Қаңтар оқиғасынан кейін өткен Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына қарата айтқан сөзінде қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, бұл мәселені заң тұрғысынан реттеу қажеттігін тапсырған болатын. Себебі қаңтардағы қырғын ел ішіндегі қару айналымы, халықты қарусыздандыру мәселелерінің өткір екенін айғақтап берді.
Адам қай кезде қолына қару алады? Өзін, отбасын қорғау үшін, өмірін, қоғамдағы орнын, абырой-беделін, намысын аяққа таптатпас үшін. Алайда баяғының батырлары қаруларын ешқашан қадірсіз іске қолданбайтын. Ал бүгінгінің «баһадүрлері» қорғанысты емес, қылмысты көбірек жасайды. Осыған байланысты Түркістан қалалық полиция басқармасы тарапынан редакциямызға берілген ақпараттық хабарламалар жарық көріп келеді. Онда түркістандық тәртіп сақшылары қаруды заң талаптарына сай қолдану қажеттігін ескертеді. Ол үшін арнайы тәртіп қарастырылған. Атап айтсақ, Қазақстанда азаматтық қаруға адамдар өзін-өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару жатады. Кәмелет жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы қару алуға қызығушылық білдірсе, нақты құжаттар арқылы қаруды сатып ала алады. Ал 16 жасқа толған азаматтарға лақтырылатын (садақ пен арбалет) қаруды спорттық мақсатта иемденіп алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға рұқсат беріледі. Белгі беру қаруы, механикалық тозаңдатқыш, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған аэрозолды және басқа да құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтынын және калибрі 4,5 миллиметрге дейінгісін қосқанда пневматика қаруы тіркеудің керегі жоқ. Азаматтар бұл қаруды рұқсат алмай-ақ, жеткізіп берушілерден – заңды тұлғалардан иемденіп алуға құқығы бар. Тегіс те ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруы аңшы куәлігі бар азаматтарға беріледі. Тегіс әрі ұзын ұңғылы атыс қаруын аңшы куәлігі болмаса да, азаматтар тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша өзін қорғау мақсатында иемденіп алуға құқығы бар. Бір азаматқа аңшылық үшін жалпы төрт қару ұстауға рұқсат беріледі. Оның екеуі тегіс ұңғылы, екеуі ойық ұңғылы. Ал спорттық қаруды бір адам бес данаға дейін ұстай алады. Сонымен қатар өзін қорғауға арналған қарудың әр түрін алғанда екі данадан аспауға тиіс. Ұзын ұңғылы атыс қаруы, аңшылық пневматикалық қару, газ пистолеті мен револьвері иемденіп сатып алынған күннен бастап бір апта мерзімде тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс.
Алайда таяуда осындай жағдайларды біле тұра қаруды заңсыз пайдаланған азаматтардың қатары азаймай тұр. Осындай бір оқиғаны Tүркістан қаласының прокуратурасы заңсыз атыс қаруларын сақтады деген айыппен Түркістан қаласының тұрғыны 1994 ж.т. Э.Ж атты азаматқа қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді.
Ағымдағы жылдың жаз айында жол патрульдік полиция қызметкерлері бір автокөлікті тоқтатқан сәтте жүргізуші оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан. Полиция қызметкерлері автокөлікті қуалап ұстаған сәтте оның ішінде жолаушы ретінде болған Э.Ж атты азаматтың қалтасынан екі атыс қаруы табылған.
Тергеу нәтижесімен Түркістан қаласының полиция басқармасының тергеушісі соңғының іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен (мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 5000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) саралаған.
Осындай жағдайлар орын алмас үшін жергілікті полицейлер бірқатар заң шеңберіндегі талаптарды ұсынады. Тарқатып айтсақ, қаруға рұқсат алу үшін азамат тұратын жеріндегі ішкі істер органына өтініш, көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруға, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медицина анықтамасын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат тапсыруға міндетті. Егер азамат заңсыз қару алып жүрсе, ол Қылмыстық кодекстің 287-бабына сай жауапкершілікке тартылады. Азаматтық қаруды адам тек аңшылық және спорт үшін пайдалана алады. Себебі қарудың өзі де тек осы мақсатта беріледі. Ал өзін қорғау мәселесі қиынырақ. Адам бұл қаруды тек өте шарасыз кезде, төтенше жағдайда қолдануына болады. Азаматтар өмірін, денсаулығын және меншікті қорғау үшін аса қажет жағдайда және қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде қаруды қолдана алады. Ерекше міндеттері бар ұйымдардың қызметкерлері қаруды табиғатты, табиғи ресурстарды, меншікті күзету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде өзіне заңдарда жүктелген міндеттерді орындау кезінде және өзін қорғау үшін қолдана алады.Қарудың әр оғы үшін азамат тек үйіне барып, сұрастырған кезде ғана жауап береді. Басқа кезде әр оқ үшін есеп бермейді. Жалпы патрон саны бір адамда 100 данадан аспауы керек. 50 ойық ұңғылы, 50 тегіс ұңғылы оқ болуына ғана рұқсат. Қару міндетті түрде сейфте тұруы керек. Ал сейф қабырғаға немесе жерге бекітілген, қағылған болуы қажет. Бұл жерде сейфтің қалыңдығы да заңға сай болуға тиіс. Заң бойынша сейфтің қалыңдығы 3 миллиметрден кем болмауы қажет. Ал қаруды балалардан алыс ұстау тәртібі әркімнің өзіне байланысты. Азамат өзі алған қаруды басқа адамға, отбасы мүшесіне беруіне тыйым салынады. Сонымен қатар қару иесінің мына әрекеттерді болмайды: азаматтардың митингіге, шеруге, демонстрацияға, пикеттер мен басқа да көпшілік-бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың қару алып жүруіне; қаруды қоғамдық орындарда ашық (қабына салынбаған күйде) алып жүруіне; қаруды ұлттық киімге жабдық ретінде рұқсатсыз тағынуына тыйым салынады. Егер қару жоғалса немесе ұрланса, бұл туралы Ішкі істер органына хабарлануы керек. Ал қаруды жоғалтқан адамға Қазақстан Әкімшілік кодексінің 486-бабының 1-бөлімі, 3-бөлігіне сай хаттама толтырылады. Азамат қаруды иеленген соң оны тіркеуге, сақтауға, алып жүруге рұқсат алуы керек. Рұқсаты бар болып, алып жүру мерзімін ұзартқысы келсе, Ішкі істер органына барып, қаруы мен құжаттарын көрсетуі керек. Егер азамат тұрғылықты мекенжайын ауыстырса, қаруды сол жерге есепке қоюы керек. Ол үшін Ішкі істер органдарына өтініш білдіреді. Заңды тұлғаның қаруды ұстауына берілген рұқсат мерзімі аяқталса, сонымен қатар оны ішкі істер органымен келіспестен басқа филиалға берсе, органдарға тіркеу мерзімі бұзылса, айыппұл төлейді. Дәлірек айтқанда, жеке тұлғаларға 15 АЕК, шағын кәсіп субъектілері немесе коммерция емес ұйымдарға 20 АЕК, орта кәсіп субъектілеріне 30 АЕК, ірі кәсіп субъектілеріне 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік жазадан соң азамат тағы да рұқсат мерзімін бұзса, ішкі істер органдарымен келіспей, қаруды басқа филиалға берсе және тағы басқа заң бұзу қайталанса, айыппұл мөлшері де көбейеді. Қайталанған әрекет үшін азамат 20 АЕК, шағын кәсіп субъектісі немесе коммерция емес ұйым 30 АЕК, орта кәсіп субъектісі 40 АЕК, ірі кәсіп субъектісі 70 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі керек.Азаматтық қаруды, оның патронын сақтауға және алып жүруге рұқсаттың күші жойылғанда азаматтар қаруды өткізуі керек, бірақ азамат осы тұста қаруды тапсырудан жалтарса, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.Қару иесі қайтыс болған жағдайда оны қайта тіркейді немесе қару арнайы комиссияға тапсырылады.Қару иесі қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелері осы қаруды бір ай мерзімде қайта тіркетуге немесе комиссиялық саудаға өткізуге міндетті.Қару қолданбас бұрын қарсы қолданылатын адамға бұл жайында нақты ескерту жасалуға тиіс. Әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға, жас шамасы белгілі немесе кәмелетке толмағандар қарулы немесе топтасып шабуыл (зорлық- зомбылық) жасаған жағдайдан басқа кезде оларға қарсы қару қолдануға тыйым салынады.Қару қолданудың барлық жағдайында маңайдағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, зардап шеккендерге шұғыл медицина көмегін беру қажет. Сонымен қатар болған жайды тез арада ішкі істер органы мен прокуратураға хабарлау қажет.
Кешегі қаңтар қырғыны мен әлемдегі күн сайын күрделене түскен геосаяси ахуал құқық қорғау органдарына елдегі қару-жарақ мәселесіне тереңінен қарауды түсіндірді. Әсіресе, «Қасіретті қаңтар» кезінде тіркелген қылмыстар заңсыз айналымда жүрген қарудың кез келген уақытта бейбіт халыққа қарай оқ ата алатынын айғақтап берді. Бұл қауіпті ІІМ Тергеу департаментінің басшысы, полиция полковнигі Санжар Әділов те жоққа шығармайды.
ІІМ өкілі ішкі істер органдарының жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қару-жарақтарды іздеу мен алу бойынша жедел-іздестіру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отырғанын алға тартты. «Қаңтар оқиғасы кезінде тіркелген қылмыстарды тергеу кезінде біз атыс және суық қаруды заңсыз сақтау мен сатуға қатысты әрбір ақпаратты жіті тексеруге көштік. Тіпті халық арасында бір қаруға қатысты қандай да бір ақпарат белгілі болса, бірден полицияға хабарлау қажеттігі туралы ұдайы ескертіп келеміз. Неліктен? Өйткені заңсыз айналымға түскен қаруды қылмыскерлер кез келген уақытта қарапайым халыққа қарсы қолдана алады. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Елімізде тіркеліп жатқан аса ауыр қылмыстардың дені қарумен жасалады», дейді полиция полковнигі.
С.Әділовтің айтуынша, қаңтар¬дағы қантөгістен кейін қылмыскерлердің қолында жүрген 1 386 қару-жарақ алынған. Күллі қазақ жұртын үрейде ұстаған қаныпезерлер 154 автомат пен 419 тапаншаны жасырып қалмақ болған. Сондай-ақ 166 жарақаттайтын қару, 70 арнайы мылтық, 30 гранатомет және 22 мыңнан астам оқ-дәрі алынып, тәркіленді. Ал естеріңізде болса, Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде барлығы 3 мыңға жуық қару ұрланғанын ресми мәлімдеген болатын. Сонда полиция қызметкерлері осы ұрланған қарудың әзірге үштен бір бөлігін ғана тауып отыр. Бұл табылмаған 2 мыңға жуық қару-жарақ – соның ішінде тапанша, граната, пулемет, мылтықтар әлі күнге дейін қылмыскерлердің қолында жүр деген сөз.
Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, арнайы операция басталғаннан бері қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 325 материал тіркелген. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке 519 азамат тартылыпты. Осы уақыт аралығында азаматтар өз еркімен 120 қару¬ды тапсырған. Егер қылмыс құрамы анықталмаса, іс-әрекеттерінде заңсыздық болмаса, қару-жарақтарды өздері әкеліп, полицияға тапсырғандардың ешбірі қандай да бір жауапкершілікке тартылмайтынын тағы да ескертеді.