Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 27 қыркүйек 2019 жылғы бұйрығымен Жаннұр Ахметбек Түркістан қаласының прокуроры болып тағайындалды. Облыстың прокуроры Нұрғалым Әбдіров жаңа прокурорды рухани шаһардың әкімдігінде қала активімен бірге қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне және депутаттарға арнайы таныстырды. Жиын барысында сөз алған Нұрғалым Мәжитұлы осы уақытқа дейін өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, Түркістан түлеген шақта қиыншылықтарға қарамастан еңбек еткен Руслан Абдраимовқа алғысын білдірді. Сондай-ақ, жаңа қызметке тағайындалған Жаннұр Асқарбекұлына жүйелі жұмыс жасауды тапсырып, ісіне сәттілік тіледі. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Рашид Аюпов жұмылған жұдырықтай бірлесе облыс орталығының гүлденуіне атсалысуға шақырды.

Жаннұр Асқарбекұлы Ахметбек – 3 қазан 1980 жылы Қостанай облысы Жангелді ауданында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Сыныптық шені – кіші әділет кеңесшісі. Соңғы қызмет орны – Түркістан облысы Түлкібас ауданының прокуроры.


Сонымен қатар, осы бұйрық негізінде Түлкібас ауданының прокуроры – А.Ж.Жүнісбеков және Шардара ауданының прокуроры – Р.Ә.Абдраимов тағайындалды.
Айдархан Жорықбайұлы Жүнісбеков – 2 мамыр 1972 жылы Шымкент облысы Шымкент қаласында туған. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін бітірген. Сыныптық шені – әділет кеңесшісі. Соңғы қызмет орны – Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары.
Руслан Әлжанұлы Абдраимов – 29 қазан 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында туылған. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін бітірген. Сыныптық шені – әділет кеңесшісі. Соңғы қызмет орны – Түркістан қаласының прокуроры.
«Түркістан-ақпарат».
