Егемендік декларациясы: әлеуметтік мәні, құқықтық міндеті

249 көрілім

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ БАСТАР ЖОЛ

25 қазанда мерекеленетін Республика күнінің түпкі мәні – Егемендік декларация­сының мән-маңызын түсіну, жаһанданған заманда елдіктің еңсесін тіктеп, ұлттық ерекшелікті, болмыс-бітімді сақтай отыра дамудың жолын саралау. Өйткені 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы тәуелсіздік жолындағы батыл қадам, ұлттық мемлекет құруға талпыныс болды.

1991 жылы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақ КСР-нің» атауы «Қазақстан Республикасы» болып өзгеріп, 16 желтоқсанда «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Тәуелсіздікке даңғыл жол салған қос құжат бір-бірімен мазмұндас, мағыналас болды, айырмашылығы жоқ емес.

Бәрі қалай басталды? Алдымен соның басын ашып алайық.

1990 жылы 25 қазанда қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы тәуелсіздік жолындағы батыл қадам, ұлттық мемлекет құруға талпыныс болды

1991 жылғы Тамыз төңкерісінен кейін КСРО-ның шаңырағы шайқалып, империялық дәрмені қалмағанын көрсетіп берді. Қазан айының соңында Литва, Латвия, Эстония, Грузия тәуелсіздігін жариялап, КСРО-дан шыққанын мәлімдеді.

Горбачев Одаққа біріккен республикалардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени талап-тілегіне жауап бере алмай, КСРО көлемінде шиеленіс күшейе түсті. 1991 жылғы 8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь басшылары Минск маңындағы Беловеж орманында бас қосып, 1922 жылғы КСРО шартын жоюға келіссөз жүргізді. Сөйтіп, Борис Ельцин, Леонид Кравчук және Станислав Шушкевичтің бастамасымен КСРО жойылды.

Көп ұзамай Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан «кеңестік» және «социалистік» атауынан бас тартып, тәуелсіздігін бірінен кейін бірі жариялады.

25 қазанда мерекеленетін Республика күнінің түпкі мәні – Егемендік декларацияс ының мән-маңызын түсіну, жаһанданған заманда елдіктің еңсесін тіктеп, ұлттық ерекшелікті, болмыс-бітімді сақтай отыра дамудың жолын саралау

Осы кезде тәуелсіздікті тіктеп, рәміздерді жасақтап, шекараны айқындауда декларация заңнамалық шарт қызметін атқарды. ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында қабылданған қос құжат – Егемендік декларациясы мен Конституциялық заңның мазмұнына уақыт ағымына сай аздаған өзгеріс енгізілгенмен, түпкі мәні елдіктің еңсесін тіктеу, тәуелсіздікті жария ету болды. Біріншісінде ел тұтастығы мен егемендігіне қажетті заң нормалары 17 бапқа біріктірілсе, екіншісі 7 тарау және 18 баптан тұрды.

КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ОРНЫ

Белгілі заңгер Сұлтан Сартаев: «Декларацияда Республика мемлекеттің өз ішінде биліктің үстемдігіне ие және сыртқы қатынастарда Одақтық шарттың аясында іс-шаралар жүргізіледі» деп көрсетілсе, Конституциялық заңда «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Әрі территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді» деп нақтыланды. Қос құжаттың айырмашылығы – біріншісінде сыртқы саясатта ресми Мәскеудің ықпалында екені аңғарылса, екіншісінде өз еркі өзінде екені айқындалды» деп жазады өз естелігінде.

Белгілі ғалым Салық Зимановтың жазуынша, декларацияның басқа саяси-құқықтық құжаттар арасында алатын орны зор, маңызы ерекше. Онда ұлттық мемлекеттің негізгі принциптері қамтылып, саясат, экономика, мәдениет, аумақтық биліктің конституциялық нормалары көрсетілді.

Тәуелсіздіктің негізін қалауға атсалысқан қос заңгердің пайым-парасаты орынды. Декларация конституциялық сана-сезімді қалыптастырып, бекітуде шешуші рөл атқарды.

Ғалым, заңгер Социал Табановтың еңбектерінен декларация мен Конституцияның тарихи-құқықтық сабақтастығы туралы табуға болады.

ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ даласында декларация ұғымы алғаш еніп, Қырғыз (қазақ) автономиялы Респуб­ликасының І Бүкілхалықтық құрылтайында ұлттық мемлекет құру туралы декларация қабылданғанмен, бәрі қағаз жүзінде қалып, дербестік тар шеңберде қаралды. ХХ ғасырдың 90-жылдары белсенді, беделді халық қалаулылары мен заңгерлер жасаған заң нормалары тәуелсіз мемлекет құруға негіз болды.

Декларациядағы баптарды саралайтын болсақ, конституциялық актіні құрап, тіпті кейбірі конституциялық құрылыстың негізін қалады. Айталық, декларацияның: «Республика мемлекет билігі оның заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принциптер бойынша жүзеге асырылады» деген 7-бабы өзгерместен, тұтастай 1993 жылғы Конс­титуцияның 6-тармағына енгізілді. Сондай-ақ декларацияның 3-бабындағы: «Қазіргі шекарасындағы Қазақ ССР-нің территориясы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды» деген тұжырым Конс­титуцияның 2-тармағымен үндестік тапты.

Декларациядағы мемлекеттіліктің өміршең қағидалары 1995 жылы қабылданған Ата Заңда да көрініс тапты. Мәселен, Конституцияның 2-бабын, 2-бөлігін алсақ, онда: «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, оған қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» делінді. Бұл декларацияның 3-бабына пара-пар екені анық. Декларациядағы адам құқығы туралы идеясы Ата заңның «Адам және азамат» деген II бөлімде 10-39-баптарда толық қамтылды.

Бұдан бөлек, декларациядағы азаматтық, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық бірлестіктер, мемлекеттік органдар, аумақтық басқару, жер асты және үстіндегі табиғи ресурстар мен халықтың тарихи-мәдени қазынасы және т.б. байланыс­ты мәселелер Конституцияның тиісті мәтінінде өз орнын тапты. Алайда Конс­титуцияға декларацияның баптары ешбір өзгеріссіз енді деген пікірді ұстанған дұрыс емес. КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекет құрылған кездегі қоғамдық-сая­си, әлеуметтік-экономикалық ахуал өзгеріп, кейбір тіркестер өзектілігін жойған-ды.

P.S: Біздің алдымызда ұлы міндет тұр, ол – Жаңа Қазақстанды құрып, әділеттілік принциптерін ұстанған қоғам құру. Қазақ қоғамы үшін әділдіктің ең үлкені – ұлттық мемлекет құрып, ата-бабамыздың арман-мұратын шындыққа айналдыру. Бұл ретте, 25 қазанға сәйкес келетін Республика күні маңызды рөл атқарады. Өйткені бұл мерекенің түпкі мәні Егемендік декларациясының мән-мазмұнын насихаттау болса, бұл құжаттың өзегі – ұлттық мемлекет құру.

Астана ақшамы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы