Адам құқығы – ең жоғарғы құндылық

2  349 көрілім

Ақпараттық порталымыздың керек кеңес айдарында қоғамдағы адам құқығы жайында біршама мәліметтерді ұсынғанды жөн көрдік. Бүгінде көптеген адамдар өз құқығын білмейтіні рас. Кәсіпкер мен тұтынушыны, ана мен бала, ұстаз бен білімгер, отбасындағы ана мен әке, жасөспірмідер құқығының қайсысын алып қарасақта құқықтық сауаты толық деуге келмейді. Бұл құқықтық сауаттылықтың жоқтығы. Құқығын білмеген адам құқық бұзушылыққа бармасына кім кепіл. Қазірде Түркістан қаласының құқық қорғау қызметкерлері адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша тиісті қызметтер атқаруда.

Адам құқықтарының қазіргі замандағы ұғымы ежелгі заманда пайда болған табиғи құқық идеяларынан шығады да, өзінің тікелей бастауын либерализм идеяларынан алады. Оның ең көрнекті өкілдері өмірге, қауіпсіздікке, бостандыққа, меншікке, мемлекетке тәуелсіз болатын және онымен қорғалатын адамның табиғи, ажыратылмас, әрі қасиетті нормаларына қысым көрсету кедергісінің маңызды құқықтарындағы ұғымын негіздеді. Адам құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті жанында Адам құқықтары жөніндегі комиссия құрылған болатын. Ол адам құқықтарының тұңғыш арнайы ұлттық мекемесі болды. Оның қызметінің негізінде адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатын Елбасы саясатын жүзеге асыру болады. Ол өзімен мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды ауыстырмай, адам құқықтарын қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосады. Бұл – адам құқықтарын қолдау мен қорғаудың қоғамдық және мемлекеттік механизмдерін күшейту де, осы сферада мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жасауға қатысу да, адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу де.

Адам құқықтары жөніндегі комиссия адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік механизмін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды шешімдер қабылдауға өз үлесін қосты. Бұл Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға, сондай-ақ БҰҰ азаматтық және саяси құқықтар туралы, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілеріне қосылуы; халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтары бойынша халықаралық шарттар жөніндегі ведомство аралық комиссия құру; Білім және ғылым министрлігі құрылымында Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетті ұйымдастыру.

Қазақстан Республикасы Конституциясында (Негізгі заң) адам және азаматтың құқықтық статусының негізін қалаушы принциптер бекітілген, атап айтқанда: Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Мемлекеттің өзі де, оның органдары да, лауазымдық тұлғалары да заңда қарастырылған жағдайлардан басқа кезде айыруға, шектеуге құқығы жоқ. ҚР Конституциялық Кеңесі, адам құқықтары мен еркіндігінің ажырамайтындығы адам өзіне бекітілген құқықтары мен еркіндігінен, ешкім, оның ішінде мемлекет, Конститутцияда және оның негізінде қабылданған заңдарда қарастырылған жағдайлардан басқа кезде, айырмайтынын білдіреді.

Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс. Қазіргі кезде адамның ең жоғарғы құндылық екені, оның құқықтары мен бостандықтарының ажырамастығы туралы идеяның өзіне лайықты баламасы жоқ. Адамзат тарихы қоғамдық басқа басымдылықтарын шектеуге, тоталитарлық режимдердің орнауына алып кететінін дәлелдеді. Адамның табиғи ажырамас абсолюттік құққытары доктринасының адамның ең жоғарғы құндылық екендігі туралы идеяны бекітуде оң роль атқарғаны даусыз. Бұл тұрғыдан алғанда адамның табиғи ажырамас абсолюттік құқықтары мен бостандықтары идеяларының ҚР Конституциясында бекітіліп, онда адамның мемлекеттік саясаты салыстыру үшін бағдар қызметін атқаратынына ерекше назар аударылуы өте орынды.

