ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРТ «НҰРОТАНДЫҚТАРҒА» БАТА БЕРДІ

1  053 көрілім

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барды.


Шара барысында жастары ғасырға жуықтаған қариялармен тілдесіп, облыс орталығындағы оңды өзгерістер және ел ертеңі үшін жасалып жатқан игі істер жөнінде сөз болды. Сондай-ақ, облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің сәлемін майдангерлерге жеткізген Бейсенбай Дәулетұлы партия тарапынан қарттарға біржолғы көмек ретінде азық-түлік үлестіріп, мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Қазіргі таңда Түркістанда 5 ҰОС ардагері бар. Соның бірі Абжаппар Дайрабайұлы. Атамыз бүгінде 94 жаста. 15 жасында қан-майданға аттанған қария, зұлмат жылдар өтіп, соғыс біткеннен кейін білім беру саласында зейнеткерлікке дейін елеулі еңбек еткен. Түркістан облысы мен қаласының «Құрметті азаматы». Есік қағып барғанда ардагер атамыз түрегеліп құшақ жая қарсы алды. Әңгіме барысында ашаршылық жылдардан қалай аман өткендігін біліп, тереңнен сыр шертер суреттермен таныстық. «Көпті көргеннен сұра» демекші соғыс кезіндегі және еңбек жолындағы қиын сәттерін баяндаған ақсақал, келушілерге алғысын айтты.


Ал, биыл 99 жасты еңсерген Немат Абдрасилов «жүз жастың жүзін көремін» деп отыр. Ғасыр жасаған қарт «нұротандықтардың» игі ісіне ризалығын білдіріп, «жүз жасаңдар» деп ақ батасын берді.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы