Олай деуімізге себеп бүгін Түркістан облыстық медициналық жедел жәрдем станциялары су жаңа 32 көлікпен толықты. «Lada Largus» маркілі автокөліктер медициналық талапқа сай барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қолда бар мәліметке мән берсек, жедел жәрдем көліктеріне 300 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Енді бұл темір тұлпарлар өңіріміздің аудан және қалаларына жол тартатын болады. Келесі жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша 60 санитарлық автокөлікпен жабдықтау жоспарлануда. Бұл автокөліктер – облысымызда тәулігіне емханалық көмекке қаралатын 34 мың адамға және жедел медициналық көмекке жүгінетін 5 мыңнан астам науқасқа көрсетілетін медициналық қызмет сапасының жоғарылауына ықпал етпек.


«Елбасымыз Н.Назарбаев Жолдауында әрдайым медицина саласына айрықша көңіл бөліп келді. Өйткені, біздің басты байлығымыз халықтың денсаулығы. Ал, бұл саладағы жедел жәрдемнің алар орны ерекше. Сондықтан станциялар заман талабына сай көліктермен қамтылып отыр. Бұл мүмкіндік – тұрғындардың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бағытына өз септігін тигізеді деген сенімдеміз», – деген облыс әкімі Ө.Шөкеев денсаулық сақшыларын құттықтап темір тұлпарлардың кілтін табыстады. Салтанатты шарада сөз алған Сарыағаш ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Мырзалиев ақ халаттылар тарапынан алғыс білдіріп, сапалы қызмет көрсетуге уәде берді.


Медицина қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Кентау, Жетісай, Мақтаарал, Сайрам ауданы мен Түркістан қаласында жалпы 8 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, шалғай елді мекендерде 19 модульдік медициналық бекеті ашылмақ. Халықтың саулығы үшін облысымыздағы медициналық ұйымдардың материалды-техникалық базасы да заманауи құрал-жабдықтармен жаңарып келеді.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».