Адам құқытарының жалпыға бірдей деклорациясымен басқаға жалпы мойындалған халықаралық актілердің қағидаларын кеңінен қабылдап, қайталаған Қазақстан Республикасының 1993 жылғы тұңғыш Конституциясын қысқаша қарастырып көрейік. Ал 1995 жылғы қабылданған қолданыстағы Конституцияның адам құқықтарын қорғау аясында алдыңғы Конституциясымен сабақтастығын сақтап, оның негізгі қағидаларын, яғни адам құқықтары мен табиғи сипатын, халықаралық құқықтың жалпы жұрт мойындаған нормалары мен қағидаларының ішкі заңнамадан басымдылығын, мемлекеттің азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға міндеттілігін және басқа да көптеген мәселелерді бекітіп, дамытты.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЗАҢНАМАЛЫҚ ДАМУ ЖОЛЫ БОЛДЫ 

Адам құқығы түсінігінің дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлінеді. Алғашқы буын азаматтық  және саяси құқықтары үшін күресті. Бұған қауіпсіздік, жеке меншік, саясатқа араласу құқығы үшін 1775 жылы АҚШ-та және 1789 жылы Францияда басталған революциялар нәтижесінде пайда болған «Тәуелсіздік декларациясы» мен «Адам және азамат құқықтарының декларациясы» жатады. Екінші кезеңде адамдар әлеуметтік-экономикалық құқықтары үшін күресті. Бұған 1948 жылы БҰҰ қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» жатады. Бұл денсаулыққа, білімге, ақылы демалысқа, яғни стандарт өмірге деген фундаментал құқықтан бастап, еркін ойлауға, еркін көзқарас білдіруге, мәдени-діни ұстанымын ешқандай дискриминациясыз қолдануға деген құқықтарды қамтиды. Кейін бұл декларацияның артынан «Адам құқықтары туралы билль» сияқты қоғамда әділдік орнатуға құрылған көптеген заңнамалық жоба пайда болды. Ал үшінші кезеңде адамдар ынтымақтастық пен бірегейлік құқықтары үшін күресті. Бұған көбінесе ХХ ғасырдағы тәуелсіздікке ұмтылған үшінші әлем елдерінің (бұрынғы колония елдері — ред.) өзін-өзі басқару құқығын талап етуі, ұлттық бірегейлік, қоғамдағы азшылықтардың құқығы, таза қоршаған ортаға, бейбітшілік пен тәуелсіз дамуға деген талаптардан туған түрлі заңнамалық жобалар жатады.  

БІРАҚ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ БЕЙБІТ ТҮРДЕ ДАМЫП ОТЫРДЫ МА?  

Адам құқығына байланысты заңдар оған мүдделі емес топтар жағынан үнемі соққы алып отырды. Сонымен бірге жақтаушылар тарапынан да этикалық сұрақтар туындап жатты. Әсіресе кейінгі екі кезеңде көтерілген адам құқықтары мәселесіне байланысты халықаралық деңгейде өте көп талас туды. Мысалы, «бала ата-ана тарапынан махаббатқа толық ие болуға тиіс, бұл — бала құқығы. Бірақ махаббат деген сезім, оны заңмен міндеттеуге бола ма?» немесе «адамның өз-өзіне қол жұмсауына заңдық тұрғыдан еркіндік берілу керек пе, бұл қаншалықты дұрыс?» деген сұрақтардан бастап, тіпті кейбір ғалым адам құқығына қатысты халықаралық заң жобаларын еуроцентристік көзқараста жазылған, батысшыл деп айыптады.  Бірақ осы жерде біз адам құқығы түсінігінің жалпыадамзаттық игілік екендігін және халықаралық деңгейде қабылданатын кез келген заң міндетті түрді әлемнің барлық континент өкілдерінің қатысуымен ғана жүзеге асатынын ескеруіміз керек. 

Байқап отырғанымыздай, табанды даму сатыларынан өткен бүгінгі азаматтық қоғамның негізі адам өзінің табиғи мүмкіндіктерін талап етіп, азаматтық және саяси құқықтары үшін күрескен тарихи революциялар (Англиядағы, Франциядағы азаматтық соғыстар мен АҚШ-тың тәуелсіздік үшін соғысы) кезеңнен басталған. Тарихта «ағартушылық дәуірі» деп аталатын бұл кезеңнің тууына ағылшын революциясы (1642–1651 жылы) кезінде сахнаға шыққан Томас Хоббс және Джон Локк есімді ойшылдардың идеялары шабыт берген еді. Сонымен, әлемнің қозғалу бағытын толықтай өзгерткен бұл қандай идеялар еді? 

ЖАЛПЫ «АДАМ ҚҰҚЫҒЫ» ИДЕЯСЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?   

Адам құқығы мәселесі өте ерте заманынан бері «табиғи құқық» деген ұғыммен қызу талқыланып келді. Бірақ адамзат өркениеті модерн дәуірге аяқ басқанда ғана бұл ұғым қазіргі қолданыстағы түсінікке жақындады. Адам құқығы тақырыбы «қоғамдық келісім» идеясымен қатар туды. Ал «қоғамдық келісім» дегеніміз не? Саяси тәртіп пен заң болмаған алғашқы «табиғи жағдайда (мемлекетте)» адам шексіз еркіндікке ие еді. Ұрлық жасауға, кісі өлтіруге, яғни «барлық нәрсеге құқығы» бар кезде тоқтаусыз соғыстар болып, адам үнемі қауіп-қатер астында, хаоста өмір сүрді. Осы қауіптен құтылып, бейбіт, алаңсыз өмір сүру мақсатында адамдар ерікті түрде қоғамда белгілі бір заңдық тәртіп орнату үшін бір-бірімен келісім жасайды. Бұл ерікті келісім бойынша адамдар өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір адамды (суверен) не адамдар тобын (ассамблеяны) басшылыққа сайлайды. Осы арқылы адамдар өз қауіпсіздігі үшін өзінің шексіз еркіндігін шектеу құзырын өзі сайлаған өкілге сеніп тапсырады. Бұл өкіл қоғамдағы тәртіпті сақтауға, әділ қызмет атқаруға жауапкершілік алады. Сөйтіп осындай ортақ келісім бойынша азаматтық қоғам қалыптасады және қоғамның басқа мүшелерінің құқықтарына құрметпен қарауға міндеттеме алу арқылы біз нағыз азаматттық құқықтарға ие боламыз. Томас Хоббс ағылшын ойшылының «Левиафан» атты әйгілі кітабында айтқан бұл идеясы осы бүгінгі адам құқығы түсінігінің теориялық тұрғыдан қалыптасуына ерекше әсер еткен еді. Әрі қарай бұл идеяны Локк, Жан-Жак Руссо сияқты ойшылдар қайта қарады, толықтырды, дамытты.  

АЛ АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ЗАҢДАСТЫРҒАН КІМ? 

Қазіргі біздің түсініктегі адам құқықтары мәселесін заңдастырып, бекітуге ықпал еткен Джон Локк болды. Ол — сол кездегі Ағылшын революциясынан кейін орнаған және бүгінгі күнге дейін Ұлыбританияның мемлекеттік басқару формасы ретінде сақталып қалған конституциялық монархияның теоретигі. Ортақ қауіпсіздік үшін адамдар қоғамдық келісім арқылы ерікті түрде өздері тағайындаған биліктің бастапқы өз жауапкершілігі мен міндетін ұмытып, өзін сайлаған адамдардың құқығын таптайтын өктемдікке ұмтылуын Локк аяусыз сынады.  Ойшыл осыған байланысты қазіргі біз қолданып жүрген заң ғылымындағы «авторизация» (өкілеттілік беру) ұғымын енгізді. Локк «егер атқарушы билік өз қызметін әділ атқармаса, оған өкілеттілік берген қоғам мүшелері оның өкілеттілігін тоқтатуға құқылы» идеясын ұсынды. Заң шығарушы билік, атқарушы билік және сот жүйесі үйлесімділікте жұмыс істейтін мемлекеттің негізі — халық. Егер осы институттар халық сенімінен айырылса, онда мемлекеттің негізіне қауіп төнеді. Ал бұқараның саяси сауаты — абсолютизмге жол бермеудің кепілі. Ағылшын парламенттік монархиясының (қазірде батыстың көптеген мемлекетінің басқару формасы ретінде қалып отыр) ресми иделогы саналатын Локктың бұл ойы «ағарту дәуірінің іргесін қалады» (Ницше). Адам құқықтарын заңдастырған тарихтағы алғашқы құжаттар саналатын «Тәуелсіздік декларациясы» мен «Адам және азамат құқықтарының декларациясында» оның бұл идеялары  заң ретінде жазылды.   

Ал енді адам құқығы идеясының белгілі бір дәрежеде діни сеніммен байланысы бар ма? Бұл сұрақтың туындау себебі жоғарыда аты аталған ойшылдардың барлығы сол кездегі шіркеу билігінің мемлекеттік іске араласуына қарсы шығып, бұл екі институттың қарым-қатынас тәртібін бекітіп берген еді. Әрі олардың сол уақытта адамның таңдау еркіндігіне сезімтал қарайтын пуританизм, кальвинизм сияқты діни бағыт идеяларымен де жақсы таныс болғаны анық. Бірақ бұл мәселе төркінін діни сеніммен байланыстыру емес. Біз не десек те, адам құқығы мәселесін көтеруге ықпал еткен бұл идеялар, әрине, сол кездегі қоғамның орта ғасырлық түнектен шығып, рухани оянуынан кейін пайда болғаны сөзсіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы