ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

338 көрілім

Редакциямызға хабарласқан оқырмандар арасында осы сауал көп туындайды. Себебі облыс орталығы атанған Түркістан қаласында заң талаптарының орындалуы бұрынғыдай ағайын-туыстық қатынаспен өлшенбейтіні аңғарыла бастады. Иә, жасыратыны жоқ бұған дейін қала тұрғындарының арасындағы бірқатар мәселелер өзара келісім аясында шешімін таба беретін. Қазіргі күні талап басқа.
Құқықтық мәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлшегі. Ол қоғамның құқықтық құндылықтарын, құқық саласындағы прогрессивті жетістіктерін сипаттайды.
Бұл ұғым негізінен үш деңгейде көрініс табады. Атап айтсақ, қарапайым, кәсіби, теориялық. Құқықтық мәдениеттің қарапайым деңгейі адамдардың күнделікті өмірімен шектеледі және теориялық жалпылау деңгейіне көтерілмейді. Бұл деңгейдегі тұлғалар тек жеке басын қорғай алатын заңдарды білумен шектеледі, субъективті құқықтарды жүзеге асырады.
Құқықтық мәдениеттің кәсіби деңгейі заңгерлік қызметпен айналысатын адамдарға тән. Бұл деңгей заңды білудің, құқықтық мәселелерді, құқықтық қызметтің мақсаттары мен міндеттерін түсінудің жоғары деңгейімен сипатталады.
Теориялық құқықтық мәдениет тек құқық туралы білімнің ғана емес, сонымен бірге оның терең қасиеттері мен құндылықтарын, әрекет ету механизмін, заңның тиімділігіне әсер ететін факторларды және түсінудің жоғары деңгейін қамтиды.
Қоғамның құқықтық мәдениет дамыту үшін оның үш деңгейі де маңызды рөл атқарады. Десе де, кәсіби құқықтық мәдениеттің ерекше мәнге ие екенін атап өткен жөн.
А.Ертайқызы, студент:
– Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бүгiнгi күннің өзектi мәселесі. Байқасаңыз, дамыған елдерде құқықтық мәдениет деңгейі бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Себебі ол елдер бұл мәселеге ерекше назар аударады. Балаларын ерте жастан сауатты болуға тәрбиелейді, заңды түсіндіреді.
Егер олар заңсыз нәрсені байқаса, бұл туралы бірден айтып, сотқа жүгінеді. Ал бізде қалай? Біз бірден бәкелер мен сәкелерді іздеп табуға тырысамыз. Сот билігі – еліміздің демократиялық көрсеткіші. Өйткені Сот тек Конституцияға, яғни заңға ғана бағынады. Одан басқа ешкім оларға үстемдік ете алмайды. Заңсыз әрекеттерге жол беру, оған немқұрайлылық заңсыздықтың өркендеуіне әкеледі. Құқықтық мәдениет менен, сізден, бізден, қоғамның әр мүшесінен басталатынын ұмытпауымыз қажет.
А.Жақсылық, заңгер:
– Құқықтық мәдениет – адамның өз құқықтарын білуі. Мысалы, бізде азаматтарды қорқордың зиянды әсерінен қорғау туралы заң бар. Көптеген орындарда шылым шегуге тыйым салынған. Адамдар мұндай заңның бар екенін білмейді. Шыны керек, біздің құқықтық сауаттылығымыз төмен деңгейде. Халық әлі қаржылық пирамидаларға алданып жүр. Ішінде оқыған азаматтар да бар. Алайда, олардың заңнан хабары жоқ. Сол себепті сау басына сақина тілеп алып жүрген жайлары бар. Құқықтық мәдениетті арттыру үшін әлеуметтік желілер, теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді насихат жүргізу қажет.
М.Елікбаева, кәсіпкер:
– Әр адам өзінің құқықтық мәдениетін өзі көтеруі тиіс. Құқықтық білім беруді жақсарту үшін көптеген ресурстар бар. Интернет арқылы сіз әртүрлі бағыттар бойынша құқықтық материалдарды таба аласыз. Мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында осы бағытта білім береді. Алайда, екінші жағынан, әр адамның міндеті – өз өмірін реттейтін заңдарды оқу, түсіну, білу және қолдану.
Н.Мансұр, филолог:
– Құқықтық мәдениет біздің деструктивті бейнеқосылғыларымызды тежейді. Әрине, әркім өз құқығын құрметтеуді қалайды. Бірақ құқықтық мәдениет басқалардың құқығын құрметтеуден басталады. Егер қоғам және оның мүшелерінің әрқайсысы басқалардың мүдделерін құрметтеудің маңыздылығын түсінбесе, онда бұл қоғамда әрдайым хаос болады.
О.Жұмабекұлы, журналист:
– Құқықтық мәдениетті арттырудың жалғыз жолы – құқықтық білімді кеңейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы үнемі насихаттау, ең бастысы, мектеп жасынан бастап құқықтық мәдениетті дамыту үшін білім беру идеологиясын жүргізу.
Т.Мұратбек, кәсіпкер:
– Дамыған елдерде, мысалы, Германияда, егер бағдаршамда қызыл түс жанса, адамдар тіпті машиналар болмаса да, жол ережелерін сақтап, жасыл түс жанғанша күтеді. Біз мұндай адамға таңдана қарайтын едік. Құқықтық мәдениет – бұл ережелерді үнемі сақтау керек деп білемін. Құқықтық мәдениетті арттыруда билікке қарап, одан бір нәрсе күтудің қажеті жоқ. Әркім өзінен бастауы керек. Қорытындылай келе, жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін, біріншіден, құқықтық сананы қалыптастыру қажет екенін атап өткен жөн. Екіншіден, адам өзінің заңдары мен құқықтарын білуі керек. Үшіншіден, заңның бұзылуына немқұрайлы қарамау және оның орындалуын талап ету.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы