Түркістан қаласының тұрғындарына қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық тақырыптарында түсірдірме жұмыстарын жиі таратудамыз. Құқық бұзушылық дегеніміз – адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі екендігі де тұрғындарға жиі түсіндірілуде. Қоғамда тәртіп орнамаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Бұл бәрімізге белгілі және оны жақсы түсінеміз. Дегенмен, қоғамда қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да кездеседі және бұл – құқық бұзушылықтың орын алуына әкеп соқтырады, сондықтан құқық бұзушылық – қоғам өміріне тән қауіпті дерт. Құқық бұзушылықтың себептеріне қатысты байырғы заманнан осы күнге дейін әр түрлі пікірлер айтылып келеді. Солардың ішінде құқықтық нормаларды бұзуына ең алдымен әлеуметтік және биологиялық жағдайлар әсер ететінін байқауға болады.
Бүгінде Түркістан қаласында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заңды жауапкершілікті сезіну үшін жиі кездесулер ұйымдастырылуда. Кездесулерде жасөспірімдердің азаматтық, патриоттық, адамгершілік, салауаттық, құқықтық, мәдени, шығармашылық т.б. қасиеттерін дамыту және қалыптастыру процесі жайында әңгімелер айтылуда.
Құқық бұзушылық пен келеңсіз жағдайларды барынша болдырмау және алдын алу, оның зияндылығы мен қауіптілігін түсіндіруде – өскелең ұрпаққа құқытық тәрбие беру, оның мақсат – міндеттерін дұрыс түсіндірудің маңызы ерекше екендігі белгілі. Құқықтық тәрбие беру жан – жақты тәрбиелеудің маңызды бір саласы.
Қала прокуратурасы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін салынып жатқан құрылыс объектілеріне заңсыз кіру арқылы бірнеше рет құрылыс материалдарын жасырын жымқырды деп айыпталған С.А-ға қатысты қылмыстық істі сотқа жолдаған. Асанбаевтың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 500 мың теңгеден астам залал келтірілген. Кезекті қылмысты жасау кезінде күдіктіні күзетшілер оқиға орнында ұстаған. Түркістан қалалық сотының үкімімен күдікті С.А ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2,3-тармақтары және ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі арқылы 188-бабы 3-бөлігінің 2,3-тармақтарында көрсетілген қылмыстарды қасақана жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оның әрекетінде қылмыстардың қайталануы бар екенін ескере отырып, 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды. Үкім күшіне енді.
Қазір қоғамның құқықтық сауаты өте төмен екені жасырын емес. Құқықтық тәрбие идеологиялық және оқу-тәрбиелік жұмыстардың құрамдас бөлігі екені белгілі. Осындай бұзықшылықты болдырмау үшін бүгінде колледж, университет табалдырғын аттаған жастарға «Мемлекет және құқық негіздері» бойынша дәрістер оқылады. Қазір мамандар заңды құрметтейтін азамат тәрбиелеп шығару үшін мұның аздық ететінін алға тартуда. Егер студенттердің құқықтық сауаты тиісті деңгейде болса, мұндай жағдай орын алмас па еді.