Түркістанда өткен форум облыстағы тұрақты бастамалардың жалғасы

725 көрілім

Түркістан қаласында «Журналистика мен блогосфера: Азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалы» атты журналистер форумы жоғары деңгейде өтті. Форумға Түркістан облысының 14 ауданы және Кентау, Түркістан қалаларының газет, телеарна журналистері, баспасөз хатшылары,  әлеуметтік желі белсенділері мен журналистика факультетінің студенттері қатысты. Журналистика саласында өзекті мәселелерді арқау еткен келелі жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті, ол идеология майданында толассыз шынайы ақпарат таратып жүрген өңір журналистерінің еңбегін атап өтті.

Шараға ақпарат айдынының ардагер журналистері Түркістан қаласының тумасы Тілеуқабыл Мыңжасар, белгілі публицист, жазушы Қайнар Олжай, дағдарыстық коммуникация бойынша сарапшы, белгілі блогер Алмас Тоқабаев қатысып, бүгінгі таңда ақпарат саласына қатысты мәселелерімен ой бөлісті.

– Облыс атанғанымызға төрт жылдан асып, бес жылдыққа қадам басқалы отырмыз. Енді қасиетті қаламызға рухани және тарихи елорда мәртебесі берілетінін мақтанышпен жеткіземіз. Бұл туралы таяуда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға келген сапарында жариялап, осы бағытта жұмыс жүргізу қажет екенін баса айтқан болатын. Алдағы уақытта осы мәртебе арнайы Жарлық негізінде қабылданады. Осы ретте Астанадан Түркістан өңірінің журналистерімен жүздесуге журналистика саласындағы қайраткер ағаларымыз арнайы келді. Бұл шараға Түркістан облысындағы ақпараттық, әлеуметтік саласында қаламды қару етіп белсенді қызмет етіп жүрген азаматтар қатысып отыр. Бүгін ұйымдастырылып отырған форум аясында спикерлердің көзқарасы мен талдауларын тыңдап, көкейде жүрген сұрақтарыңызға жауап алып, пікір алмаса аласыздар. Соған сәйкес, біздің облыс орталығын дамыту жұмыстары рухани, азаматтық қоғамды дамыту жобалармен тұрақты түрде жалғасып отыруы тиіс. Бұл жұмыстар сол аталған тұрақты бастамалардың жалғасы деуге болады, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Форум барысында алғаш сөз алған, Түркістанның тумасы, танымал журналист Тілеуқабыл Мыңжасар облыс атанғалы туған жеріндегі түбегейлі өзгерістерге таңданысын жасыра алмады.

– Бүгінде жайнай түскен киелі Түркістанымда жерлестеріммен, өзімнің іні-қарындастарыммен кездескеніме тәубе деймін! Түркістанда форум өтетінін естіп, асыға жеттім. Мұндай жиындар журналистерге қашан-да шабыт беретінін білесіздер. Бас қаламыз Алматыда жылдар бойы тынымсыз еңбек еттім, сол өңірдің Құрметті азаматы атандым. Тіпті кейбірі менің түркістандық екенімді де білмейді. Десе де туған жерімді бірде-бір естен шығарған емеспін. Осында дүниеге келдім, әл-Фараби мектебінде білім алдым. Нағыз елге қызмет ететін жаста 90 жылдардың қилы кезеңінде Алматы қаласында тұрақтап, телеарнада тапжылмай бір орында жұмыс істедім. Туып-өскен жерімнің облыс орталығына айналғанына биыл 4 жыл болды. Бұрын-соңды болмаған осындай маңызды форумдар Тәуелсіздіктің арқасында көптеп ұйымдастырылып жатқанына дән ризамын. Билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір – осы журналистер. Сондықтан бүгінгі қоғамда журналистерге қойылар жауапкершілік өте жоғары, – деді Т.Мыңжасар.

Ал қазақ журналистикасының корифейі Қайнар Олжай көркем де сауатты жазу туралы өзгеше ойларымен, өз тәжірибесі мен өзекті сын-ескертпелерімен бөлісті.

– Базардың сөзі қазір журналистикаға дендеп келе жатыр. Мәдениетті адамның жазуы да мәдениетті болуы керек. Журналистиканың жауы -жауапсыздық. Әр ақпаратқа, әр сөзіңе мән бер. Пойыздың составында бос кетіп бара жатқан вагон жоқ, әйтеуір бірдеңе тиеліп барады. Аудиторияға бағытталған сөз де «бос вагон» емес, бір мағынамен бара жатқан дүние деп қарау керек, – деді.

Келесі сөз кезегін алған Алмас Тоқабаев жаңа медиа туралы тұжырымды ойын ортаға салды.

Форум аясында қатысушылар үш топқа бөлініп, секциялық отырыстарға қатысты. Онда «Цифрлық дәуір және БАҚ: қазіргі журналистикаға не жетіспейді?» тақырыбы бойынша қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар телеарна журналистеріне арнайы шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ форум тақырыбымен белгілі журналист Қайнар Олжай аудан-қалалық баспа БАҚ өкілдеріне дәріс берді. Ал «Журналистика және блогосфера: жанрлық-тақырыптық қиылыстар» тақырыбы әрі дағдарыс коммуникациясы бойынша Алмас Тоқабаев баспасөз хатшыларына арнайы тренинг өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Секция соңында қатысушылар еркін пікір алмасты, журналистиканың стандарттарынан бастап, жақында қабылданатын БАҚ туралы заңға байланысты сұрақтар да талқыланды. Белгілі журналист Қ.Олжай алдағы уақытта мәтінге дұрыс тақырып қоюға, материал жинақтап, оны шебер үйлестіре жазуға байланысты үш күндік шеберлік сағатын өткізу үшін Түркістанға арнайы келуге уәде берді. 

Несібелі Иманқұлова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы