ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ҚАЛТА ҰРЫСЫНАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗДАР!

454 көрілім


Қоғамдық көліктерде ұрлық әртүрлі бағытта жүзеге асатындығын түркістандық сақшылар түсіндіруде. Біріншісі «кіріс» барысында жұмыс істеу. Бұл – ұрлықтың ең көп таралған түрі. Яғни ұрлықты адамдар автобусқа кірген кезде жүзеге асырады. Құрбанды анықтап алған соң, оның алдына «қол тежегіш», ал арт жағына «керік» тұрады. Адамдар бір-бірімен қысылысқан кезде «тежегіш» жәбірленушінің қалтасынан телефон немесе әмиянды алып «керікке» жылдам береді. Екіншісі «жолда жұмыс істеу» түрі болып табылады. Схема дәл жоғарыдағыдай. Айырмашылығы – белгілі бір автобуста тұрақтайтындығы. «Қол тежегіш» жәбірленушінің үстіне құлайды немесе аяғын қатты басады. Ал осы сәтте қалташы «шымылдықтың» көмегімен жәбірленушінің сөмкесін ақтарып, ұрлаған затын серігіне ұсынады. Одан әрі олардың теріс ниеттері жалғаса береді. Жақында дәл осындай әрекет жасап, тіпті пайда көзіне айналдырған деп шамалауға да болатын шығар екі азамат құрықталды.
Бұл жөнінде Түркістан қаласының прокуратурасы қоғамдық көліктерде бөтен адамдардың мүлкін ұрлаумен айналысқан С.Н пен М.Т есімді азаматтар қатысты қылмыстық істі сотқа жолдағанын жария етті. Олар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бірнеше рет қоғамдық көліктерде Түркістан қаласы тұрғындарының мүліктерін жасырын түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалап отырған. Түркістан қалалық сотының үкімімен Н пен Т есімді азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды қасақана жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім күшіне енді. Түркістан қалалық прокуратурасы қоғамдық көліктерде бөтен адамдардан абай болуды, құнды заттарды үйде қалдыруды сұрайды. Сақтанып жүрсең көп өкініштен бойың аулақ болады. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ екенін әсте естен шығармаған абзал.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы