Әдетте балаларымыздың қылығына қызығып, оларға еркіндік беріп жатамыз. Осындай жағдайларға Түркістан қаласы полиция басқармасының өкілдері балам жақсы болсын десең тәрбиесіне барынша мұқият бол дегенді меңзейді. Жөн сөз.
Түркістан қаласы әкімідігінің ұйытқы болуымен қалалық адами әлеуетті дамыту және қалалық полиция басқармасы бірлескен түрде мектеп оқушыларымен де кездесулер легін жалғастыруда. Осындай басқосуларда бала тәрбиесіне және оның құқықтық мәдениетінің қалыптасуына қатысты бірқатар баяндамалар жасалуда.
Атап айтсақ, балалар арасында өздерін ешкім жақсы көрмейді деп ойлағанда, ешкімге керексізбін деп санағанда ұрлыққа әуестене бастайтын секілді. Себебі бүлдіршіндерге жақын адамдары өз дәрежесінде қамқорлық көрсетпегендіктен, төңірегіндегілерге келтірген залалын қалыпты құбылыс деп есептейді екен.
Тарқатып айтсақ, 8 жасқа дейін, әдетте, бұл тек баланың жеткілікті дәрежеде жетілмегенін ғана білдіреді. Ол жеке меншік ұғымын әлі түсінбейді, өзінің әрекеті сырттан қалай көрінетінін және оған қандай жаза қолданылатынын ұғына бермейді. Оның түсінігінде ол тек өзіне ұнағанды ғана алады және бұл әрекетінен ешбір сөкеттік таппайды,ал жасөспірімдер, керісінше, теріс қылық жасағанын түсінеді) Кейде ұрлық ақша және құнды заттар көз алдында жатып, бала үшін тым қызықты болғандықтан жасалады.Ұрлық ерік-жігер қасиеттерінің жеткілікті дамымауымен байланысты болуы мүмкін: егер әлденені жан-тәнімен қаласа, өз-өзіне «жоқ» деп айта алмайды. Мұндай балаларға өз әрекеті үшін ұялса да, қызығушылығын жеңу қиынға соғады. Көптеген балалар өздерін ешкім жақсы көрмейді деп ойлағанда және өздерін ешкімге керексіз сезінгенде ұрлық жасай бастайды. Олар өздеріне ешкім қамқорлық көрсетпегендіктен, айналасындағыларға зиян келтіруге құқылы деп есептейді. Мұндай жағдай бала үйде де және өзге балалардың ортасында да өзінің кемсітілгенін, қауқарсыздығын сезінгенде туындауы мүмкін. Ұрланған заттар қатарластары арасында «мәртебе сатып алуға» жұмсалады. Балалар өз аға-інілерінің және әпке-сіңілі-қарындастарының заттарын қызғаныштан ұрлауы мүмкін. Жасөспірімдер ұрлықты жан түршіктірер әсерлер алу үшін немесе өздерін «мықты» сезіну үшін жасауы мүмкін. Баланы ұрлық жасауға өзі араласатын ортасының нашар болуы итермелеуі мүмкін. Ата-ана баласының ұрлық жасағанын білгенде көбінесе зәресі кетеді, байбалам салып, баласы – нағыз баукеспе ұры және қылмыскер деп ойлай бастайды, әрі аса ауыр шаралар қолданады: ұялтады, жазалайды, полиция шақырамыз деп қорқытады, болашақ өмірін алуан түрлі сұмдықтарға толы етіп сипаттайды. Бірақ сынап-мінеу және жазалау жағдайды тек өршіте түседі, себебі, ұрлыққа итермелейтін себептерді жоюға бағытталмай, орын алған оқиғаға қатысты болып кетеді.
Кішкентай кезінде балалардың барлығы дерлік ара-тұра басқалардың ойыншықтарын алады. Бұл – қалыпты жағдай, алайда, балаға жақсы сабақ беруге орынды сылтау бола алады. Балаңызбен бірге барып, алған бөтен біреудің затын қайтарып беріңіздер. Балаға «өзімдікі» және «өзгенікі» деген не екенін түсіндіріңіз. Түсінікті болуы үшін баланың өз қалауынша иелік етуге (сыйлауға, беруге, сындыруға және тіпті тастауға) толық құқығы бар өзінің жеке меншік заттары болуы тиіс. Тек жеке меншік құқығы болғанда ғана бала өзгенің жеке меншігін бағалауды үйренеді. Егер бала әмияныңызды ақтарса, ештеңе байқамаған сыңай танытпаңыз. Оған ескерту жасаңыз, әмиян сіздікі екенін және оны тек сіздің рұқсатыңызбен ғана алуға болатынын түсіндіріңіз. Балаға майда-шүйде шығындарына ақша беріңіз, одан қаржылық қажеттіліктері туралы сұрай жүріңіз. Ақша мен құнды заттарды баланың қолы жетпейтін жерлерде ұстаңыз. Егер әлдебір бұйымыңыз жоғалса, «қылмыскерді» ұстауға емес, сол бұйымның орнын толтыруға көбірек назар аударыңыз. Балаға күнделікті майда-шүйде шығындарына берілетін ақша сомасын қысқартсаңыз болады немесе сатып алғалы отырған жаңа затты алмай қоюыңызға болады. Балаға ұрланған затты қайтаруға және абыройын сақтап қалуға мүмкіндік беріңіз. Ешкімді айыптамай: «Бұл затты кім алғанын білгім де келмейді, бірақ, ол қайтарылуы тиіс. Ол бір сағат ішінде табылады деп үміттенемін» деп айтыңыз.
Балаңызға деген сүйіспеншілігіңізді көрсету жолын табыңыз. Балалар мен ата-аналар арасында өзара сенім және құрмет болуы маңызды – тек сонда ғана сіз балаңыз үшін беделді тұлға бола аласыз және бойына адамгершілік және адалдық қасиеттерін сіңдіре аласыз. Балаға барлығының көзінше ұрсуға, оны масқаралауға болмайды, әйтпесе, бір рет жаза басқан әрекет тұлғаның болмысына айналады – «үлкендер айтса, демек, мен шын мәнінде сондай жаманмын». Кейін өз-өзіне сенбеу, ызақорлық, өзінің бұзылғанына сенімділігі өршіп кетуі мүмкін.Балалар ата-анасының махаббаты мен құрметінен айырылмай, қатесін түзете алатынын және абыройын сақтап қала алатынын сезінуі тиіс. Олар, сондай-ақ, жаман адамға айналғанын емес, тек жаман қылық жасағанын түсінуі тиіс.
ТЕРІС ҚЫЛЫҚ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ
631 көрілім
