Әрбір ақын-жазушының шабыты, қаламынан шыққан туындылары алдымен өзінің тіл байлығына, тіл жұмсау шеберлігіне негізделеді. Көркем әдебиет – халыққа қызмет етуші, әрі тәрбиеші. Оқушыларына әлеуметтік, эстетикалық тәрбие беруді сөз еткенде, әрбір қаламгердің ойында тіл жұмсауда үлгілі болу мақсаты да тұрса керек. Сондықтан, олардың әрқайсысы – өз орнында тілдік тәрбие иелері, тіл мәдениетінің қайраткерлері. Осы себептен де, жазушылардың, әсіресе, сақа жазушылардың оқтын- оқтын тіл жұмсау мәдениеті мәселелеріне қозғау салып, қамқорлық жасап отыруы түсінікті. Соңғы жылдары газет-журналдарда тіл мәдениетіне арналған, не оған тікелей қатысы бар бірнеше мақала жарияланды [1]. Олай болу түсінікті де. Тіл мәдениетінің дәрежесі артқан сайын оған қойылатын талап та, оған қамқоршылық та күшейе түспек. Оның бәрі жалпы мәдениеттің, өнер-білімнің биік шыңына өрлеу әрекетімізбен ұштасып жатады.
Ғабит Мүсірепов қазақ тілінің байлығын жете меңгерген, табиғи заңдылығын жақсы сезетін, өз жазғандарына барынша ұқыпты қарайтын, өнегелі ұстаз жазушы ғой. Ана тілінің тазалығын, сымбаттылығын, мәдениетінің жоғары болуын көксейтін жазушының өзгелерге сабақ болатындай, М. Горький орнатқан дәстүр бойынша мақалалар жазып тұруы – біз үшін де қуаныш. Ғабекеңнің 1976 ж. «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған көлемді мақаласы да қазақ тілінің таза, көрікті, мәдениетті болуына арналған.
Әр нәрсенің кезегі бар, кезі бар. «Айтылған сөз атылған оқпен тең». Кезінде атылмаған оқ нысанаға дәл тимейтініңдей, өз кезінде айтылмаған сөз де далаға кетеді. «Тисе– терекке, тимесе– бұтаққа» деп нысанасыз сөйлеу мезгілсіз шақырған қоразбен бірдей. Онан да сөйлемеген жақсы. Бұл қағида қай халықтың болса да тіршілік талабы болса керек. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген философ, әрі ағартушы Конфуций мынандай өсиет айтқан екен: «Сөйлейтін кезде сөйлемей қалған – кісіден айырылады. Сөйлемейтін кезде сөйлеген – сөзден айрылады» («Суждения и беседы» деген трактаттан). Орнымен үндемей қалу – афоризмнің ең қысқа түрі дегеннің де жаны бар.
Қазақтың мақал-мәтелдеріндегі «Көп сөз – бос сөз», «Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын» өмірден алынған данышпандық нақылдар.
Баппен сөйленген байсалды сөзге не жетсін. Қуанышқа тасып, өкінішке ашына сөйлемеске болмайды, соның өзінде ашуға мініп қызараңдамай, алып-ұшып аптықпай, айқай-ұйқайға бой ұрмай анық, ұстамды сөйлеу – асқан мәдениеттіліктің белгісі.
Сөз атасы – құлақ. Мазмұнды сөзге құлақ қойып, ықыласпен тыңдай білуге де дағды керек. Орамды тілдің эстетикалық әсеріне, айтылған ойдың мазмұнына қанық болу үшін кісінің «көкірегі сезімді» болуға тиіс. Абай ақын сөзді кімнің қалай ұғынатыны туралы былай дейді: «Қарны тоқ, қаса манғаз ұқпас сөзді, Сөзді ұғар көкірегі болса көзді»… Солай болғандықтан сөзді әркім әр түрлі ұғуы, әр түрлітыңдауы мүмкін. Айтылған ғибратты асыл сөз бір құлақтан кіріп, бір құлақтан шығып жатса, одан не пайда? Сондықтан кісіні тыңдай білу де – мәдениеттілік. Көбіміз басқа біреудің айтқанын тыңдай білмейміз, оның сөзін орынсыз бөліп, жөн-жорасы жоқ бірдеңелерді қыстырмалап білгішсінетіндер де болады. Бәрінен де ойсыз, есалаң сөзге есеңгіреген жаман.
Орыс халқының «Кто молчит, тот не грешит», «Умный молчит, когда дурак ворчит» деген мақалдары да сөйлеудегі ұстамдылықты уағыздаса керек.
Керегінде, өз кезінде айтылмаған сөздің иесі – мезгілсіз шақырған қоразбен тең. Әдетте қораз күн райының қандай екеніне қарамай, белгілі уақытта мезгілінде шақырады ғой. Адам болса өзгенің райына қарай, тек кезі келгенде, керегінде сөйлеуге тиіс. Өз кезінде айтылмаған сөздің өкініші жаман. Адам тамақтың дәмін татқанда біледі, сөздің дәмін айтқанда біледі, Татымды, дәмді етіп, қысқа сөйлеп көп нәрсені айта алу – шешендік өнерінің бір шарты.
«Жасында қылжың болсаң, өскенде мылжың боласың» дегенді ескеріп, жастарды тіл мәдениетіне ерте бастан баулу қажет. Ертедегілер айтқандай адамның аузы бір, құлағы екеу болатындықтан мылжыңдап көп сөйлемей, көп тыңдай білу де керек. Сөйлей білу адамға қаншалықты керек болса, тыңдай білу де соншалықты қажет. Осы айтылғандарға жұртшылықтың ықыласы ауып, біз айтқан талап-тілектер орындалып жатса, халықтың сөйлеу тілі мәдениеті де арта түсер деген үміттеміз.
Автордың мақаланы «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деп атауында қандай мән бар екені түсінікті. Қазақ тілі дәл сол ат қорадай ыбырсып жатқан лас болмаса да, Ғабең айтқан жайттар кісіні ойландырмай қоймайды. Қазақтың бай, көрікті әдеби тілін сол айтылғандай қате-кемшіліктерден арылтып, оның сымбаттылық қасиетін дамыта түсейік деу, әрине, әдеби тілдің қатынас құралы ғана емес, эстетикалық тәрбиенің, озық парасатты ақыл- ойдың да құралы етіп, шыңдай түсейік дегенге тірейді.
Расында, әдеби тілдің басқа стилінен гөрі көркем әдебиет тілінде ала-құлалық көп қой: диалектизмдер де, жасанды, жасық сөздер де, әдеби нормадан жөнсіз ауытқулар да, қарапайымдылықта, стильдік қателер де көркем әдебиет қорына қосылатын шығармаларда жиі кездеседі. Естіген, білгенінің бәрін талғамай, әдебиетке енгізе беретіндер бар. Көркем әдебиет солардың бәрін бойына сіңіре ала ма? Неге баспадан шыққан кітаптарда сондайға жол береді? Шамасы, тілге қойылатын талап күшті емес. Сондықтан, қолжазбаны әбден сыннан өткізіп барып баспаға ұсынбайды, бұл – бір. Екіншіден – ол әдеби тілге көзқарастың дұрыс орнықпауынан болса керек. «Уақыт және қаламгер» деген жинақта Ғабиден Мұстафиннің көлемді, жақсы мақаласы бар. Онда «жазушы боламын деген жас халық жасаған тіл қазынасын осылай (Пушкинше, Абайша. – М. Б.) шебер пайдалануға тырысуы керек» екенін уағыздайды. Осындай тартымды сөздердің арасында мынадай да біржақты пікір айтады: «Тіл байлығы дегенді біздің қазақ әдебиетшілерінің біразы сыңар жақ айтып, үстірт ұғындырып жүр. Мынау әдеби тіл емес, мынау прозаның, мынау поэзияның тілі, немесе тілі жаман, не жақсы екен деп келеді. Дұрысында, халық тілі мен проза тілінде айырма жоқ. Сол сияқты жақсы, жаманға сұрыпталған тіл де жоқ. Халық қолданып жүрген сөздің бәрі әдебиетке ене алады» [2, 12].
«Қазақ әдебиетінде» бұрын жарияланған бір мақаласында да F.Мұстафин қазақ тілін әдеби, әдеби емес деп бөлуге қарсы екенін аңғартқан болатын. Бірақ сондайды айтқанда, халық тілін қастерлеу, оның байлықтарын дәріптеу, әдеби тіл одан өзгеше тіл емес деген ой жатады. Оның үстіне, біраз жолдастардың әдеби тіл жайындағы түсінігі жазушыны әлгіндей пікір айттыруға мәжбүр етеді. Ертеде (ол әлі де бар) әдеби тіл халық тілінен ерекше, бүкіл халық үшін емес, ат төбеліндей аз үстем тапқа, не оқымысты, зиялыларға қызмет ететін, көбінесе отарлаушы елдің тілі әдеби тіл деп есептелетін. Біздің заманымызда совет елінің халықта- ры, соның бірі қазақ халқы, әдеби тілді өз ана тілдері негізінде қалыптастырды. Солай болғандықтан, кейбіреулерге әдеби тіл мен халық тілінің жігі білінбей кететін көрінеді. Сөйте тұра, жазушыларымыз әдеби тілге тән қасиетті де ұмытпайды. Ғабиден Мұстафин «Үш буын сөйлейді» деген мақаласында: «Қазақ жазушыларының үлкен тобы құралды, жазушы жауапкерлігі бұрынғыдан да әлдеқайда күшейді, сондықтан, ой биіктігі, тіл сұлулығы арта беруі керек. Жаңа қауым ескі қауымның қалдырғанын, тек қабылдағыш емес, сұрыптап, дамытушы да екенін ұмытпайық,– дейді. Бұл – өте дұрыс пікір. Жоғарыда айтылған жинақта Тәкен Әлімқұловтың «Өнер алды – қызыл тіл» деген мақаласы бар. Онда да жазушы халық тілін таңдап, талғап қолдануға тиісті екенін айтады. «Көркем әдебиет қоғам мүшелерінің тіл байлығын, сөз саптауын, сөйлем нақышын екшейді, іріктейді, қаз-қалпын құнарландырады» (158-б.). Осыны Тәкен Әлімқұлов әдеби тілге тән нышандар орайында емес, «халық тілі мен ұлттық тіл бір шеңберлі емес» екендігінің айғағы себебінде баяндайды. М. Горькийдің айтқанына жүгінетін болсақ, ауызекі тіл – шикі тіл, әдеби тіл – сөз шеберлерінің екшеуінен өткен, сұрыпталған тіл. Мұндай әдеби тіл көктен түспейді, халық тілінде барды «сұрыптап дамыту» арқылы, «қоғам мүшелерінің тіл байлығын… екшеу, іріктеу, құнарландыру» арқылы жасалады. Бара-бара әдеби тіл жүйелі қалыпқа түседі, стильдік тармақтары сараланады, қоғамдық қызметі арта түседі. Біздің әдеби тіліміз халық тілінің сондай жоғарғы формасы. Көркем әдебиет тіліндегі кемшіліктер талғау, сұрыптау сияқты әрекеттеріміздің нашарлығы деп білемін. Тіпті, кейде сұрыптауды былай қойып, жалпы халыққа ортақ әдеби тілде мықтап орын тепкен сөздерді басқаша, өзінше айту нені көрсетеді? Мысалы, Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер кайтып келмейді» романында құрлы, секілді, сияқты, тәрізді, өзіңдей… дегендерді місе тұтпай, (өзің) құралпы жігіттер (сияқты), бірі, біреуі дегеннің орнына біреуісі (4, 5, 7, 10-б.), маған ұқсапты- мен құсап (16, 24, 26-б.), дәл, нақ, manдегендерді– қудды (10, 35-б.), күтедіні – күтімдейді (34-б.), тоғызыншы класта оқимын дегенді – тоғызыншы оқимын (28, 57-б.), бір көтеріліп қаладыны– бір жырғайды (6-б.), біраз уақытты – бірқауым (22-б.), байқұс дегенді – байқұс (22, 37-б.), алдағанға, алдап-сулағанға дегендіалдарқатқанға (24, 35-б.), шкірейгенді– шетірейген (37-б.) деп жазады, «ытырыла» (43-б.), «басытқылап» (55-б.) деген сияқты түсініксіз сөздер бар. Қап, can, боп, кеп, an, сосын сияқты жарымжан сөздерден аяқ алып жүре алмайсың. Осы сияқтылар жас прозаиктердің жазғандарында көп кездеседі. Неге бұлай? – десең, жазушыларымыз: – «Е, олардың бәрі ел аузында бар… – деген уәж айтады. Талғам, сұрыптау, екшеу… дегеннің бәрі жөнімен қалып қояды. Сөйлеу тілінде сөздерді бұзып, түрліше құбылтып айту жиі кездеседі. Мысалы, рұқсат, рұхсат, ұлықсат; кәдімгі, қадімгі, қадуілгі, кәдуескі… Әсіресе, орыс тілінің сөздерін қарапайым қазақтар талай саққа жүгіртіп айта береді, мысалы, приказшік, пірканшік, өшірет, өшерет, шірет. Жоғарыда аталған кітаптың 254-бетінде «шіретте тосып тұрган халық» десе, келесі бетінде «кассаның алдында өшіретте ол да тұрган» деп жазады. Қайсысы дұрыс? Мүмкін, екеуі де дұрыс емес шығар? Оны жазушы ойланып жатпайды, ел аузында барды үйіп-төгіп өз атынан жаза береді. Бұл жазушының талғамының нашар екенін көрсетеді.
Қаламы жүйрік, ұшқыр ойлы, еңсесі биік жазушының міндеті персонаждарды сөйлеткенде ғана емес, өз баяндауларында да сөздерді ұқыптылықпен қолдануында. Сөздің тұрқын бұзып жазуды, әдеби тілге тән емес «жаңа» сөздерді еркін қолдануды дәріптейтін жазушылар солар арқылы шығарма тілін, қала берді, әдеби тілді «халық тілінде бар байлықтармен» кенелту болады деп ойлайды.
Сөйтіп, сөйлеу тілінде бардың бәрін емес, керектісін әдебиетке енгізе білуге де шеберлік керек екен. Caп күмістей таза, шыңдалған тілді, айқын ойлы көркем шығармалар неге аз? Оның басты себебінің бірі – сөйлеу тілінде бардың бәрін таңдай, сұрыптай білмегеннен, жазба тілді сонымен бірдей деп санағаннан. Осы арада А. С. Пушкиннің мына бір сөздері ойға оралады: «Жазба тіл сөйлеу тілімен бірдей болуы мүмкін бе? Жоқ, сөйлеу тілі еш уақытта жазба тілге дәлме-дәл ұқсас болуы мүмкін емес… Жазба тіл минут сайын сөйлеуде туатын тілдік тәсілдермен жанданып отырады… Тек сөйлеу тілінде жазу – тіл білмегендіктің белгісі» [3, 438].
Біздің жазушылардың бәрі бірдей сөйлеу тіліндегідей етіп жазбайды, бірақ көбінің жазуында сөйлеу тіліне тән мысалдар көп кездеседі: Отыра кетті ол бір тасқа. Келе жатыр еді ол алыстандеген сияқты сөйлем құрау тек қарапайым персонаж сөзінде жарасымды болуы ықтимал, ал автордың өзі солай сөйлеуі ерсі- ақ. Ерсі болатын себебі – сөйлеу тілінде бар ондай құрылымдар әдеби тілдің грамматикалық нормасына жатпайды. Ол бір тасқа отыра кетті. Ол алыстан келе жатыр еді деуді жазушының білме- гендігінен емес, әдеби емес, норма, норма емес дегенге мән берме- гендіктен, диалектизмдер, қарапайым сөздер шәлкес құрыла береді, оңды-солды жұмсала беріледі. Кейбіреулер норма дегенді тілге тосыннан енгізілген, ойдан шығарылған қағида деп біледі. Рас, ойдан шығарған, жасанды да норма болады, мысалы, орфография ережелері, қабылданған терминдер. Норманың басым көпшілігі тілдегі заңдылықтарға, жүйеге негізделеді. Мысалы, қазақ тілі сөз байлығының, шамамен айтқанда, 90%-ы жалпы халықтық тұрақты дыбыс құрамында, белгілі мағыналарда жұмсалады. Қазақ тіліндегі диалектизм деп көпіртіп жүргендеріміз жалпыға ортақ лексикалық қордың көп болғанда 7- 8 проценті ғана. Бір қап күріштің ішіндегі бір қадақ күрмек сияқты ондай «байлық» әдеби тілдің негізі болуы да, жазушы сондай диалектіде жазуы да мүмкін емес. Бірақ, жалпы халықтық сөз маржандарының арасында біреу біліп, біреу білмейтін жасық сөздер жазушының өз аузынан шығып жатса, ондайға үйренбеген кұлақ елең ете қалады. Неге бұлай? Автор солардың орнына түсінікті сөз таппады ма деп қынжыламыз. Сондайлар норма емес, нормадан жөнсіз ауытқулар. Мысалы, «Ғанидың жұлдызы» кітабында (авторы – Айтбай Хангелдин) манадан бері дегенді маналы бері (83-б.), түнікелі дегенді түнейкелі (95-б.) деп жазған және де сәлемдерін әлік алып (97-6.), күн сасыды (64-б.), орысша бірдеңе айтқанына сүйінді (67-б.), Ғаниға назар тоқтатты (67-б.) деген мысалдар кездеседі. Негізінде, тілі жатық, мазмұнды шығармаға мұндай мысалдар үлкен мін болып тағыла қоймас. Бірақ әңгіме ондайдың аз-көптігінде емес, автордың норма емес екенін тани алмауында. Норма тілдік жүйеге негізделетін болса, диалект дегенде жүйе жоқ па? – деген сұрақ туады. Дұрысында, жүйеліліктің бәрі бірдей норма бола бермейді. Соның бірі– диалектизмдер. Сөз арасында ш дыбысынан кейін сдыбысының ш болып айтылуы – әрі жүйе, әрі норма, бірақ, орфографияда– жазуда норма емес. Түбір сөздерге қосымшаларды жалғаудың орналасу тәртібі жүйелі: алдымен жұрнақ, одан кейін көптік, көптіктен кейін тәуелдік, тәуелдіктен кейін септік жалғаудың жалғануы -әрі жүйе, әрі норма (мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, ауыл-дас– тар-ым-а). Ал туыстық қарым-қатынасты білдіретін апа, әже, әке, көке, жәке, ата сияқты сөздерге көптік жалғау кейде тәуелдіктен бұрын да, соң да жалғана береді. Мысалы:
1- де көптік жалғау жалғанған апаларым көкелерім
сөздердің көптігін білдіреді әжелерім жәкелерім
әкелерім аталарым
2- де көптік жалғау бірнеше апамдар көкемдер
адамды бір адамның айнала- әжемдер жәкемдер
сына топтау мағынасында әкемдер атамдар
қолданылады
Соңғылары жалпы жүйеліліктен ауытқу болғанымен, солай айтылуында ерекше мән, жаңа ұғым аңғарылатындықтан, солай жұмсалуы орынды норма. Немесе грамматикада «ілік жалғаулы сөз тәуелдік жалғаулы сөзбен байланысты болады» дейміз. Солай болу – жүйе, норма. Сонымен қатар, біз, сіз деген екі есімдік ілік жалғауында айтылғанда, олармен байланысты тәуелдік жалғауында айтылуға тиісті сөздер жалғаусыз да жұмсалады, мысалы: біздің еліміз – біздің ел, сіздің балаңыз – сіздің бала.
Керісінше, ілік және табыс септігінде айтылуға тиісті сөздер екінің бірінде жалғаусыз жұмсалады, мысалы: бақшаның бұлбұлы -бақша бұлбұлы; ауылдың ақсақалы – ауыл ақсақалы; малды бақ – мал бақ; суды ағызды – су ағызды. Бұлар да – норма. Өйткені, осылай екі түрлі құрылыста айтылған сөз тіркестерінің бірі негізгі болғанымен, екіншісі кездейсоқ ауытқу емес, белгілі стильдік, мағыналық жүгі бар, өте жиі кездесетін грамматикалық құбылыс.
Сөйтіп, тілдік нормалардың негізі тілдік жүйелер мен заңдылықтар болғанымен, олардан ауытқулардың бәрі бірдей нормадан тыс қалмайды, белгілі мақсатқа лайық мағыналық, стильдік қызметі бар, көркемдік салмағы бар тіл құбылыстарының бәрі норма ретінде әдеби тілдің төрінен орын алуға тиіс.
Кейбір әдебиет өкілдері мен тіл мамандары норма дегенді сірескен, жазушының аяғына оралып, қолын байлайтын кедергі сияқты көреді. Әрине, оны олай құбыжық етуге болмайды.
Көркем сөз шеберлерінің «тауды бұзып, тасты жарып» сөз қолдануының бір үлгісі жаңа тіркестер құрауында. Жансызды жандыға балау, адам характерін көрікті етіп бейнелеу, шеберлік шабытына лайық фразалық сөз тіркестерін құрау, басқа да көріктеу тәсілдерін пайдалану – көркем әдебиет тілінің заңды талабы. Оған кім қарсы болады? Ондай қалауын тапқан сөздер тобы көркем әдебиет стилі үшін айдарлы норма.
Ақ сәуле, аспанда аймен таласасың,
Төгіліп иығыңа қара шашың.
Жалт беріп құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауындай жарасасың.
(Қ. Аманжолов)
Ақындық шабытпен айтылған осы төрт жол көркем, поэтикалық сөз үлгісінде жазылған. Онда шашау шыққан бір сөз жоқ. Мұндағы құралай көз, жанымның жайлауы дегендер жай, қарапайым сөз тіркестері емес, -әдеттегіден өзгеше құрылған әсерлі тіркестер. Мұндайлар сөздердің жай синтаксистік тіркесу қабілеті тұрғысынан оғаштау көрінгенмен, – поэтикалық тіркес тұрғысынан тамсанып, таңдай қағып қабылдайтын әсем тізбектер.
Тілге тиек, ойға арқау болатын сөздің стильдік, қала берді, грамматикалық қызметі әр алуан. Ол тілде оқшау қалпында емес, бірімен-бірі «отасқан», қосағын тауып тіркескен жағдайда жандана түседі. Сөздің өмірі сөйлемде, сөз тіркесінің құрамында ғана болады. Сондықтан, сөздің басқа сөзбен ұласып, сөз тіркесініңқұрамында айтылуы оның басты қызметінің, грамматикалық қасиетінің бірі дейміз.
Тіл ғылымында ақ қар, жүйрік ат, теңіздің толқыны сияқты сөз тіркестері жалпыға ортақ грамматикалық норма есебінде жан-жақты қарастырылады. Сонда сөз тіркесі деп танылатын тілдік единицалар мағыналық, синтаксистік үйлесімі (байланысы) бар сөздер тобы болуға тиіс. Ал көркем әдебиетте, сырт қарағанда, мағыналық үйлесімі жоқ, әшейінде өзара тіркесе бермейтін орамдар жиі кездеседі. Мысалы: 1. Ақ басты Алатаудың Жамбылымын (Жамбыл); 2. Алтайдың macтарына сәлде ораған (Иса); 3. Кәрі құдың қыс келіп әлек салды (Абай); 4. Кәрі Каспийқара көк көзін ашты, Жылы жүзбен Терек амандасты (Абай). Осы мысалдардағы ақ басты Алатау, тастарына сәлде ораған қыс- кәрі құдаң, кәрі Каспий көзін ашты, Каспий жылы жүзбен Терекке амандастыдегендер әдеттегі жай синтаксистік тіркестер емес, жансызға жан бітірген, табиғат көрінісін: адам көрінісіне келтірген сөз өнерінің бейнелі орамдарына жатады.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын –
( Сәкен)
немесе
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым – жырт, дел – сал ғып,
Түн басады салбырап, –
(Абай)
деген жолдарда бейнелі тіркестер болмаса, олардың поэзиялық нәрі, сөзбен салған суреттің бояуы мұншалықты тартымды болар ма еді!
Жай сөз тіркесі қатарында, мысалы, үркек тауық, семіз mac, сиыр- дың бүйрегіндей демей жылқының бүйрегіндей сияқты сөздерді тіркесу қабілеті жоқ, көркемдік бояуы жоқ сөздер деп күле қараймыз. Дәл солардай болмағанмен, кейбіреулердің түн құлаққа ұрғандай, түйтектеген түйе, қортаңдаған қой, сиқырлы сыр, шынайы шабыт тәрізді «шашақты» сөз орамдары қай жағынан алсаң да, үйлеспей-ақ тұрады. Немесе жүйкесі шаршап («Алау»), шолақ мұрны («Қара көзіл- дірік») деген сияқтыларда қандай мән бар?
Сөйлеу тілінде бар ойсыл қара, аша тұяқ, жуан жұдырық, шоң мойын, боқ мұрын, жез өкше, қыпша бел, күлім көз, қолаң шаш сияқты тіркестер әдебиетте де жұмсалады, бірақ ондай дайын тіркестер шығарма тілін едәуір нәрлендіргенімен, қаламының ебі бар жазушы үшін олар жеткілікті болмайды. Жазушы өз бетімен белгілі мақсатқа лайық түрлі-түрлі кестелі сөз өрнектерін құрастырып жазады. Соның бәрі поэзияда да, прозада да шындықты эмоция және эстетикалық қабылдау тәсілдері ретінде қолданылады. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанында»[4] Артықбайдың құдаларынан Ұлпанды тартып алып кетуге келген жігіттердің бірін Сәдір «кебіс ауыз, бірін «мысық мұрт», енді бірін «қара жапалақ» деп мұқата- ды. Солай айту мақсатымен автор мынадай түсінік береді:
«Жекпе-жекте болсын, соғыста болсын, қарсыласқан жауыңды солай бір мазақтап, қорлап алсаң, оңай ашуланады. Ашуланған адам ұтылмай, жеңілмей қоймайды…» (41- 42-6.). Осы кітаптың 37, 38, 39-беттерінде Артықбай бие байлап, қонақтарға қымыз беретіндей қауқары жоқтығын білдіру үшін самауырды «сары бие», «пысылдақ сары» деп атайды: «Қара биесі жоқ үй – қымызы жоқ үй, сары биесіне – самауырға ұмтылады». «Жарықтық, ииді де тұрады… Қа-т-ен! Сары биеңді жебей сауғайсың». Осындай ауыспалы, астарлы фразалы сөз тіркестері «Ұлпан» повесінде орнымен жиі қолданылады. Повестің басты кейіпкері Есенейді жақсы көргендіктен:
«“ А, білдім, білдім… Сен қара бурасың! Таудай үлкен қара бурасың. Қой деймін, кәрі бура, қой енді, басыңа бәле шақырмай!» (34, 35-6.), – деп қолпаштайды. Сонда арыстаным, ит-ай, сен ит дегендерді де ұнамды мағынада, Артықбай келген қонақтарын құшағын жайып қарсы алғанда айтады. Мұндай қолданыстар оқушының жүрегіне жылы тиеді.
Поэтикалық фразеологизмдердің бір түрі – метафоралық тіркес. Әдетте, метафора деп заттардың, құбылыстардың ішкі-сыртқы ұқсастығына қарай ауыс мағынада жұмсалуын айтамыз, оны троптың бір түрі деп танимыз:
Мен – темір де, сен– көмір,
Еріткелі келгенмін.
Мен – арыстан, сен – қабылан,
Алысқалы келгенмін.
(Қаз дауысты Қазыбек)
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
(Абай)
Гималай – көктің кіндігі
Гималай – жердің түндігі.
(Ілияс)
Өлеңім – балға, ән – қашау
Саламын таудың кеніне.
(Жамбыл)
Метафоралық тіркес– метафораның күрделенген, барынша абстракты, кемінде толық мағыналы екі сөзден құралып, бір заттың қандай екенін басқа затқа тән қасиеттерімен қоса қамтып айылатын түрі. Мағыналы сөз тіркестері көркем әдебиеттің стиліне, әсіресе, поэзияға тән. Көркем әдебиетте олар белгілі автордың белгілі шығармаға бауыр басып, сол шебер қолданылған орнында нұр-нұр жайнап тұра береді, басқалар оларды іліп алып қайталап жатпайды. Сәнді жасаудай еппен қаланған метафоралық сөздер тобы эстетикалық талғамды, әсерлі болатындықтан, мерзімді баспасөздерде де оның «жылжымалы», бейнелі түрлері жиі қолданылады: мысалы: ақ алтын (мақта), қара алтын (көмір), темір тұлпар (трактор), көгілдір экран (телевизор), бесінші мұхит(космос), екінші тың (қой шаруашылығы), көгілдір отын (газ), жасыл желек (орман), қанатты түлік (құс), дала кемесі (түйе), болат жолдың батырлары (темір жол- шылар), ақ халатты абзал жандар (дәрігерлер).
Метафоралық тіркестегі сөздер, көбінесе, қабыса, матаса байла- нысқан есімдер болып келеді:
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
(Абай)
Маржан құмы, күміс суы
Көл еді кең айнадай.
( Сәкен)
Гималай тауы үстінде алтын бесік,
Кеш болса – ақ күн қонады сонда түсіп,
Оянып күн туғанда ұйқысынан,
Жел есер жұпар сеуіп алтын будан.
(Тоқай)
Сен бір – жабы, мен – тұлпар,
Сен – қарға да, мен – сұңқар.
(Қашағанның Ізбасқа айтқаны)
сияқты метафоралар қазақ әдебиетінде ертеден бар. Метафоралық тіркестер халық әдебиетінде жиі кездеспейтін, ол – жаңа сапалы, өресі биік үлкен поэзияның жаңалығы ретінде әдебиетке кең тараған көркемдеудің ұтымды тәсілі.
Поэтикалық тілді зерттеушілер сөз шеберлерінің осындай бейнелеу тәсілдеріне көңіл бөледі.
Олардың көркем әдебиеттегі қызметі – көрнекті ойды көркем етіп айту. Сол тәсілді көркем әдебиеттің поэзия стилі тудырған. Олар батырлар жыры, бұрынғы ақын, жыраулар, халық ақындарының тілінде қазақ әдебиетіндегі нәрлі, жаңа тәсілі. Сондықтан, оны жазба әдебиеттен жиі кездестіреміз.
Метафоралық тіркестерді тыңнан көп құрастырып, поэтикалық өнерінің арқауы еткен, сол туралы кейінгілерге өнегелі үлгі қалдырған Абай деп білеміз. Оның «асау журек аяғын шалыс басқан», «жүректің кең дариясы», «суық ақыл», «жанымның жарық жұлдызы» тәрізді сөз тіркестері поэтикалық асқақ шеберлігінің бір көрінісі болмақ.
Метафоралық тіркестер, осылардай, әдетте тіркесу қабілеті жоқ, «қиыннан қиыстырған» сөздер бір затқа тән сапалық белгілерді басқа затқа теліп айту арқылы жасалады да, олар теңеудің ерекше нәзік формасы болып ұғынылады.
Сөз – қандай болмасын, әдебиеттің, соның ішінде көркем әдебиеттің де, бірден-бір мұқтажын өтейтін ой өрнегі. Ол әр түрлі орайда, әр түрлі стильдік қызметте жұмсалады. Ол – жайдары, жайсаң, қарапайым ойды айтудың да, асқақ сөзімді, көрікті, көркем ойды білдірудің де материалы. Оларды бөлек алып қарағанда, қызмет аралары алшақ дүниелер емес, көпшілігі аралас-құралас жұмсалып жататын жалпы халықтық қасиеті бар әдеби тілдің сөз байлығы болып есептеледі. Мысалы, поэзия тілінің сөз байлығы, негізінде, кәдімгі жалпыға ортақ әдеби тілдің соз қорынан сусынданады. Дегенмен, поэтикалық сөздердің өзгеден өзгеше қасиеттері болуға тиіс қой. Соларын айқындауда, алдымен ескерілуге тиісті – сөздің ойқастана жұмсалуы. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, жұмсай білсе, қарапайым, жұпыны сөздердің өзі поэтикалық ой деңгейінен көріне қалуы ықтимал. Мысалы, әдеттегі қарасөзін қара бояу, қара көйлек, қара сиыр тәрізді құрамда жұмсасақ, оларда пәлендей әсемдік, ерекше нақыш сезілмейді, ал оны қара жер, қара аспан, қара жүрек, қара көңіл («Сарна да, зарла, қызыл тіл, Қара көңілім оянсын»; «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» — Абай) тәрізді құрамда қолдансақ, ол сөз әдеттегідей заттың түсінің анықтауышы гана емес, қайғылы касіретке ұшыраудың сырлы бояуы тәрізді.
Әдетте, поэтикалык лексика дегендер эмоциялық, эстетикалық, пафостык сөз орамдары құрамдарыңда пайда болады; мысалы: жүрек (асау жүрек, жаралы жүрек, ыстық жүрек, суық жүрек), алтын (алтын таң, алтын бесік, алтын аймақ, ақ алтын), маржан (сөз маржаны, маржан күлкі, Сыр маржаны), күміс (күміс күлкі, күміс су), толқын (асау толқын, тулаған толқын, жүрек толқыны, толқын шашы), бақыт (бақыт құшағында, бақыт бақшасы), Отан (Отан жүрегі, Отан құшағы, Отан ұлы), жібек (жібек жел, жібек шаш, жібек баурай).
Осындай сөз тіркестерінің синтаксистік құрылысы әдеттегі еркін тіркестегідей анықтауыштық қатынаста болады. Бірак еркін тіркестің мағыналық орталығы басыңкы сөз болса, образды тіркестердің бағыныңқы сыңарлары көркемдік сапаны білдірудің мағыналық негізі болады; мысалы: өткір тіл, жүйрік тіл, асау толқын, ыстық жүрек (Абай), мөлдір махаббат (Сәбит), кербез Көкшетау (Сәкен).
Көркем әдебиетте метафоралық тіркестер шеберлік биігінен қаралып, жаңаша жасалған болса, барынша ұтымды болады. Ал сол бір құрам кайталана берсе, онда олардың көріктеу қасиетін жойып, сапасыз сөз саптауға айналады. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1976, 8 август) жарияланған сын мақаласында филолог Нәдір Байқуатов: «Біздің кейбір ақындарымыз өздерінше көңілі ұнатып калған бір сөзді жөнді-жөнсіз қайталай беретінін көріп жүрміз. Мұның өзі жақсы сөздің де құнын түсіруге әкеліп тірейді. Тәттіні көп жесең, жүрегің айниды ғой», – дейді де, Аян Нысаналиннің «Көзайым» жыр жинағынан оған мысалдар келтіреді. Сол мысалдарда мынандай тіркестер бар: бал дәурен, бал құйып, бал күнді, бал бұлақ, бал күнің, бал татқызар, бал құйған, бал ләззатын, бал сөзімдерді, бал махаббатын; тәтті ой, тәтті ұйқы, тәтті мұңы, тәтті ызамен, тәтті сағыныш, тәтті қиял, өмірдің тәттілігі. Осылар бір жинақтың 5– 80-беттерінде кездесетін «жаңа» тіркестер, бірақ әсерлі емес кой, неге олай? Себебі – тіркес құраудың олақтығынан болса керек. Бал, тәтті сөздері поэтикалық лексика қатарындағы сөздер болып ұғынылуы үшін де, поэтикалык фразеология құрамыныц компоненті болып танылуы үшін де олармен тіркескен басқа сөздердің мағыналары ерекше үйлесімді болу керек. Метафоралық ұғым жеке сөзден емес, сөйлем ішінде, не екі сөздің тіркесу нәтижесінде пайда болады. Егер сөздерден әдеттегі еркін сөзтіркестері құралғанда, жаңа грамматикалық мағына, анықтауыштық, толықтауыштық қатынас пайда болатын болса, метафоралық сөзтіркесін құрауда ондай қатынастар негіз болмайды, – көркемдік бояу, әсерлі өрнек, кестелі нақыш ұғымдары пайда болады. Ондайлар иіндескен екі сөздің бірі-біріне нұр сеуіп тұратындай болуға тиіс. Көркем әдебиетте үсті-үстіне қосақтала берген жасанды тіркестер де, бір сөзді қайда болса сонда сүйрелеп құрастырған түрлі сөз тіркестері де тілдің көркемдігінің материалы болмаса керек. Көркем әдебиетте сырты сұлу сөздер, жасанды тіркестер, жалпы, шығарма тілінің табиғи элементтері болмай, жасанды- лығы көз тартпай тұрса, әрине, ондай тәжірибені басқаларға үлгі етуге болмайды.
Тек теңін тауып тіркескен сөздерге поэтикалық жүк артқанда, ол сөздер бұрынғы құшағын жазып, қайтадан «жібек жіпке» тізілген моншақтай әсем, әрі нәрлі болады. Сонда сөздердің кестелі топтары творчестволық талғам орайында жаңадан пайда болған сөздер тіркестері болып есептеледі де, белгілі мақсатка лайық тұрақтылық касиетке ие болады. Олардың бірқатары белгілі шығарма өрнегі аясында қалып қойса, бірқатары жалпыға ортақ «әсем ән мен тәтті күй», «Сыр маржаны» (күріш), «темір тұлпар» (трактор), «өткір тіл», «терең ой» сиякты әдеби тілде жиі колданылады.
Қорыта айтканда, метафоралық тіркестер – поэтикалық шығармаларда сөз арқылы образ жасаудың бір түрі, кұнарлы, әсерлі түрі. Сондықтан, оларды да көркем әдебиет тілінің көркемдігіне өлшем етеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мүсірепов Ғ. Авгейдің ат қорасынан бастайық// Социалистік Қазақстан. 1976. 28 ноябрь
2. Уақыт және қаламгер (үшінші жинақ). Алматы, 1975. 12-б.
3. Пушкин А. С. Полн. Собр. Соч. Т.7. С.438-439
4. Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Алматы, 1975.
Балақаев М. Б.
«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 290-304 б.