтай отырып, басқа адамдардың жеке өміріне қол сұғудан сақтанамын. Менің ойымша, құқық сөзі «әділеттілік» деген сөзбен ассоциация жасайды.

Еркін. Құқықтық сауаттылық өз орнын қоғамда білу және түсіну деп есептеймін. Әр адамның жеке құқығы – оның комфортты зонасы және оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ деп ойлаймын. Яғни әркімнің өз құқығы бар. Өз құқығымды заңды түрде түбегейлі білмесем де, күнделікті болып жатқан жағдаяттарға қатысты дүниелердің дұрыс немесе бұрыс екендігін ажырата аламын деп ойлаймын.

Ораз. Өз құқығымды жеткілікті деңгейде білмеймін. Десе де журналистік құқықты анау айтқандай меңгердім.

Ел азаматтары өз құқығын білмегеннің зардабын тартып-ақ жүр. Соның бірі менмін. Өткен жолы киім дүкенінен шалбар сатып алдым. Үйге келген соң ұнамай қалды. Одан бері 1-2 ай өтті. Бүгін ғана білдім, алған затты 14 күн немесе 1 айдың ішінде чекті көрсетіп қайтарып алуға болатынын. Жалпы қоғамда өз құқығын білетін адам ғана ұтылмайтын секілді.

Құралай. Құқықтық сауаттылық. Адамның жеке басының бостандығына, өмір сүру деңгейіне құқықтық сауаттылықты меңгерудің маңызы зор. Өйткені қай елде, қай жерде жүрсек те, әр адам өзінің құқығын қорғай алуы керек. Сонымен қатар өз құқығын басқаға таптатпау қажет. Құқық бойынша қазіргі таңда бірнеше заңдар мен талаптар бар. Осыны оқыған әрбір азамат жеке басының құқығын қорғай алады.

Өз құқығымды күнделікті өмірде де қолданып жүрмін. Мәселен мен ҚР-ның азаматшасы ретінде сөз бостандығы, яғни өз пікірімді айтып, ақпарат алуға, өмір сүруге құқығым бар.

Дәурен. «Құдыққа құлан құласа құрбақа құлағында ойнайды» деген атадан қалған сөз бар. Адам қоғамда қаншалықты әлжуаз болса, соншалықты өзгелерден жапа шегеді. Өз құқығыңды білмесең қолынан келгендер қонышынан басудан тайынбайды. Бірақ қазіргі таңда көзі ашық буын әлеуметтік желіде болсын құқық тұрғысында сауатты болуға тырысады. Кез келген жеке шығармашылық туындыға авторлық құқық заңдастырылған. Сондықтан да адамдар ноқтаның тізгінін өкіметке ұстата салып жатады. Қандай жағдай болмасын өз жолын білген адам опық жемейді, қия баспайды.

Арай. Құқықтық сауаттылық әр азамат пен азаматша білуі тиіс дүние. Белгілі бір елде тұрып жатсаңыз яки өмір сүрсеңіз сол елдің заң аясымен таныс болуыңыз қажетті нәрсе. Құқықтың адамдар арасындағы қоғамдық қатынасты жақсарту үшін, реттеп, жүйелеп отыру үшін жасалғанын білеміз. Ал құқықтық сауаттылық – өзіңіздің және өзгенің құқығын, заң шеңберіндегі міндеттері мен мүмкіндіктерін білу және оны орнымен дұрыс жүзеге асыру.

Барынша өз міндеттерімді, құқығымды білуге тырысамын. Яки әлеуметтік желіде азаматтардың құқтары жайлы жазылса оқып, есте сақтап аламын. Алайды құқықтық сауттылығымды 20-30% деп бағалар едім. Шыны керек біздің қоғамда құқықтық сауаттылық аса бір жоғары емес. Мектептерде құқық сабағы өткенімен ол жерде сабақ құқыққа қарағанда бір тарих іспетті, сабақ көбінесе заң туралы өз пікірін білдірген ойшылдың өмірбаяны мен қанатты сөздерін оқу арқылы жүзеге асырылады. Әлеуметтік желіге кіріп өз құқықтарымды оқуға тырысқан кездерім болған. Алайда түйгенімнен түсінбегенім көп болды. Тым ғылыми-теориялық тілде жазылған.

Дайындаған: А.БЕРЕКЕТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы