Ергөбек пен Тәушен, Әселхан мен Бекарыстай сөз зергерлерін тудырған Отырар топырағында, көнеден жеткен бекзат өнер, суырыпсалмалық шығармашылықтың биік шыңы − айтыс үні жаңғырып келеді. Отырар ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар жылы» аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Отырар – ұлылар Отаны» тақырыбында республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Аламан айтысты Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Дамир Жүнісов ашып беріп, жыр бәйгесіне қатысушы ақындарға сәттілік тіледі. Жыр додасын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізіп отырды. Кіл мықтылар жиылған аламан айтысқа «Алтын домбыра» жүлдесінің екі дүркін иегері Мұхтар Ниязовпен бірге Нұрлыбек Мейірман, Нұрғали Әнапия, Сұлтан Сәуірхан, Дәурен Полатбаев, Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жақыпов, Нұрмахан Жақыпбеков, Тұрар Тілеулиев, Аян Ниязбек, Дәурен Ысқақ, Ахметрасул Баянбай сынды ақындар қатысып, отырарлық көрермендерге әсерлі айтыс сыйлады.

Алты жұпқа бөлініп сынға түскен ақындарға Әселхан Қалыбекова, Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын Маржан Есжанова, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Жұмакүл Нәлібаевалар әділ бағасын беріп, бәйге жеңімпаздарын анықтады.

Бас жүлдені түркістандық Тұрар Тілеулиев қанжығаға байлады. Ал бірінші орын арыстық Нұрлан Есенқұловқа бұйырса, екінші орынға қызылордалық Мұхтар Ниязов қол жеткізді. Үшінші орынның тұғырынан Нұр-Сұлтан қаласынан келген Дәурен Ысқақ көрінді. Ұлылар отаны атанған Отырарды жырға қосып, көне тарих беттерінен күмбірлете сыр шерткен барлық қатысушы ақындарға ынталандыру сыйлықтары табысталды.